ӨНЕРПАЗДАР ҚАЗАҚ ВАЛЬСІНІҢ КОРОЛІН ƏНГЕ АРҚАУ ЕТТІ

1  394 көрілім

Бүгін қаламыздағы Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында Ш.Қалдаяқов атындағы “Менің Қазақстаным” əн байқауы бастау алды. Облыстық мəдениет басқармасы мен облыстық мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асқан байқаудың мақсаты – композитор Шəмші Қалдаяқовтың халық арасында кеңінен тараған əндерін шырқап, насихаттап, əлеуметтік желі арқылы жастар арасында талантты əншілерді анықтау, оларға кəсіби бағдар беру, орындау шеберліктерін арттыру, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету.


  Дəстүрлі өнер додасының бірінші кезеңінде қатысушылар “instagram” əлеуметтік желісінде #МеніңҚазақстанымƏнБайқауы, #конкурс хештегтері арқылы қала-аудандардан 150-ге жуық адам қатысып, нəтижесінде көп лүпіл (лайк) жинаған 22 үміткер қазылар алқасының шешімімен ақтық кезеңге жолдама алған. Яғни, бұған дейін тек шектеулі ғана көрермендер іріктеуді бақыласа, бұл жолы “Жастар жылы” аясында жастарға еркіндік сыйлап, жаңашылдықтарға орын берілген. Сонымен бірге, биыл рухани шаһарда алғаш рет өткізіліп жатқанын да айта кеткен жөн.
  Байқау алдында өткен баспасөз мəслихатында спикерлер қатусушылардың қабілетін арттыратын іс-шарадан əрбір жас өнердегі өз жолын табарына тілектес екендіктерін жеткізді.
  Естеріңізге салайық, аталмыш байқау 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл XXIII рет жүзеге асқан дəстүрлі сайыс жыл сайын тамыз айында композитор Ш.Қалдаяқовтың туған күніне орай ұйымдастырылуда. Ал, келесі жылы XX ғасырды əнмен тербеген қазақ вальсі королінің туғанына 90 жыл толатынын естеріңізге салайық.
  Шəмшітанушы, композитор, “Құрмет” орденінің иегері Қалдыбек Құрманəлі, облыстық композиторлар қауымдастығының төрайымы Құралай Сəтмұхамбетова, ҚР Мəдениет қайраткері Əлімбай Ботақараев сынды өзге де өнер саласының майталмандары қатысушыларға əділ бағасын беріп, олардың болашақта республикалық, халықаралық тіпті шетелдік сайыстарда жүлделі болуға ниеттес екендіктерін білдірді. Бұл байқаудан бұған дейін жеңіске жеткен Еркін Нұржанов, Асқар Жүнісбеков сынды талантты жандар бүгінде қазақ эстрадасының жарық жұлдызына айналғандығын да тілге тиек етіп, олардың шығармашылықтарына сəттілік тіледі.
  Айта кетейік, байқауға Түркістан шаһарымен қатар, Кентау, Арыс қалалары мен Отырар, Төле би, Шардара, Ордабасы сынды аудандардан да өнерлі жастар бақ сынады.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы