ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ТОП ЖАРДЫ

962 көрілім

Бүгін түркістандықтар бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасындағы спартакиададан жеңіспен оралған әріптестерімізді күтіп алды. Төрт жылда бір өтетін дәстүрлі додаға еліміздің бірнеше облысынан сала мамандары қатысып, бақтарын сынады. Кіл мықтылар жиналған республикалық жарыста Түркістан облысының құрамасы топ жарды. 3 алтын, 3 күміс, 1 қола медалді қанжығаға байлап түркістандық журналистер жалпыкомандалық есепте бас жүлдені иеленді.

       

  Өңіріміздің мерейін тасытқан журналистермен жүздесуде «бұл жеңіс облысымыздың құрылғанына төрт жыл толуына орай жасаған тамаша тартуларыңыз» деген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев пен қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов төртінші билік өкілдеріне айрықша алғысын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов атынан дайындалған Алғыс хаттарды табыстап, спорттық киімдер салынған сөмкені жеңімпаздарға сыйлады.    

Айта кетейік, спорттың бес түрін қамтыған сайыста ақпарат құралдары өкілдері қазақ күресі мен шағын футбол, волейбол және үстел теннисі, бильярд спортынан республика бойынша іріктелген құрамалар сынға түсті. Жеңісті жұлып алып берген жандардың қатарында әріптестеріміз «Түркістан» газетінің редакторы Үмітбек Бағдат пен тілшісі Дәурен Тілеухан бар. Сонымен қатар, биыл «Түркістан» газетінің ұйытқысымен жасақталған «Тұран БАҚ» командасының өкілдері Ұлан Абзалұлы, Ғалымжан Сәрсеков, Сәрсенбек Оспан, Қанат Жақашевтардың да еңбектерін ерекше атап өткеніміз абзал. Жанына қаламнан бөлек спортты да серік еткен ұжымдастарымызды мереке қарсаңындағы жеңісімен құттықтаймыз.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы