Елімізде екінші деңгейлі банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына келуші адамдардың қарасы қалың. Бірі «менің қарызым неге жабылмады?» десе, енді бірі «мен қарызы кешірілетін адамдардың тізімінде бармын ба?» деп сұрау салып келген борышкерлер. Өздеріңізге мәлім Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» 2019 жылғы 26 маусымдағы № 34 Жарлығына сәйкес кредиттерді өтеу басталған болатын. Нәтижесінде көпбалалы және мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жетім балалардың қарыздары өтелуде.
Несиесі төленгендердің бірі Айдархан Қуандықов. Алғашында бұл жаңалықты естіп аса мән бермеген көрінеді. Зайыбы Күнімаймен бірге ХҚКО барып, тізімде есімдері бар-жоғын анықтаған. Қарызы өтелетіндердің қатарында екендігін білген олар банкпен байланысып, ай сайынғы төлейтін 40 мың теңге несиесінің 19 мыңға азайғанына көздері жеткенде қуанышында шек болмаған. «Мемлекетімізде халықтың тұрмыстық деңгейін көтеру үшін көптеген көмектер берілуде. Бұдан бұрын атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген едік. Енді міне Президенттің Жарлығымен қарызымыз өтеліп, қуанышқа кенеліп отырмыз», – дейді үш перзенттің әкесі Айдархан Нармаханұлы.
Еnbek.gov.kz сайтындағы мәліметке мән берсек осы аталған санаттарға енетіндердің саны 2 289 038 адамды құраған көрінеді. Бұл тізімнен кредиті болмаған, жалпы берешегі 3 млн. теңгеден асатын, берешегі коллекторлық ұйымдарға берілген адамдар алып тасталған. Сіз бұл тізімде бар-жоғыңызды egov.kz электрондық үкімет порталыннан сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.gov.kz сайтынан біле аласыз. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталықтарында немесе 111 бірыңғай қоңырау шалу нөмірі арқылы тексеруге болады. Жоғарыда көрсетілген санаттарға жатсаңыз, борышы өтелетін адамдардың жалпы тізімінде болмасаңыз еш абыржымаңыз. Себебі, 111 нөміріне хабарласып өзіңіз және отбасыңыз туралы толық мәлімет беруіңізге болады. Содан соң мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелердегі сіз туралы мәліметтерді тексеріп, аталмыш талапқа сай келсеңіз 3 жұмыс күні ішінде тізімге енгізеді.
Қазіргі таңда «несиесі жабылған адамдар енді қайтып кредит ала алмайды» деген қауесет ел ішін кезіп жүр. Бұл ақпардың қаншалықты шындыққа жанасатындығын банк өкілдеріне хабарласып, жай-жапсарын анықтадық. Банк қызметкерлері мұны жоққа шығарды. Олардың айтуынша, несие тарихы дұрыс болса, қаржы беріле беретіндігін ала алға тартты. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі парақшалары мен сайттарынан да әрбір қарыз алушы өзіне қажетті ақпараттарды біле алатындығын да айтып өтті.
Көреген көшбасшымыздың көпке жасаған бұл ізгілігі біршама жанұяның жанына желеу болып отыр. Теңізге тамған тамшыдай болсын халық игілігі үшін жасалған жомарттық әрбір шаңыраққа шаттық сыйлағаны хақ.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».