СОЗАҚТАҒЫ ҚҰРБАН АЙТ ЕЛ МӘРТЕБЕСІН БІР КӨТЕРІП ТАСТАДЫ

478 көрілім

Мұсылманның ұлық мейрамы -Құрбан айт мерекесін Шолаққорған ауыл округі, Абай елді мекені тұрғындары барша сән салтанатымен атап өтті. Абай елді мекенінің тұрғындары мен тумалары ұйымдастырған Құрбан айт мейрамына аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы арнайы қатысып құттықтау сөз сөйледі.

«Құрбан айт мейрамының тәрбиелік мәні зор. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін халқымыз бауырмашылдықты ту еткен. Жоқ жітікке қол ұшын созып, мұқтажға көмектесу ежелден қанымызға сіңген қасиет. Сондықтан да бұл мереке бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыруға үлкен үлес қосады», – деді аудан басшысы.

Ауданның қадірлі ақсақалдары Бүркіт Арынбеков, Сексенбай Тұрысбеков игі тіліктерін айтып, бата берді. Айтыскер ақындар жырдан шашу шашып, мереке көрігін қыздырды. Мереке аясында құрбан шалынып, тұрмысы төмен отбасыларға таратылды. Түркістан облысының бірнеше аудандарынан қонақтар келді. Ұлық мерекеде құран оқылып, ас берілді. Ұлттық ойынымыз ұлықталды. Спорттың бірнеше түрінен жарыс өтті.

Атап айтсақ, қазақ күресі мен еркін күрес шеберлері түйе палуан атағына таласты. Қазақ күресінен Тасты ауыл округінің тумасы Ғалым Таңатар чемпион болса, екінші орынды ордабасылық палуан Әділжан Ыстыбаев пен Шымкент қаласынан келген Нұрсұлтан Қожагелді иеленді. Еркін күрестен шолаққорғандық Жазылбек Беркінбаев бас жүлдені иеленді. Жеңімпазға арнайы белбеу тағылды. Жүлделі екінші орынды Акбар Елубайұлы алса, үшінші орынды шымкенттік Нұрсұлтан Қожагелді қанжығасына байлады. Жеңімпазға арнайы белбеу тағылды.

Қол күрстен 4 салмақ дәрежесінде жарыс ұйымдастырылды. Абсолютті чемпион атағымен арнайы белбеуді Ордабасы ауданынан келген Нұрмахан Қорғанбаев алды. 85 келі салмақта созақтық шебер Аблаиев Елмұрат алды. Екінші орынды Таукент кентінен келген Мұхаммед Аманәлиев еншіледі. Жүлделі үшінші орынды ордабасылық Аманжол Күлеке иеленді. Қол күрестен 65 келі салмақта ордабасылық Нұрсұлтан Қоқанұлы алса, екінші жүлдені Аман Қожақұлы, шымкенттік Айдар Айжігітов еншіледі.

Гір тасын көтеру шеберлері 2 салмақта сайыс өткізіп, 24 келі гір тасын көтеруден Нұрсұлтан Сабыр жеңімпаз болса, Рысбек Ердос екінші орын, Айдын Тауыпалды үшінші орын алды. 16 келі салмақта Орынбасар Баби чемпион атанды. Сондай-ақ Фариман Идоят екінші орын, Өскен Тілеген үшінші орын иегері болды. Сонымен қатар, гір тасын көтеру шеберлері арасында абсолютті чемпиондық атағы сарапқа салынып, жеңімпаз Қобыланды Орынбасар арнайы белбеу тағынды.

Қошқар көтеруден өткен жарыс тартысты өтіп, жарыста Ерболат Ахметов 161 мәрте көтеріп, 90 келі тартатын қошқарды еншіледі. Арқан тартыс, ләңгі тебуден сайыстар өтті.

Арқан тартыстан қазақ күресінің балуандарынан жасақталған «Барыс» командасы бас жүлдені алса, Абай елді мекенінен құралған «Абай» командасы екінші орын және «Абай-2» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.

Жасөспірімдер арасында еркін күрестен 10 салмақ дәрежесі бойынша жарыс ұйымдастырылып, жүлдегерлерге қомақты сый- сияпат табысталды.

Құрбан айт мерекесін ұйымдастырудың басында жүрген, Абай елді мекенінің тумасы, бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп жүрген Самат Қожақұлы:

«Дініміздегі ең ұлық мереке – Құрбан айтты туып өскен ауылымызда атап өттік. Халыққа жақын спорт түрлерін қамтуға тырыстық. Мереке аясында құран оқылып, ас берілді. Бұл жарысты келер жылы аудан орталығы – Шолаққорған ауылында ұсындық. Ауданымызда осындай дәстүр жылда жалғасын табады», – дейді.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы