ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНДАҒЫ ҰСТАЗ КЕЛБЕТІ

452 көрілім

«Ұстаз деген ұлт тағдыры», – демекші бұл ғаламда ұстаздан тәлім-тәрбие алмаған маман иесі жоқ шығар. Педагог мамандығын оқығандар көп болғанымен, ұстаз болу тәжірибе жүзінде екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние екендігі шындық. Әр мамандықтың өзіндік ерекшеліктерімен қоса, қиыншылықтары да қатар жүретіні белгілі. Дегенмен, «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деген сөз бар. Олай айтатын себебіміз, барлық мамандық иесі мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап, ұстаздан білім нәрімен сусындап, тәлім-тәрбие алып, өміріне азық болар, рухани тағылым алары сөзсіз.

«Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі», – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай адамзат ұстазға қашан да құрмет көрсетіп, қадір-қасиетін бәрінен де жоғары қоя білген. «Алтын ұя» білім ордасын тәмамдағаннан кейін, үлкен өмірге қадам баса отырып, жоғары білім алып, өз мамандығының шебері, білікті де білімді маман, одан ары ғылым жолына түсіп, ғылыми жұмыстар, еңбектер жазып, қоғамға, білімге, ғылымға үлес қосуға дұрыс бағыт-бағдар бере білу, кәсіби маман даярлау университет оқытушылары мен профессорларына жүктеледі.

«Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де шәкіртіне жақсы мағынада қатты әсер етеді», – дейді Мәлік Ғабдуллин. Сондай керемет кейіпкердің бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент м.а. Парида Искакова.

Кейіпкеріміз Парида апай шебер педагог болумен қатар, оқу процесін ұйымдастыру барысында студенттермен жақсы қарым-қатынас жасай білетін, сөйлеу мәнерімен, дауыс ырғағымен студенттерді өзіне баурай білетін, ұстаз имиджін сақтай білген, сабақ беру әдіс-тәсілдерімен, техникаларымен шәкірттеріне үлгі бола білген жан.

Парида Қуандыққызы 1977 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында өмір есігін ашқан. Отбасында құлан тайдай жарысып үш қыз, үш бала өскен. Өзі үйдің бесінші баласы болған. Әкесі мен анасы осы күнге дейін асулардан асып, биік шыңдардан көрінуіне көмектесіп, барлық жағынан, әсіресе психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп, оқуына, жоғары білім алуына қол ұшын берген. Жолдасы ертерек қайтыс болып, артында бір ұл, бір қызы қалған. Ұлы университетті тәмамдап, қызы жоғары оқу орынында білім алуда.

Парида апай алғашқы еңбек жолын «Астана» кәсіби колледжінде  (2000-2002 жылдары)  әдіскер болып бастаған. Кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік басқармасында әдіскер (2002-2008 жылдары), 2008 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих және педагогика факультетінің «Жалпы педагогика және этнопедагогика» кафедрасында оқытушы болған. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2009 жылғы 22 маусымдағы (№6 хаттама) шешімімен  осы жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілген, 2010-2011 оқу жылында «Жалпы педагогика және этнопедагогика» кафедрасының меңгерушісі, 2008 жылдан бүгінгі күнге дейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің «Педагогика және психология» кафедрасының оқытушысы.

Сонымен қатар, «Психология», «Білім сапасын басқару», «Психологиялық-педагогикалық коррекция», «Жоғары мектеп педагогикасы», «Басқару психологиясы», «ЖОО-ғы педагогикалық пәндерді оқыту әдістемесі», «Кәсіби оқытудың инновациялық технологиялары» атты оқыту курстарының авторлары.

