ОҚУШЫЛАРДЫҢ АУЫР СӨМКЕСІ ОМЫРТҚАСЫНЫҢ ҚИСАЮЫНА ӘКЕЛІП СОҒАДЫ

802 көрілім

Мектеп жасындағы оқушыларға жылына бір рет жүргізілетін медициналық тексеру барысы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жіті бақылауында. Қоғамда дені сау ұрпақ тәрбиелеу, жас организмнің толыққанды дамуына ықпал жасау ата-аналар мен жауапты медицина қызметкерлерінің басты борышы болып табылады. Өкінішке орай, ата-аналардың көбі балаларының денсаулық жағдайының төмендеуін дер кезінде көңіл бөле бермейді. Соның бірі- омыртқаның аномальды қисаюы- сколиоз. Омыртқа – арқаның ортасында орналасқан бүкіл ағзаның негізгі тірегі болып табылады. Сондықтан балаларды скринингтік тексеруден өткізу маңызды. Түркістан облысында 2022 жылдың 6 айында медициналық тексерістер нәтижесінде омыртқасы қисайған 352 бала анықталған. Оның ішінде 5-9 сынып оқушылары 154 болса, 87 бала бастауыш және 111 жасөспірім жоғарғы сынып оқушылары.


Түркістан облысының сан-эпид бақылау қызметінің мамандары оқушылар арасындағы омыртқаның дұрыс қалыптаспауын бірнеше факторлармен байланыстарады. Мысалы, дене-бітімі толық қалаптаспаған бастауыш сынып оқушыларына кішігірім салмақтың өзі кері әсер береді . Сондықтан, білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар арасында оқушылардың сөмке салмағына аса назар аударылып, білім алушының жасына сәйкес белгілі бір салмақ өлшемдері бекітілген:
1-3-сыныптардың білім алушылары – 1,5-2 кг;
4-5-сыныптардың білім алушылары 2 -2,5 кг;
6-7-сыныптардың білім алушылары үшін – 3-3,5 кг.
8-11(12)-сыныптардың білім алушылары үшін – 4-4,5 кг -нан аспауы тиіс.

Сонымен қатар, оқушылардың дене-бітімінің дұрыс қалыптасуы білім ошақтарындағы оқу жиһаздарының талапқа сәйкес болуына да тығыз байланысты. Себебі, бала көп уақытын мектептер мен басқа да қосымша оқу орталықтарында өткізетіндігі белгілі. Сондықтан олар отыратын парта, стөл белгілі стандарттарға сәйкес болмаған жағдайда омыртқа әртүрлі деформацияларға ұшырайды. Облыста оқу жиһаздарына қойылатын талаптардың орындалуын қадағалау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының қызметкерлері 431 оқу жиһазына тексеру жүргізіп, 7-нің талапқа сәйкес еместігін анықтады.

Аталған өрескел бұзушылық бойынша лауазымды тұлғаларға айыппұлдар салынды. Дегенмен, мектептен тыс қосымша репетиторлық оқу орталықтарына кезеңдік тексеру жүргізілмейтіндіктен, бұл объектілердегі санитариялық талаптардың сақталуы мен оқу жиһаздарының талапқа сәйкестігі назардан тыс қалып жатады. Сондықтан, әрбір ата-ана ақылы қосымша оқу орындарындағы санитариялық-гигиеналық талаптар мен оқу жиһаздарының сәйкес болуына назар аударғаны жөн.


Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы