ТҮЛЕГЕН ТҮРКІСТАННЫҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТАБИҒАТЫ

663 көрілім

(Жалғасы. Басы газеттің №33 санында).

Екінші су көзі Шоқытастың маңындағы көптеген бұлақтардан құралып Қараөзен деген жылғаға айналады да басын Шаға шатқалындағы Қайнарбұлақтан алатын жылғамен қосылып Шаға өзеніне айналады. Ол Шаға елдімекенінен өтіп Жоғарғы Ташанаққа жетіп жоғалады, жалпы ұзындығы 21 км.

Тағы бір су бастауын биіктігі 1475 метрлік Аққұз шыңы айналасындағы бұлақтардан алатын Құрысай өзені бір кездері Шағаға дейін жеткен, әлі күнге ізі де сақталған. Бұл өзен қазіргі күні Кентау – Ащысай жолынан өткен соң жоғалады, жалпы ұзындығы 35 шақырым шамасында. Кезінде бұл жазираның елді мекендері, негізінен, бұлақ бастауларында қалыптасқандығына Бершінтөбедегі осы аттас бұлақ, қасындағы Қаратөбе түбіндегі Табақбұлақ, Шаға ІІ қонысындағы Жиделібұлақ, одан жоғары Құмбұлақ, Қозыбайбұлақтар дәлел болады, бұл елдімекендер бұдан екі мың жыл бұрын қалыптасқан отырықшылық ескерткіштері.

Шаға жазирасын Шағаөзен, Қараөзен, Құрысай өзеншелері, Қотырбұлақ, Қарабұлақ, Қайнарбұлақ, Қалдарбұлақ, Тасбұлақ, Табақбұлақ, Метбұлақ, Мүсәлібұлақ, Ақбұлақ, Сасықбұлақ су көздері мен Найсаб, Арнасай, Қайнар, Ташанақ, Шұқырұзын арықтары суландырған. Бұлардың ішінен «Ташанақ, Қошкурган, Чага, Суки Таш (Шоқтас), Карабулак» сияқты арықтар Ахмет Ясауи әулетіне қатысты «Насабнама» – шежіресі түрлерінде кездеседі. Аталған су көздерінің бойында Бершінтөбе, Шаға ІІ, Шаға ІІІ, Қотырбұлақ, Шаға І, Тағайыната, Қосқорған, Әбд әл-Мәлік-Ташанақ, Жоғарғы Ташанақ сияқты қалалар мен қоныстар орналасқан.

VІ. Иқан кіші жазирасы Түркістан ауданының оңтүстік-шығыс шекарасына орналасқан. Алғашқы ірі су көзін Сырнай бұлағы мен Иқансу жылғасы құрайды, оларға Талдысай және Талдыбұлақтанбіріккен жылға қосылып Иқансу өзеніне айналады да Ибата (Ибадулла ата) елді мекенінен өтіп Ақтөбе ауылы тұсына жетеді. Мұнда ол «Атқы» деген атпен де белгілі, сірә, егіс суаратын атпа құралы-на байланысты болса керек. Әрі қарай Иқаннан өткен соң ерте ортағасырлық Майбалық қалашығы маңындағы егістікке тарап кетеді.

Жазирадағы ең үлкен су көзі Көкқиясай. Тау ішінде Терісаққан, Тұрлан, Рабатбұлақ қосылып Тұрлан жылғасын құрайды да Ащысайда оған Төртқара, Ақжарсай бұлақтары қосылып Көкқиясай өзеніне айналады. Иқансумен қатар аққан ол Ибатаға, одан әрі Ақтөбе ауылына дейін келеді де оңтүстікке бұрылып Арыс-Түркістан каналына жеткен соң Иқансудың ескі құрғақ арнасына түседі, одан әрі Түркістан-Шымкент жолынан өтіп дренаж ретінде қазылған арнамен Синақкөлге құяды. Бұл Қарашықпен бірге қысы-жазы ағатын аудандағы екінші өзен, оның жалпы ұзындығы 73 шақырымды құрайды.

Жазираның үшінші ірі су көзі Шылбыр және Раңдысай, бұлақтарынан құралады. «Шылбырөзен» деген атпен белгілі бұл су көзі Қарақұдық қыстауынан 10 км өтіп барып егістікке тарап кетеді, жалпы ұзындығы 42 км.

Шекарадағы бұл жазираны Иқансу, Көкқиясай, Шылбыр өзендері мен Сасықбұлақ, Орманбұлақ, Көкбұлақ, Кішкенебұлақ және Бозтан, Иқансу, Шылбыр арықтары суландырады. Су көздерін бойлап Ақтөбе, Майбалық, Дәуленбайтөбе, Жаңа Асар, Ибата, Жүсіпата, Иқан қалалары мен қоныстары орналасқан.

VІІ. Қарашық, Шаға, Тамдыөзек кіші жазираларының ортасына осы аумақтағы ең кіші Шауғар жазирасы орналасқан. Оның жерін Жіңішке, Баулық, Сүйірарық, Ортақ, Дарбаза, Базарарық, Қазына, Беглік арықтары мен Жұқа кәріз, Бірлік кәріздері, Құмшық ата кәрізі, Кәрізарық сияқты су көздері суландырған. Арықтардың ең ірісі Жіңішке, ол басын Оранғайдағы Қожа тұмасынан алып, Түркістанға солтүстігінен ағып кіріп Ортақ егіс алқабын (Орталық базар, ЖБИ, Түрме орналасқан жерлер) суғаруға пайдаланылған. Кешеге дейін ағып жатқан бұл судың жалпы ұзындығы 20 шақырымға жуық болатын, одан бөлініп шыққан Дарбаза арығы «Ясы» қонақ үйінің түбінен Түркістан қаласының сыртын қоршаған орды суға толтыратын. Бұл орға Тастақ жылғасы мен Баулық арықтары да өз суын құйып, артық су Еврей мазараты алдымен ағып шығып темір жолға қарай бұрылып кететін. Аталған су көздері жазирадағы Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе, Төрткүл-Сури, Шойтөбе І, ІІ, Ескі Түркістан қалалары мен қоныстарын, оларды қоршаған егіс алқабы мен бау-бақшаларды суландырған. ХІХғ. орыс жазба деректерінде Түркістан қаласын қоршап 70-тен аса бақтың орналасқандығы жайлы жазылған.

VІІІ. Ауданымыздың оңтүстік-шығысында Бөген, Көкқиясай, Иқансу өзендері мен жер асты суларынан нәр алатын Шошқакөл, Синақкөл, Қалғанкөл және Қалдықкөлдерден құралған үлкен су қоры орналасқан, олардың жалпы ұзындығы 25, ені – 6 шақырымды құрайды. Көлдер тұзды, саяз, жазға қарай тартылып кетеді, дегенмен, түрлі балықтар, құстар мекені болып табылады. Осы көлдердің ең батысындағы Қалдықкөлден Тамдыөзек арнасы ағып шығып оңтүстік-батысқа қарай 35 шақырымдай жерден өтетін Сырдарияға құяды. Ол дариямен Қамыстықақ өзегі арқылы жалғасады. Ежелгі дәуірде Тамдыөзектің жағасы мен Қалғанкөл, Шошқакөлдердің жағаларында елді мекендер өмір сүрген. Олар Қостөбе, Күншағыр, Құлантөбе, Қошқарбайтөбе деген атаулармен белгілі. Тамдыөзектің бойында Ақтөбе, Қорыстөбе қалашықтары, Сырға жақын тұсында Төрткүл-Қаратөбе қаласы орналасқан. Тамдыөзек кіші жазирасы деп аталатын бұл өлкенің жері егіске қолайсыз сор болып келетіндіктен негізінен мал шаруашылығы дамыған деп есептейміз, сонымен бірге, Иіркөл, Шаршынкөл, Соркөлдер мен Сырдарияда балық аулау ісі де жолға қойылған деп жобалаймыз.

Түркістан жазирасы тұрғындары негізінен түсті және қара металл қорыту мен өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы, балықшылық, аңшылық, қол өнері мен сауда-саттық кәсіпшіліктерімен айналысқан.

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ ТАРИХЫНА ШОЛУ

Біз осы территорияны мекен еткен тайпалар мен халықтардың саяси тарихи өмірінің негізгі кезеңдеріне ғана тоқталмақпыз.

