КӨПКЕ ҮЛГІ БАТЫР АНА

527 көрілім

Көпбалалы болу – көз қуантар қуаныш. Ұлттың ертеңіне үлес қосар ұрпақты тәрбиелеу – әрбір ананың міндеті мен парызы болса керек. Шорнақтық Азат әже бүгінгі күннің аналарына нағыз үлгі. Уақыттың қиындығына мойымай он баланы өсірген Батыр ана.

Азат әжей біз барғанда басын көтеріп, көңілін демдеп отырған беті екен. Қан қысымы көтеріліп, сәл мазасызданып қалған әженің жағдайының жақсарғанына біз қуанып қалдық. Сексеннің сеңгіріне келген ардақты ананың өміржолына тоқталсақ.

Азат Қожанқызы Құлаева 1943 жылы 1 қаңтарда Шорнақ ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы тұсында дүниеге келген сәбидің ана сүтін тойып ембегені де, балалық шағының болмағаны да бесенеден белгілі. Еңбекке ерте араласып, ерте есейген буынның бірі әрі бірегейі болды. Замандасы, 1938 жылдың тумасы Таран Исаевқа тұрмысқа шығып, шаңырақ көтереді. Таран Исаев Шорнақ ауылындағы мақта зауытында көп жылдар бойы шофер болып еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан.

Азат Қожанқызы Құдай қосқан қосағы Таран Исаев екеуі Бақыт, Гүлзада, Салтанат, Мұхит, Қайрат, Нұрлан, Эльмира, Ерлан, Ержан, Гүлмира есімді 10 ұл-қызды дүниеге әкеліп, оларға өнегелі тәрбие берген. Ұлы Ерлан ер жеткен шағында қайтыс болыпты.

Азат әже Қ.Рысбеков атындағы мектеп-интернатта кіші қызметкер болып 30 жыл еңбек етіп, бала санымен 45 жасында зейнеткерлікке шығыпты. Өмірлік қосағы Таран қария 2008 жылы 70 жасында өмірден озыпты.

-Аллаға шүкір, ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырдым. Бүгінде бес келінім бес үйдің шамшырағын жағып отырған отаналары. Немере келіндерім де бар. Барлығы да жағдайымды жасап отырады. Қарашаңырақта отырған Ержан ұлым мен келінім Айгүлдің гүлдей жайнаған үш қызы бар. Келінім балабақшада тәрбиеші болып еңбек етеді. Алтындай жарқыраған немерелер сыйлаған келіндерімді бірінен бірін кем көрмеймін, барлығын жақсы көремін.

Жақында кенже қызым Гүлмира екі ұлына сүндет той жасады. Арқа-жарқа болып, барып қайттық. Ұл-қыздарымнан тараған ұрпағым бір қауым ел болыпты. Алла тіл-көзден сақтасын барлығын. Өсіп-өніп, көбейе берсін.

Алты ай бұрын қатты ауырып қалдым. Құдай сақтасын, өліп қайта тірілгендей күй кештім. Ешкімнің басына бермесін, ес-түсімді білмей алты күн жатыппын. Түркістан қалалық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Стамқұловқа рахмет. Мені емдеп, бетімді бері қаратты. «Апа жазылып кетесіз, ұзақ жасайсыз. Эльмира қызыңыз қайта-қайта звондап жатыр», – деді. Менің Эльмира қызыммен бірге оқыған, құрдасы. Сол ауырып жатқанымда қызым қайта-қайта звондап, жағдайымды жиі сұрап тұрыпты. Соны айтып жатқаны ғой. Жақсылап қарап, емдеді. Ауылдың баласы деп соған барамыз ауырсақ. Әкесі де дәрігер болатын. Жақында қайтыс болды. Бақыт дәрігерге айтар алғысым шексіз. Шорнақ ауылының барлық тұрғындары ауырса осы Бақыт Стамқұловқа келіп, емделеді.

Бүгін Кентауда тұратын қызым немересінің тұсауын кесіп, соған барайын деп жолға шыққалы отырғанымда бірден қан қысымым көтеріліп, ауырып қалдым. Дәрі ішіп, сәл жақсы болып қалдым, – деген Азат әжейдің құлан таза жазылып кетуіне тілеулеспіз.

– Азат әже қанша зейнетақы аласыз? Өзіңізге жетеді ма? Әлде алған зейнетақыңызды немере, шөберелеріңізге бересіз ба?

– Айналайын, қызым дүниенің жеткені бар ма? «Қанағат қарын тойғызар» дегендей, қанағат етуіміз керек. Зейнетақымды немере, шөберелеріме беремін. Өздеріне керегін алады. Соның өзі маған үлкен қуаныш.

Азат әженің сөз баптауынан зейнетақысының көз қуанышы немерелерінің керек-жарағына жетіп, отырғанына риза пейілде екенін аңғардық. Әсіресе, немере, шөберелерін сөз еткенде көзі нұрланып, шаттанғанына қарап, атам қазақтың «Немере баладан да тәтті» деген қанатты сөзінің жаны бар екендігін сезіндік. Бұл сірә, сөзбен жеткізе алмас ұрпақ жалғасының тылсым дүниесі болса керек.

Иә, бала – ата-ананың жалғасы. Оларға жақсы тәрбие мен өнеге көрсету – басты міндет. Дүниедегі мақсаттың ең үлкені – ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру болса керек. Иә аналардың абзалдылығын айту ұрпаққа аманат. Себебі, адамзатты мойындатқан ғұлама – данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған батыр, билер де анадан туған.

Ендеше, ұл-қыздарынан 38 немере, 43 шөбере көріп отырған Азат Қожанқызы Құлаева еліміздің демографиясына өз үлесін қосып, мақсат-мұратына жетіп отырған Батыр ана, ардақты әже.

Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы