Түркістанның іргесінде құрылыс материалдарын дайындайтын зауыт іске қосылды. Жаңа кәсіпорын темірбетон өнімдерін шығарады. Құрылысы қарқынды өңір үшін жаңа зауытта жаңа технология қолданылады. Нарықта өнімге деген сұраныс өте жоғары. «EKP-GROUP 878» ЖШС жобасының құны 1 млрд теңге тұрады. Оның тең жартысы инвестордың өз қаржысы есебінен, қалғаны жеңілдетілген несиемен жүзеге асқан. Жаңа жұмыс орнында 20-ға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Жобаның келесі кезеңінде мамандар саны тағы артпақ. Ол кезде шығарылатын өнім түрлері 10-ға дейін көбейеді.
«Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы» бастығының орынбасары Серікболсын Сандыбаевтың айтуынша, мұнда өңірді дамыту жобасына қатысушыларға инфрақұрылымы жетілдірілген жер телімі жалға беріліп қана қоймай, инвестиция бөлімі арқылы тиісті құжаттарын әзірлеуге және жобаларын жүзеге асырудың мүмкіндіктерін бірлесіп қарастырады.
2018 жылы бой көтерген Түркістан облысының индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 млрд. теңге құрайтын, 44 жоба іске қосылып, нәтижесінде 2 368 жұмыс орны ашылды.

Биыл құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын 246 жаңа жұмыс орнын ашумен 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда 793 млн. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құрылды. Жалпы, өнеркәсіп өнімі көлемін 2022 жылдың қорытындысымен 751,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
«Түркістан-ақпарат».