Бұл жерде өмір сүрген адамдар өмірінің ізі ерте палеолит дәуірінен бастап кездеседі. Қосқорған, Шоқтас елді мекендерінен алғашқы адамдардың аңшылық құрған, аулаған аңдарын іреп, терісін сылған қысқа мерзімдік тұрақтары табылды. Олардың зерттелгені әзірге жетеу – Қосқорған 1,2; Шоқтас 1,2,3,4,5. Бұлардан табылған жабайы аң сүйектерінің жасы б.з.д. 522-501 мың жылдар мен 448-427 мың жылдар аралығын құрайды, яғни, бұл аңдар бұдан жарты миллион жыл бұрын өмір сүрген. Сүйектермен қоса табылған тас құралдардың түрлері де мерзімделуі жағынан сол заманға – ерте (төменгі) палеолит дәуіріне сай келеді. Адамдар атқылап жатқан қайнар бұлақтарға су ішуге келген жабайы аңдарды аулап етін қорек етіп, терісін киім, төсеніш еткен. Тас құралдарды да осы маңдағы тау жыныстарынан дайындап отырған. Ерте палеолит б.з.д. 2 миллион жылдан 140 мың жылға дейінгі аралықты қамтиды. Ерте (төменгі) палеолиттен соң жоғарғы палеолит кезеңі (б.з.д. 140 мыңнан 12 мың жылға дейінгі аралықты) келеді, онан соң Мезолит (б.з.д. 12 мыңнан 7 мыңға дейін) дәуірі, одан кейін келетін Неолит кезеңі б.з.д. 7 мың жылдан 4 мыңыншы жылдар аралығын қамтиды. Бұлардың барлығын адамзат тарихындағы «тас ғасыры» деп атайды. Бұл кезде адамдар от жағуды, садақ, найза, пышақ жасауды, егіншіліктің ең алғашқы түрлерін игеріп жабайы аңдарды қолға үйрете бастады және жер шарының түкпір – түкпіріне түгел қоныстанды.Осы кезде кен қорытуды игере бастады да оның ең алғашқысы мыс, қорғасын болды. Бұл кезеңді – Энеолит – мыс заманы дейді, ол б.з.д. 3 мыңыншы жылдардан 2 мыңыншы жылдардың басына дейін созылды. Сонан соң адамдар мыс пен қорғасынды, мыс пен қалайыны, мыс пен мырышты қосып қорыту арқылы қола жасауды үйренді, бұл мысқа қарағанда анағұрлым қатты және төзімді металл болатын, солайша адамдар құрал – сайман, қару – жарақ, ыдыс – аяқ барлығын қоладан жасай бастады. Қола дәуірі б.з.д 2000 жылдан VІІІ ғасырға дейін созылды.Тас ғасырынан Түркістан ауданында тек палеолит кезеңі ғана зерттелген, олар жоғарыдағы Шоқтас, Қосқорған тұрақтары. Ал, мезолит, неолит кезеңдеріне жататын құрал – саймандар, ыдыстар Қаратаудың солтүстік беткейінен ғана табылған.

Б.з.д. VІІІ-ІV ғғ. аралығы сақ (скиф) кезеңі деп аталады. Бұл заманға қатысты сақ қорғандары Қаратаудың ішкі қойнауларында, Сырдарияның жағасында кездеседі. Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 6 км жерде Шербай қорымы орналасқан, бұл қорым Қола дәуірінде (б.з.д. ХVІ-ІХ ғғ.) қалыптасып, кейінен сақ дәуірінде де (б.з.д. VІІІ – ІVғғ.), тіпті, түркі кезеңінде де VІ-VІІІ ғғ. пайдаланылған.

Мұндай қорымның тағы бірі қазіргі Жүйнек (бұрынғы Коммуна) елді мекенінің оңтүстік – шығысында 2 км жерде орналасқан. Одан да қола дәуірі мен Сақ – үйсін кезеңіне (б.з.д. ІІІ – б.з. ІІІ ғғ.) және Түркі дәуіріне (VІ –VІІғғ.) жататын мазарлар табылды. Тарихқа Шыпан қорымы деген атпен енген бұл ескерткіш әлі де зерттеуін күтіп жатыр.

Бұл өлкеде Қола дәуірінде өмір сүрген адамдар Андронов мәдениетін жасаушылар деп есептеледі, бүкіл Оңтүстік Орал, Батыс Сібір, Қазақстан территорияларында осы мәдениет тарағаны белгілі. Жоғарыда сақ дәуірінде бұл өлкеде өмір сүрген тайпалар жайлы әңгіме еткенбіз.

Б.з.д. ІV ғ. Александр Македонскийдің (Ескендр Зұлқарнайын) жорығы кезінде Яксарттың (Сырдың) арғы бетіндегі (Сырдың оң жағалауындағы, яғни, Ташкент, Шымкент, Қызылорда облыстары) сақтардың басқыншыларға қарсы тұрғаны және Александрдың басып алған жерлеріне бірнеше қала мен бекіністерді салуға мәжбүр болғаны, сонымен бірге, Сырдың оң жағалауына жорық жасағаны жайлы деректер бар. Бұл қалалар мен бекіністердің қайда салынғаны жайлы ғылымда әлі талас пікірлер баршылық.

Ежелгі заман тарихшылары Александр әскерінің Сырдариядан сусыз шөл даланың тұсында өткенін жазады, яғни, бұл Сырдың орта ағысына – Қызылқұмға тура келеді. Сонымен бірге, тарихшылар мұнда тұрған халықты отырықшы және көшпенді деп ерекше бөліп қарастырмайды, керісінше бір тайпалық одақ-тың ішінде отырықшылары да, көшпенділері де бар екендігін жазады. Диодор сақтардың ішінде отырықшылары бар екенін атап өтіп, сақ патшасы Заринаның қалалар салдырғанын хабарлайды. Страбон болса, сақтардың негізгі басым бөлігі көшпенділер екендігін айтады.

Ал, Арриан болса Александрдың Сырдың сол жағалауындағы қалаларда тұратын сақтардың көтерілісін басқандығын жазады. Бұл өлкені сақтармен қатар сарматтардың да мекендегенін соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулер көрсетіп отыр.

А.ЕРЖІГІТОВА, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі Археология бөлімінің меңгерушісі. (Жалғасы бар).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы