Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударуда. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, «Ауыл Аманаты» атты жоба қолға алынды. Айта кетейік, бұған дейін, «Ауыл аманаты» жобасы пилоттық режимде Жамбыл облысында алғаш жүргізіліп, оң нәтиже берген. Жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Ауылшаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытып, оларды өңдеу, жеткізу, сатумен айналысатын кәсіпкерлердің саны артқан.

Жоба Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында қолға алынып отыр. Мұндағы мақсат ауылдағы жұмыссыздықты жою, ауыл халқын жеке кәсібін дөңгелету арқылы табыс табуға үйрету және кәсіп игеруге ықылас білдірген азаматтарға қолдау көрсету. Осы орайда бүгін, Сауран ауданының Майдантал ауыл округі, Ынталы, Қаражон елді мекені тұрғындарымен кездесті Партияның мобильді тобының мүшелері ауыл тұрғындарына жобаның мақсаты мен міндетін, табыс табудың жолдарын түсіндірді.

Сарапшы маман Әзімбай Жандостың айтуынша, жоба ауылдықтарға кәсіпті бірлесе кооперация құру арқылы жүргізіп, ауқымды іс бастауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Үкіметтен де қолдау бар. Яғни, 2,5 пайызбен несие алып, кәсібін дөңгелетуге мол мүмкіндік бар екендігін жеткізді. «Ауыл аманаты» жобасымен танысқан азаматтар жоба аясында қызықтырған сұрақтарын қойып, өздерінің бизнес идеяларымен бөлісті, жобаны жетілдіру бойынша ұсыныстарын да жеткізді. Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдаған топ мүшелері барлық идеялар жинақталып, жобаға толықтырулар енгізуге мүмкіндік беретіндігін айтты.