- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Келер жылы ұлы ақын, артында өшпес мұра қалдырған Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толмақ. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек», – деген болатын. Осы мақсатта әрі «Жастар жылына» орай Түркістанда көркемсөз оқу шеберлерінің фестивалі өтті. Сайысқа 14 пен 29 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен фестивальге қалалық мәдениет үйі ұйытқы болды.

«Жақында түркістандықтарды әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ-нан «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты Абай Құнанбаевтың өлеңдерінен байқау өтетіндігін айтып, хабардар еткен болатынбыз. Нәтижесінде рухани шаһардағы орта және арнаулы, жоғары оқу орындарынан 30 ға жуық сайысқа қатысуға өтініш келіп түсті. Бүгінгі өнер додасының мақсаты жастарға Абайдың шығармаларын таныстырып, оны насихаттау болып отыр»,- деді мәдениет үйінің директоры Лиза Шамет.


Фестиваль барысында сахна шымылдығы мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған Абай өмірінен сыр шертетін, тағылымы мол қойылыммен түрілді. Арнайы жасалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылып, келушілерді тәнті етті. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші сында оқушылар мен студенттер Ұлы ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп айтса, екінші кезеңде қара сөздерінен үзінді оқыды. Байқау соңында қатысушылардың баршасына дипломдар мен сый-сияпаттар табысталды.


Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».