«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі». Осылай аталған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы елімізде кеңінен талқылануда. Бұл ретте Түркістан қаласы әкімдігінің бастамасымен қалалық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, өз жұмысына кірісті. Онда әкімдіктің бөлім қызметкерлерінен бөлек, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері бар. Жұмысшы топ Түркістан жоғары медицина колледжі мен қалалық емханаға табан тіреп, жастармен және денсаулық сақшыларымен жүздесті. Келелі кездесу барысында Жолдаудағы басым бағыттырға мән беріліп, жіті сараланды.

«Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында алдағы төрт жылда мұғалімдердің еңбек ақысын екі есеге арттыруды тапсырып, Жолдауда ұстаздардың жалақысын 2020 жылдан бастап 25 пайызға өсетіндігін айтқан болатын. Бұл әрине білім саласына баса назар аударып, еліміздің болашағы саналатын жастардың терең біліммен сусындауына жол ашылып, ұстаздардың еткен еңбегінің еленгені деп білемін. Сондай-ақ, орта білім беру жүйесінде үш тілді меңгеру тілге тиек етілді. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» демекші ана тіліміз алдыңғы орынға қойылып, сонан соң шет тілін меңгерген баланың болашағынан күтеріміз көп болмақ», – деді Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ақерке Сәрсенбаева өз баяндамасында.


Жиын барысында сөз алған Түркістан жоғары медицина колледжі жастар ұйымының жетекшісі Бақытжан Дүкенбай жастарды Жолдауды қолдауға шақырды. Тұрақтылық пен бейбіт өмірге бастайтын маңызды құжаттағы мәселелерге тоқталып, көреген көшбасшының сарабдал саясатын қоштайтындығын жеткізді. Сонымен қатар, қалалық емханада жалғасын тапқан кездесуде облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі Сәрсенбай Дүйсенбаев пен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Шолпан Амирова жарыссөзге шықты. Жолдау жайлы пікірлерін ортаға салып, ондағы мәселелерді талдап, түсіндіріп өтті. Жиынды қалалық емхана бас дірігерінің орынбасары Ерғали Ибадуллаев қорытындылап, мәртебелі меймандарға әріптестерінің атынан алғыс айтып, істеріне сәттілік тіледі.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».