Жұма күні Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Бірқатар аудандардағы мектептерді аралап, білім бөлімі басшыларымен кеңесіп, халықпен кездесу өткізді. Жиынға 500-ге жуық облыс тұрғыны қатысты.
Министр атқарған жұмыстары туралы ел алдында есеп беріп, қысқа баяндама жасады. Одан әрі қатысушылар өздерінің көкейінде жүрген мәселелері бойынша сұрақ қойып, кездесу диалог форматында өтті.
БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ БАЛАБАҚША
Министр баяндамасында: балабақшалар бойынша 2025 жылға дейін біліммен қамту 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жеткізу жоспарланған еді, бүгінде балабақшамен қамту 99 %-дан асты. Бұл әрине, өте жақсы көрсеткіш деді. «Сан жағы осылай, ал сапа жағы ше? Өздеріңіз де БАҚ арқылы хабардарсыздар: кейінгі кезде тәрбиешілердің балаға дұрыс қарамауы, қол көтеруі секілді факторлар кезігіп қалады. Балабақша баланы бағу ғана емес, тәрбие, білім беру мекемесі. Сол себепті балабақшалардың сапасын арттыру бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екі бағыт бар: біріншісі балабақшаларды лицензиялау мәселесі. Бұл балабақша ашып жүрген кәсіпкерлерге ұнамауы мүмкін. Кәсіпкер мүддесін емес, баланың мүддесін бірінші кезекке қоямыз. Сондықтан лицензиялау қажетті, кезек күттірмес шараның бірі. 2011 жылдан басталған жүйенің нәтижесінде жеке балабақшалар көптеп ашылды. Мемлекет қолдап жатқандықтан енді оның сапасын талап етуіміз заңды. Екіншісі мемлекеттік тапсырыс алып отырған балабақшаларға талапты күшейту. Лицензия стандарттарға сәйкес келгенде ғана берілуі керек. Стандарт деген не? Ол санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі сақталуы, бейнекамерамен қамтылуы, баламен жұмыс істейтін педагог мамандардың біліктілігі, балабақшадағы топтардың типтік стандартқа сәйкес келуі. Жоғарыда айтқан баланы ұрып-соғу факторларын зерттеп, талдау жасағанымызда: 40-50 балаға 1 тәрбиеші бекітілген балабақшалар болған. Мұндай жағдайда қандай мықты тәрбиеші болса да 5-6 күннен кейін оның жүйкесі сыр береді. Типтік стандарт бойынша бір топта әрі кеткенде 25 бала болуы керек. Бұл кеңес кезінен келе жатқан ереже, қазіргі кезде де солай. Тіпті, сол 25 баламен 2 тәрбиеші: түске дейін біреуі, түстен кейін екінші тәрбиеші жұмыс істеуі тиіс».
Ведомство басшысы мектепке дейінгі мекемелердің материалдық-техникалық базасы ғана емес, тәрбиешілер-дің де жалақысын көтеру басты назарда тұрғанын айтты. Мектептермен қатар балабақшалардың да, колледж мұғалімдерінің де жалақыларына жыл сайын 25% үстеме қосылатынын жеткізді. «Балабақшадағы тәрбиеге аса зор мән беруіміз керек. Зерттеулер көрсеткендей, баланың дамуына жұмсалған 1 теңге мемлекетке 8 теңге болып қайтатыны ғылыми дәлелденген. Өйткені, баланың интеллектісінің дамуы, зердесінің қалыптасатыны осы кезең екен», – деді Асхат Қанатұлы.
ОРТА БІЛІМ ОЙЛАНДЫРАДЫ
Министрдің мәліметінше, бүгінде ел көлемінде 3,6 млн бала 7500 мектептерде білім алып жатыр. Мектептердің саны бойынша да елімізде алғашқы орында тұрған біздің облыс екен. «Облыстың 10-нан аса мектептерін аралап шықтым. Жақсы да мектептер бар, проблемалар да жеткілікті. Жасыратыны жоқ, бұған дейін мектепке кездейсоқ жандар келетін. Алдыңғы жылдары мұғалімдік мамандыққа тапсыратын талапкер 50 балл көрсеткішпен түсетін. (Қарап отырсақ, ең білімсіз талапкерлерді мұғалімдік мамандыққа қабылдап келген екенбіз ғой). Біз 75 баллдан төмен жинаған талапкерді қабылдамау туралы ереже бекіттік. Қазір орташа балл 100, шектік балл – 75 болды. Меніңше, қазіргі 1-2 курста оқып жүрген студенттер бітіріп шыққанда, мектепке білімді кадрлар келеді деп ойлаймын. Екінші мәселе, мектептердегі қағазбастылықты жойдық. Бүгінде, мен қол бұйрық бойынша мұғалім екі-ақ құжатты толтырады: 1. Kundelik.kz электронды журналын жүргізеді; 2. Өзінің сабақ жоспары. Бітті басқа құжатқа ұстаз бас ауыртпайды, тек қана сабағына дайындалып, балаға сапалы білім берумен айналысуы керек. Бұйрықты бұзған басшыны жауапкершілікке тартамыз. Алдыңғы жылы 700-ге жуық басшыны осы бұйрықты бұзғаны үшін жауапкершілікке тарттық. Бізде педагогикалық мамандықтар бойынша үлкен проблема болды. Республика бойынша 86 университет педагог кадрларын даярлап келді. Саны бар сапасы жоқ ЖОО-лар көп болды. Алдыңғы жылы біз педагогикалық мамандықты бітірген түлектер үшін арнайы емтихан-тест енгіздік. Бітірген мамандығы бойынша мектеп бағдарламасы деңгейінде құрылған тест тапсырттық. Сол тестті бітірушілердің 6%-ы ғана тапсырып шықты. Осы тест нәтижесінен-ақ елде сапасыз ЖОО-лар қаптап кеткеніне көз жеткізуге болады. Мониторинг жүргізіп түлектері тесттен өте алмаған 36 ЖОО-ның лицензиясын кері қайтардық. Енді бұдан былай кез келген, кездейсоқ адам мектепке кіре алмайды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, қоғамда мұғалім мәртебесі айқындалды. Бұрын мұғалімдер тікелей міндетіне кірмейтін функцияларды атқаратын. Пайдасыз түрлі іс-шараларға қатысып, көше аралап, қоғам жұмысына ретсіз жегілетін. Қазір жағдай өзгерді, себебі педагогтар заң бұзылған жағдайда құқықтары қорғалатынын біледі».
Биылғы жаңалық – 1 қыркүйектен бастап 1 сынып баласы ана тілімен қатар, орыс, ағылшын тілін оқымайды. «Балаға бірден үш тіл оқыту ауыр болады. Бұл өте маңызды шешім, мұны да жүйелі жүргіземіз. Мектептерде тиісінше (бастауыш буын) тегін түскі аспен қамтылады. Балалардың тамағының сапасы, ас мәзірі, асханалар бойынша мемлекеттік тапсырыстар өткізілген тендердің әділдігі, жалпы осы мәселелер бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Болашақта ата-аналар баласының қандай ас ішіп отырғанын көре алатындай, баланы тамақтандырудың сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғыстырамыз», – деді ведомство басшысы.
Облыста үш ауысымды мектептер, мектеп ғимараттарының жетпеуі өзекті мәселе. Халықтың өсімі бар, елде қалалану үрдісі жүріп жатқандықтан өңірде бұл мәселе бар екені мәлім. Министр бұл жөнінде: «Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген болатын. Алдыңғы жылы жоспар бойынша 200 мектеп салу керек болса, 277 мектеп салдық. Биылғы жылы тағы да 225 мектеп пайдалануға беріледі. Жыл сайын 200-250 мектептен салып отырсақ, онда бұл мәселені шешуге болады», – дейді. Алайда, мектеп салуды науқанға айналдырмауды, типтік мектеп мемстандартқа сай болуы керектігін айтып өтті. «Типтік мектеп стандарт өлшемін де жаңартып жатырмыз: бұрынғыдай 1 спортзал, 1 акт зал жеткіліксіз. Бүгінгі типтік мектепте бірнеше спорт залы, роботты техника, лингафон кабинеті, т.б. бала білімді болуы үшін қажетті заманауи құрылғылары болуы керек. Мектептің материалдық-техникалық базасы лайықты болуы керек. Мектеп материалдық-техникалық базамен шектелмейді, онда жұмыс істейтін білімді де білікті мамандар даярлау қажет. Ең үлкен, ең күрделі мәселе білікті педагог даярлау мәселесі. Оқумен қатар тәрбиеге ерекше мән беруіміз керек. «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолға алдық. Дебат қозғалысы, сөз өнерін дамыту, т.б бастамалар бар. Балаларды әдебиет, кітап оқуға баулуымыз керек, еңбекке тәрбиелеуіміз керек. «Ерекше білімді» қажет ететін балаларды ескеріп, инклюзивті білімді дамыту үшін үлкен жұмыс жүріп жатыр. Биылғы балалар жылының шеңберінде дарынды балаларды қолдау бойынша жақсы бастама бар. Бұған дейін балалар халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын алса да басқа балалармен қатар мемлекеттік грантқа таласатын. Енді президенттің шешімімінен биылдан бастап, халықаралық олимпиадалар жеңімпазы болса, автоматты түрде ҰБТ тапсырмай еліміздің кез келген ЖОО-ның грант иегері атанады әрі бір реттік қолдау қаржысын алады. Сонымен қатар, оларды дайындаған тәлімгерлеріне де қаржылай ынталандыру беріледі. Мектеп көліктері жаңартылады. Колледждерге қосымша 45 мың грант беріліп жатыр, оның он мыңы осы облысқа тиесілі. Жалпы, колледждер бойынша да үлкен өзгерістер бар. Академиялық дербестік беріп жатырмыз. Гранттарды жылма-жыл арттырамыз. Колледждерге түсу үшін емтихан тапсырмай мектептегі орташа балы бойынша қабылдау ережесін енгізу секілді жұмыстар басталып кетті».
Министрлік Алматы, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстары бойынша үлкен жобаны қолға алыпты. Білім беру сапасын көтеру мақсатындағы бұл жоба аясында бүкіл республикадан мықты, білікті мамандар осы облыстарға тартылмақ. Осы жобамен аталған облыстарға барған тәжірибелі, талантты мұғалімдерге екі жарым есе көлемінде (790 мыңға дейін) жалақы төленетін болады. Сонымен қатар, мектеп директорларын ротациялау үрдісі басталған. «Республикада 500-ге жуық мектеп директорлары ротациядан өтті. Мектеп директорлары бір мектепте 7 жылдан артық отырмауы, осы мерзімнен кейін білімі мен тәжірибесін жаңа ұжымда танытуы керек деп есептеймін. Мектепке мұғалім қабылдаудың да жаңа ережесі жүзеге асуда. Бұрынғыдай мұғалім қабылдауды директор тек өзі шешпейді. Конкурстан өтіп цифрландыру жүйесі арқылы жұмысқа орналасады», – деді министр.
Оқу-ағарту министрі өзіне қойылған барлық сұрақтарға жан-жақты талдап, нақты жауап берді. Үш сағатқа созылған жиында білім саласының қызметкерлері, ата-аналар қауымы, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, журналистер өздерін мазалаған сұрақтарына жауап ала алды. Бірқатар азаматты кездесуден кейін жеке қабылдап, арыз-тілектерін тыңдады.
P.S Сұрақтар мен залда өрбіген әңгіме ауанынан облыстың білім саласында қордаланған түйткілді мәселелердің аз емес екенін аңғарғандаймыз.
Әтіргүл ТӘШІМ.
