МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БОЛСА ДА, ӨЗ ІСІН ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР

502 көрілім

«Қалауын тапса, қар жанар» демекші, қазіргі уақытта елімізде өз идеясын іске асырып, табысқа кенеліп отырған жандар аз емес. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, ел қатарлы еңбек етіп жүргендер де жетерлік. Осындай жігерлі, шектеулі мүмкіндігін шексіз ізденіске айналдырып, көпке үлгі болып жүрген кәсіпкерлердің бірі – түркістандық Мұхаммедәлі Тасқынбаев. 

Біздің кейіпкеріміз өзі секілді екі серіктесімен бірге облыс орталығынан компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашқан. Оның айтуынша, осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған орталыққа қажетті құрал-жабдықтардың біразын несиеге, қалғанын туған-туыстардың демеуімен сатып алған. Бастапқыда жұмысты құжат көшірмесін жасау, фото шығару сынды қарапайым қызметтен бастаған олар уақыт өте келе электронды порталдан кілт ашу, анықтама алу, бейнемонтаж жасау қызметтерін де меңгеріп алған. Ал, табыс жайлы сөз қозғағанымызда Мұхаммедәлі «асып-тасып жатпаса да, өзімізге жетеді, өз қажеттілігімізді өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз» деп қысқа қайырды. 

– Ғимаратты жалға алып, ай сайын 40 мың теңге төлеп жатырмыз. Коммуналдық қызметке бөлек төлейміз. Әзірге мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмадық. Біраз уақыт бұрын бірнеше жобаға қатыспақ болған едік. Бірақ, көптеген кедергілер пайда бола кетті. Мысалы, бір кездері мені бірінші топтағы мүгедек болғаным үшін 500 мың теңгелік, 3 миллион теңгелік жобаларға қатыстырмай қойған. Тіркелу үшін жұмыспен қамту орталығынан «жұмысқа жарамды» деген құжат алып келу керек екен. Ал, ондай құжатқа мүгедек адамның қол жеткізуі қиын ғой. Түрлі жобаларға өтініш жібереміз, бірақ жауапсыз қалады. Тағы бір байқауға қатысып, бақ сынап жатырмыз, нәтижесі әлі белгісіз, – дейді ол. 

Бұл орталықты ашып, жұмысын дөңгелетіп келе жатқан Мұхаммедәлі, Еркебұлан және Анарбай есімді жігіттердің үшеуі де бірінші және екінші топтағы мүгедектер санатына жатады. Кәсіпкер Мұхаммедәлінің ойынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекпен ғана күн көруі қиындау.– Мысалы, біз дені сау адамдар сияқты автобуспен жүріп, жалпыға ортақ арзан моншаға түсе алмаймыз. Бір жерге бару үшін тек қана такси жалдауға тура келеді. Ал, оның бағасы арзан емес. Моншаға барсақ, тым құрығанда қасымызда бір адам жүреді. Оның үстіне, кім болса да төрт қабырғаға қамалып отырғаны дұрыс емес қой. Ондай болса, өмірге деген көзқарас та, денсаулық та нашарлай береді. Әрі «мен мүмкіндігі шектеулі жанмын» деп ешкімге масыл болғым келмейді.

Сондықтан, өзіміз би, өзіміз қожа болуды қалап, өз кәсібімізге кірісіп кеттік, – дейді ол. Сондай-ақ, олар қызу тірлікпен алысып жүріп, «замандастарға амандық тілейміз, тағдырластарға мақсатқа жету үшін ешқашан мойымаңыздар, білім алсаңыздар, көптеген мүмкіндіктер есігі ашылады дегім келеді» деп, кеңестерін де айтты. Жалпы, өскелең ұрпаққа, қоғамға үлгі болатын азаматтарды айдан не аспаннан іздеп, әуре болудың қажеті жоқ. Өйткені, олар арамызда жүр. Тек өзіміз көрмейміз, бағаламаймыз.

Бауыржан ЕРМАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы