Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ауданымызда бүгінгі таңда 175 мемлекеттік қызметші жұмыс атқаруда. Мемлекеттік қызметшінің сөйлеу мәдениеті мен өзін-өзі ұстауы, халықпен жұмыс істеу әдебі, өз саласын жетік меңгеруі маңызды.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы бар. Онда мемлекеттік қызметкер, мемлекеттік қызмет ұғымдарына толыққанды анықтама берілген.
Мемлекеттік қызметшілерге арналған әдеп кодексінің ең алғашқы пунктінде мемлекеттік қызметшінің қарапайым болуы айтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауына баса назар аударылады. Бұл әдеп кодексі қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтарға, сыпайылық пен адамгершілікке, адалдыққа негізделген.
Халықпен жұмыс істегендіктен мемлекеттік қызметші ең бірінші кезекте қарапайым да сыпайы, әрі кішіпейіл болу керек. Халықпен қарым-қатынас орнатуда мәдениет сақтай отырып, олардың өтінішін заң аясында жедел шешуге тырысуы қажет. Сондықтан да, мемлекеттік қызметшінің біліктілігі мен білімінен бөлек, адами қасиеттері де жоғары бағалануы керек.
Д.ҚҰДИЯРОВ, Сауран ауданы бойынша жергілікті басқару органдарының әдеп жөніндегі уәкілі.