Енді ғылым жолында еткен еңбектерін саралап өтейік. Осы күнге дейінгі ғылыми ізденіс жолында ғылыми басылымдарда жалпы 10 мақаласы жарияланған.  Нақтылап айтқанда,  2015 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің «Хабаршы» журналында «Оқу үдерісінде технологиялық оқыту құралдарын қолданудың қажетті шарттары» мақаласы, 2016 жылы «Бүгінгі педагогтың білім берудегі инновациялары мен дәстүрлері» мақаласы, 2017 жылы «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» журналында «Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін арттыруда арт-терапияны қолданудың маңыздылығы», шетелдік мақалалардан 2018 жылы «Anais da Academia Brasileira de Ciencias»  журналында «The Role of Generations Continuity of Kazakh People in the Childrentraining» еңбегі, Мәскеуде, XXIII Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Научные исследования: ключевые проблемы III тысячелетия» мақаласы, «Наука и жизнь Казахстана» журналында «Болашақ мұғалімдерді инновациялық іс-әрекетке даярлаудың мәні» атты жарық көрген мақалаларын атауға болады. Сонымен қатар, «Психологиялық-педагогикалық практикум», «Отбасы психологиясы», «Педагогикалық менеджмент» секілді үш бірдей оқулықтың авторы.

Өзінің дара ізденгіш, ерекше талпынысының арқасында ғылым саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуден танған емес. Осы жолда табан ет, маңдай терін, қарым-қабілетін сарқа жұмсауда. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші әр ұмтылысы өз нәтижесін беріп, көптеген марапаттауларға ие болған. Атап айтар болсақ, ҚР ЖОО-ы студенттерінің 2012 жылғы үздік ғылыми-зерттеу конкурсының «Педагогика және психология» бөлімінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым минстрлігінің ІІІ дәрежелі дипломымен, 2017 жылы республикалық  жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының  қорытындысы бойынша  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиевтің алғыс хатымен марапатталған. 2011 жылы Біліктілікті жетілдіру куәлігін, ҚР БҒМ «ӨРЛЕУ» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының 240 сағаттық сертификатын, Абылай хан  атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университеті «Педагогика мамандығының оқытушыларына шетел тілін оқыту» курсы 160 сағаттық сертификаты алған. Сонымен бірге, ҚР «Қазақ психологиялық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

 «Ұстаздық жолы мен ғылым жолы екеуі екі түрлі жол. Университетте ғылыми атағың болып жұмыс істегеннен кейін ұстаздықпен қатар ғылым жолын да бірге алып жүруің керек. Ол оңай жұмыс емес, бірақ ұстаздық жолды да ғылым жолын да қатар алып жүруің өте маңызды.  Ғылыми дәрежелі оқытушылардың, профессорлардың мектептегі мұғалімдерден айлық жалақысы жоғары деген ойдамын. Ұстаз мәртебесіне айтарлықтай көңілім толады деп айта алмаймын. Қазіргі таңдағы көптеген жағдаяттар, мәселелер ұстаздың мәртебесі жайлы мәселені қайта қарауды қажет етеді», – деді  Парида Қуандыққызы ғылым мен ұстаз мәртебесі жайындағы сауалымызға.

Білікті ұстаздың жетекшілігімен студенттік конференцияда екі студенті   ҚР Білім және ғылым минстрлігінің марапатына қол жеткізген. Одан басқа жыл сайын жетекшілігімен қаншама  магистранттар магистр ғылыми дәрежесін алып жатқаны тағы өз алдына бөлек әңгіме. Осының барлығында ұстамы мықты ұстаздың дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол нұсқауы ерекше рөл ойнайтынын жоққа шығара алмаймыз.

Қорыта айтқанда, Парида Искакова өз саласының білікті де білгір маманы, шебер ұстаз. Әрбір істі аса жауапкершілікпен бағамдай білетін, шәкірттеріне қатаң талап қоя білетін талапшыл жан. Ғылым жолында қара нардай адал қызмет етіп келе жатқан ғылым мен білім саласының шынайы жанашыры. Жолдасы  ерте өмірден өтіп, өмір сынақтарына бетпе-бет келсе де соған мойымай, ағынға қарсы жүзіп, тағдыр жолындағы сындардан сүрінбей өтіп келе жатқан аяулы да қайсар ана.

Айжан МҰҚИЯТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы