ҮШҚАЙЫҚТЫҢ ҮШ ТАҒАНЫ

791 көрілім

Үшқайық ауылдық округі өңірге Нұртас Оңдасынов, Сұлтанбек Қожанов, Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсенов есімдерімен таныс. Оның сыртында мың метрден шығатын табиғи шипалы суы да алыс жақын елді-мекендердің тұрғындарын магниттей тартады.

АУЫЛДАН АДАМ КЕТКЕНМЕН, АДАМНАН АУЫЛ КЕТПЕЙДІ

Сауран ауданы құрылғалы бері бір жылдың көлемінде ғана ауылдық округтердің әкімдіктері қыруар істер атқаруда. Әсіресе, барлық саладағы бұрынғы салдыр-салақ атқарылған тірліктердің бәрі ретке келтіріліп, ауылдардың маңы абаттандырылып, жолдар салынып, елді-мекендер көкжелекке бөленуде.

Үшқайық ауылдық округінің әкімі Мұхтар Шалаевтың баяндауынша бүгінгі таңда Сауран ауданы орталығынан 25 шақырымдағы орталыққа Теке, Нұртас, Жалаңтөс және С.Қожанов елді-мекендері кіреді. Төрт ауылды құрайтын ауылдық округінде халықтың жалпы саны – 6445. Оның ішінде Теке ауылында – 3513 адам, Нұртаста – 1832, С.Қожанов ауылында – 814 адам, Жалаңтөс ауылында – 286 адам тұрады. Үшқайық ауылдық округі бойынша жұмысқа қабілетті белсенді жастар көп. Мұндағы ауылдық округі әкімі аппаратында 14 адам қызмет етеді. Оның жетеуі мемлекеттік қызметкер, екеуі әлеуметтік қызметкер, алтауы келісім-шарттағы қызметкерлер. Үшқайық ауылдық округ әкімі аппаратына 2021 жылы аудандық бюджеттен бөлінген 36 миллион 139 мың теңге бөлінсе, ол жүз пайызға орындалды.

Ауылдық округтің білім беру саласында 319, денсаулық саласында 34, балабақшалар және тағы басқа салаларда 780 адам жұмыс атқаруда. Үшқайық ауылдық округінде тіркелген шаруа қожалықтардың саны 92-ге жеткен.

Демография бойынша ауылда 2021 жылдың он екі айында 144 бала туылып, қайтыс болған адам саны 24-ке жеткен. Көшіп келгендер саны екеу болса, көшіп кеткендер жоқ. Қайта Түркістан облыс орталығы атануына байланысты өңірге көшіп келгісі келгендер саны еселеп артқан. Олардың біразы қалаға жақын орналасқан елді-мекендерге көз сүзуде. Соның бірі, Теке ауылына жастар келуге ықыласты. Себебі, сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы нарықтың нар көтере алмас қиындығын ауылда көтере алмай, үлкен қалаларға барып, нәпақасын базар маңында арба итеріп, құрылыстың ауыр жұмыстарынан қажығандар ауылдарға алаңдаулы. Қазір ауыл жастары: «Ауылдан адам кеткенмен, адамнан ауыл кетпейді», – деп әндетеді. Себебі, барлық қиындықты елмен бірге көтеріп, кешегі референдум кезінде де бір кісідей «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» үлкен ұйымшылдық көрсетті. Төрт ауылдың ақылмандары жиналып мың адамнан бір өкіл шығарып, жеті адамнан тұратын Қоғамдық кеңесті құрды. Оның төрағасы болып өңірге абыройлы Қайрат Бердіқұлов деген ақсақал сайланды. Ендігі жерде халықтың үміті – осы Қоғамдық кеңестің аяқ алысына байланысты болмақ.

ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ТАРЫЛЫП БАРАДЫ

Қазіргі таңда 2021 жылғы есеп бойынша Үшқайық ауылдық округіндегі төрт елді-мекендерде 7641 ірі қара мал, 37023 ұсақ мал, 1955 жылқы, 444 бас ойсыл қара тұқымы тіркелді. Құстың саны – 5895-ке жетті. Соңғы жылдары мал басының өсуіне және агроөнер-кәсіп саласының дамуына, демографиялық өсімнің ұлғаюына байланысты халықтың жеке үй салып алуына тиесілі жер жетпейтіндігі үлкен мәселеге айналып отыр.

Мәселен, Үшқайыл ауылдық округіне қарасты елді-мекендерде жалпы көлемі – 52821 гектар жер бар. Оның ішіндегі ауыл шаруашылығы жерлері – 48079 гектар. Суармалы жерлердің аумағы – 4080 гектарды, тәлімі егістік жерлер – 950 гектар, бау-бақша -532 гектар, жайылымдық жер – 42517 гектарды құрап отыр. Елді-мекендер мен оның маңындағы мал жайылым жерлері 776 гектар.

СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ БАРЛЫҚ ЖЕРЛЕРДІ ТҮГЕНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛЫП КЕТТІ

2021 жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін 350 жеке азаматтан өтініш түсіп жер кезегіне алынды. Үшқайық ауылдық округінің әкімі Мұхтар Шалаевтың айтуынша қазіргі таңда жеке тұрғын үй салып алуға өтініш бергендер саны мыңнан асып кеткен. Оларға тиесілі жерге инфрақұрылымдық жағдай жасап, асфальт салып, электр жүргізіп, су желісін тартуға, газ жеткізуге ауылдық округтің қаражаты жетпейді. Сонда ауыл әкімдігінің қаражаты жоқ деген сылтаумен күн санап отбасының саны арта түскен жергілікті тұрғындар үйсіз-күйсіз жүре беруі керек пе? Жақында Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков он екі ауылдық округті аралаған кезінде бұл мәселені жасырған жоқ. «Бес отбасының бір үйде тұрып жатқандарын да көрдім. Мұны респбуликалық бюджет арқылы қарастырып шешпесек аса қиын болғалы тұр», – дейді аудан әкімі.

Екінші аса өзекті мәселе мал жайылымының тарлығы. Ауыл округіндегі ауыл тұрғындарының ортақ мал жайылым үшін жалпы көлемі – 5986 гектар жер бар. Теке елді-мекенінен қызметтік үй құрылысы үшін 0,34 гектар, Нұртас елді-мекенінен саябақ үшін үш гектар, тас арық (лоток) үшін 2,52 гектар және бес мазараттың жер телімдеріне шешімі шығарылып, мемлекеттік акт алынған.

Бұған дейін заңдастырылмаған үйлер де заңдастырылуда. Ауылдық округ бойынша 42 құжатсыз салынған тұрғын үй заңдастырылып берілді. Нұртас елді-мекені бойынша тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіндегі азаматтарға 150 гектар жер телімі жоспарланып, қазіргі таңда құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Теке елді-мекені бойынша тұрғын үй үшін берілетін бос алаңшаларға инфрақұрылым жұмыстары үшін тиісті құжаттар дайындалуда. С.Қожанов және Жалаңтөс елді-мекендерінің бас жоспарларын жасау үшін Сауран аудандық «Сәулет және қала құрылысы» бөліміне ұсыныс жасалды. 2021 жылғы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдеріне түгендеу жұмыстарының нәтижесінде пайдаланылмай жатқан жалпы алаңы 1270 гектар жер телімі анықталды. Оның 920 гектары суармалы, 350 гектары жайылымдық жер. Аталған жер пайдаланушылар жер телімдерін игермеген жағдайда сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылатын болады.

ӨЗЕКТІ ЖАЙЛАРМЕН ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ БЕЛ ШЕШЕ АЙНАЛЫСПАҚ

Үшқайық ауылдық округінің тұрғындарының толып жатқан өзекті жайларымен жақында осында ат басын тіреген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов толыққанды танысып, барлық мәселелерді Үкіметтің құлағына жеткізуге уәде берді. Үшқайық ауылдық округі тұрғындарымен кездесуге Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков те қатысты. Үшқайық ауылдық округі С.Қожанов елді-мекенінің тұрғындарымен болған кездесуде тұрғындар ауыз су, табиғи газбен қамту мәселелерін көтерді. Мәселелерді мұқият тыңдаған Қайнар Абасов: «Қазіргі таңда жаңа су кодексі әзірленуде. Ол жерде сапалы ауыз су, өзендер мен көлдерді, бөгендерді тиімді пайдалану сияқты бірқатар мәселелер қамтылады. С.Қожанов ауылында су жетіспеушілігі салдарынан егін шаруашылығы ақсап тұрғанынан хабардармын. Бұл мәселе жаңа заң қабылданғанда өз шешімін табатын болады. Шалғай елді-мекендерде өңірлерді дамыту бағдарламасы бірінші кезекте орындалуы керек. Сол арқылы табиғи газбен, сапалы ауыз сумен қамту мүмкіндігі бар», – деді.

Аудан әкімі Ғани Рысбеков Үшқайық ауылдық округіне табиғи газ тартылғанын және көшелерге үйлерге жеткізу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Өз сөзінде аудан әкімі Сауран ауданы бойынша табиғи газ ең бірінші Үшқайық ауылдық округіне берілетінін айтып, тұрғындарды қуантты. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов С.Қожанов ауылындағы мектептің жағдайымен танысты. Балабақшадан мектепке ыңғайластырылған бұл мектепке оқушылар да сыймауда. Замануи жабдықтармен жабдықталмаған мектеп ұжымы Мәжіліс депутатынан жаңа мектеп құрылысын жүргізуге септігін тигізуді сұрады.

Президенттің жаңа тапсырмасы ауыл тұрғындарының табысын көбейтіп, инфляциямен күресу. Ол үшін біз шаруалар мен кәсіпкерлерлерге қолдау көрсету керекпіз. 3 жылға көктемгі дала жұмыстарына несие беретін болсақ, егін шаруашылығындағы көптеген мәселелер шешім табады. Шаруалар үшін жыл оны екі ай жанармаймен қамтылуы да маңызды», – деп, қазіргі таңда заңға өзгерістер енгізіліп жатқанын, Сауран ауданының шаруалары мен кәсіпкерлері көтерген мәселелерді назарға ала отырып, ұсыныс ретінде жеткізетінін айтты.

Үшқайық ауылдық округінің әкімі Мұхтар Шалаевтың айтуынша қазіргі таңда осы округке қарасты Теке, Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс ауылдарындағы тұрғын үйлердің маңына дейін «Қазтрасгазаймақ» ЖШС газ қондырғыларын жеткізіп берген. Енді ауыл тұрғындары «ОмарШерханстрой» ЖШС-мен келісім-шарт негізінде өздерінің қаражатына 80-85 мың теңгеге көгілдір отынды үйлеріне кіргізіп алуда. Қазірдің өзінде 43 абонент көгілдір отынды пайдаланып отыр. Ауылдық округте барлығы – 6445 адам болса, олар 864 отбасын құрайды.

АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ

Үшқайық ауылдық округінде «Жасыл аймақ» бағдарламасы бойынша Теке елді-мекенінің орталығындағы спорт кешені ғимараты аумағына футбол алаңшасы салынды. Сметалық құны 8 миллион 926 мың 34 теңгеге баға сұранысы негізінде жарияланып, «Шыңырау» ЖШ 4994,0 мың теңгеге жеңімпаз болып табылып жұмыстар толығымен орындалды.

Қазіргі таңда осы футбол алаңшасында апта сайын тартысты ойындар өткізілуде. Осы жолы Үшқайық ауылдық округінің әкімі Мұхтар Шалаевтың жүлдесі үшін 2009-2010 жылдары туған балалар арасында турнир өткізілуде. Оған көршілес Кентау қаласынан да командалар қатысуда. Футбол бапкері Қайтпас Шалаевтың айтуынша бұл алаңды арзан бағаға салуға ауыл жастары да құлшына кіріскен екен.

Жылда мектеп бітірушілер өздер оқыған мектептеріне барынша қол ұшын беріп отырады. Өткен жылы С.Қожанов ауылындағы Қарасай Қасымханов ақсақалдың 1957 жылы өз қолымен тұрғызған үйінің тозығы жетіп, төбесі опырылып ортасына түскенде, ауыл жастары түгелдей атсалысып бірнеше айда жаңа үйге кіргізді. Бес баласы бар қызы Ақтолқын ауылдастарына газет арқылы алғысын жеткізді. Жаңа үйді салып алуға үлес қосқан барша ауылдастарыма, әсіресе, жастарға алғысым шексіз», – дейді ол.

Мұндай жастарға Үшқайық және Иассы ауылдық округтерінен Сауран ауданының депутаты болып сайланған Нұржан Жүсіпбев үлгі өнеге көрсетуде. Ол 1- маусым Балаларды қорғау күні Теке елді-мекеніндегі 8 кемтар балаға киім-кешек пен керекті заттарын алып берді. Одан кейін тұрмысы төмен он отбасына азық-түлік таратып берді.

Бұл шарадан кәсіпкер Дилбар Шалбаева да қалыс қалмады. Ол да тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік таратып берді. Дилбар Шалбаева мен Қазтай Шалтаев әке жолымен «Тастай» ЖШС-ін ашып, он жыл бойына ірі қара баққан. Әкесі Жұмаділла Шалтаев ауылдың малын қырық жыл бойы баққан екен. Міне, сол әкесінің таяғын ұстап қалған Қазтай шаруасын дөңгелетіп қана қоймай, ауылдастары мен қонақтарына арналған заманауи «Ақсу моншасын» асханасымен бірге ашты. Қазіргі кезде Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбеден ат арытып келіп жатқандар бар екен. Соған орай, көпшілік сұранысыен жайлы қонақүй салуды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда ауыл жастарының дінге бетұрысы жоғары. Олар әр жұма намазын Текедегі орталық мешітте оқиды. Халыққа қолайлы болғандықтан С.Қожанов атындағы былтыр ашылған Сұлтанбек Қожанов атындағы мешіт жанынан 100 орындық медресені құрылысын бастады.

ТЕКЕ АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Туған жердің жер, су, елді-мекендерге байланысты географиялық атаулардың әр жылдары әртүрлі өзгерістерге ұшырағаны бізге тарихтан белгілі. Сол атаулардың, топонимдердің әуел бастағы түпкі мазмұнына үңілсек, онда үлкен, терең сыр жатқанын аңғару тіпті қиын емес. Өйткені, ертеде адамдар табиғатты, жер-суды, өсімдікті, жан-жануарларды жанды нәрсе деп есептеп, оларға ерекше ықыласпен қараған. Көптеген атаулар сол кездегі оқиғалармен, халықтың мұрат-мақсатымен байланыстырып айтқан. Теке елді-мекенінің атауының шығу тарихына байланысты да ел аузында көптеген аңыз әңгімелер бар. Теке елді-мекені Түркістан қаласының батыс жағында 8-10 шақырым қашықтықта орналасқан. Ортасынан «Қарашық» өзені ағып өтеді.

Қарашық өзені негізінен Қаратаудан бастау алған. Қарашық өзеніне көктем мезгілінде арнасынан асып, қарғын келетін болған. Су өзеннен асып, Теке елді-мекенін су басып жатқан. Су тартылған уақытта, яғни жазда Түркістан қаласының халқы сол жерде егін салған. Бұрынғы кезде Теке жері құнарлы болған. Қарашық өзенінен су арылмаған. Ал, қазіргі кезде халыққа егін егуге мүмкіндік жоқ.

Себебі, Қарашық өзені қазір көктемде ғана ағады да, басқа уақытта су тоқтайды. Қарашық өзенінің Теке елді-мекеніне пайдасы көктемде келген су тасқындарын болдырмайды және ауыл адамдары тасқынмен келген балықтарын аулайды. Қаратаудан бастау алатын «Қарашық» өзені, қазіргі елді-мекеніне келгенде жайылып ағатын болған.

Көктемде, қар ерігенде «Қарашық» өзені тасып, кең алқапқа жайылып, үлкен көлшіктер пайда болған. Су жайылған жерлер ит тұмсығы батпайтын қалың тоғайға айналған. Онда негізінен тоғайда өсетін жабайы ағаштар: қаратал, терек, сәмбітал, тораңғыл, тұт, жиде, жабайы алмұрт, жыңғыл, шеңгел, қарабарқын бұталары өсіп ну тоғайға, орманға ұқсаған. Тоғайдың арасында шүйгін шөптер, құрақ қамыстар, қоға, шырмауық, жантақ, баттауық, көде, бетеге, жусан, итсигек, раң т.б. көк ала майса шөптер өскен. Көктемде қызғалдақ гүлдеп, қызыл-жасыл алқапқа айналған. Тіпті дала тышқаны, сарышұнақ, атжалман, қосаяқ, қоян, киік пен қарақұйрықтар мекендеген. Түлкілер мен қарсақтар да көп болған. Бірақ оларды аулап кеміткен. «Сыр» бойында тоғай шұбатылып жабайы шошқа, борсық, қасқыр, жолбарыстар да кездесіп отырған.

Тоғай толған қырғауыл, үйрек-қаз, балықтың түрлері: лақа, шортан, табан, сазан, майшабақ т.б. кездеседі. Осы орманның құпиясы мол, сыры ашылмаған жұмбақ жер екен. Жұмбағы мынау: маңынан өткен адамдар кісінеген жылқының даусын естиді. Қаншама адам сол жылқыны көруге құштар боп, тіпті сонда аттанып, не өзі, не өлігі қайтпай, оралмай қалғаны қаншама. Содан ол жаққа ешкім аяқ баспай қойған екен.

Сол заманда елді жау шауып, ханын өлтіріп, малын тонап, елді бағындырған екен. Жаңағы ханның ендігі арманы жұмбақ орманның сырын ашу болыпты. Ол халықты жинап: – Кімде-кім орман жылқысын ұстап әкелсе, сол адамға ат басындай алтын беремін, керек десе, осы елге хан сайлаймын. Ал, егер ешкім бармаса, бәріңді қырып-жоямын, – дейді.

Халық не істерін білмей дағдарып тұрған кезде бұрын ханның жылқысын баққан жылқышы «мен барамын» деп алға шығады. Ол үшін маған қару-жарақ, мықты сауыт, жүйрік ат бер, – дейді. Хан келісіп, жылқышы аттанып кетеді. Күндер өтеді, айлар өтеді. Жылқышы сол күйі оралмайды. Жылқышының әйелі және сұлу қызы болады. Әйелі ешбір хабар болмаған соң оны өлдіге санап жылап қала береді. Ал, қызы болса, белді бекем буып, жолға шығады. Орманға келсе, кісініскен жылқылардың даусын естиді. Орман түрлі аң мен құсқа бай екен. Гүлдердің қош иісі мұрнын жарып, жүре-жүре ашық алаңға шығады. Көк майса, жасыл желек, ашық аспан астында адам айтса нанғысыз мүйізі мен қанаты бар ерекше жылқылар жайылып жүр. Соның ішінде ақбоз аттар қызды көріп, кісінеп қоя береді. Әсіресе, үйірлі жылқының ішінен жал-құйрығы кесілген тұлпар аяғын маң-маң басып қызға жақындайды. Қыз атқа қарғып мінсе, сыпырылып түсіп ат қаша жөнеледі. Жолда бір күркеге кездеседі. Күркеге кірсе әкесі отыр. Онымен табысып, әңгімелеседі.

– Мен бұл жылқыларды баяғыдан бақылап жүрмін. Сенің келеріңді білдім. Сондықтан елге оралмастан, мінген атымды сойып, қорек еттім. Баяғы әкем айтқан аңыз ойыма оралып: «Кезінде бір байдың биесі осы атқа ұқсас мүйізді, қанатты тай құлындапты. Ол ат болғанда бай оны бәйгеге қосып, бір себептермен бәйгеден екінші болып келеді. Содан бай оны байлап қойып, қанжоса етіп сабай бастайды. Байдың әйелі араша түсіп,атты қорғап қалады. Ал, ат сол түні жоқ болып кетеді. Бай қанша іздегенімен таппайды. Бұл аттардың арғы атасы сол ат болуы мүмкін және жылқылар да ер адамдарды жек көреді-міс. Әйелдерге еш қарсылық көрсетпейді екен. Әкемнің айтуы бойынша жұрт оны «Текежәуміт» деп атаған. Себебі, текеге ұқсас, мүйізді, жәуміт құсына ұқсас қанаты болған. Әкесін мұқият тыңдап болған қызы:

– Әке, мен де жылқыларға барайын, мүмкін, менің де жетегіме ерер, – дейді.

Әкесі: – Барсаң бар, қарағым, жолың болсын! – деп бата береді.

Қыз ерлерше киініп, шашын жайып, алаңға шықса, ақбоз ат қанға бөгіп жатыр екен. Қасында қанатты тұлпар қасқайып қырға шығып алыпты. Қыз атты ноқталап, әкесін шақырады. Әкесі екеуі екі атқа мініп, соңынан бүкіл үйірді ертіп, еліне қайтады. Бұларды көріп жиналған халыққа әкесі:

– Уа, халайық, елді жаудан аман сақтау үшін мына аттарды ұстап мініңдер, қолдарыңа қару алып жауды қуыңдар, – дейді. Мұндай сөзді естіген ел қолдарына қару алып, жаумен алты күн алысып, қуып тастайды. Қанатты пырақтар бұл жерді мекен етіп тұрғанда ешбір жау қолын сұқпайды. Сол заманнан бастап бұл жер «Теке» елі деп атала бастайды. Қанша заман өтіп, халық көбейіп, орман сиреп, Текежәуміт жылқылары суықтан, желден ауруға ұшырап, қырыла бастайды. Ал, бір бөлігі басқа жаққа ұшып кеткен екен. Атам заманнан қалған Теке атауымен аталған елді-мекен қазіргі дейін жасап келе жатыр.

«Түркістан-Балтакөл» трассасының бойында орналасқан елді-мекен батысында «Сұлтанбек Қожанов» елді-мекенімен, сол-түстік батысында «Сыр» өзені және солтүстік шығысында «Нұртас» ауылымен шектеседі.

Тарихтан білетініміздей 1380 жылы Самарханд билеушісі Ақсақ Темір Түркістан шаһарын басып алды. 1397-1402 жылдары Қожа Ахмет Ясауиге арнап кесене салғызады. Осы кесенені тұрғызу үшін Ақсақ Темір Түркістан маңайына қол астындағы көптеген елдерден халықты көшіріп әкеліп орналастырады. (Қазақстан тарихы. К.Мамырұлы. «Алматы» баспасы. 53-55б.б.)

Сол жылдары осы «Сыр» өзенінің жаға-лауымен «Қарашық» өзенінің маңайына түр-кімендер орналасады. Оларды Теке түркмен-дер – Теке яумат деп атап кеткен. «Теке» деген атау осыдан қалуы да ғажап емес.

Кейін Ақсақ Темір өлген соң, түркімендер Каспий теңізі маңайына қоныс аударып, бос жатқан жерлерге түркімендердің жұртына қарақалпақтар келіп орын тепкен. Ол уақытта Түркістан маңайын Қоқан хандығы билеген. 1863жылы орыстар Түркістан қаласын басып алып, қоқандықтар ойсырай жеңіліп, бас сауғалап қашады. Содан Түркістан орыстарға қарап, қарақалпақтар да Арал теңізіне Амудария сағасына көшіп барып орналасады. Содан бос болған Теке маңына Есенбай мен Жалаңтөс батырлар бастаған қазақтар келіп орналасқан.

1919 жылы Түркістанды орыс большевиктері басып алып, Теке атауы осы елді-мекенге, жерге қойылған атау. Түркістан қаласымен жасы шамалас, 1500 жылдан ары болмаса, бері емес.

ҮШҚАЙЫҚ АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Ауыл ежелден «Теке» елді-мекені болып аталады. Кеңес Одағы кезінде К.Ворошилов, Н.К.Крупская атындағы колхоз деп аталды. Бүгінгі таңда ұрпақтар көбейіп, халық саны – 3000-нан асып, 600 жанұя тұрады. Осы елді-мекенде Қостөбе, Кенбайтал, Сарыбайтал, Темірхантал, Сартарық, Кемерге баратын Беларық, жол жағалай Пернебекбау аттанған жер-су, төбе аттары кездеседі. Осы елді-мекен еткен тұрғындар қазіргі кезде мал шаруашылығымен айналысады.

1985 жылдан бастап «Үшқайық» ауылдық округі болды. Үшқайық деп аталу себебі С.Қожанов, Н.Оңдасынов және А.Үсенов ауылдарын қосып атаған. Ұрпаққа өнеге боларлық қазақ пен өзбек ұлттары күні бүгінге дейін араласып тұрады. Текеліктер неміс басқыншылығы кезінде де қазақ, өзбек ұлттары бірге соғысқа аттанып, ерлік көрсетті.

1941-1945 жылдары неміс басқыншыларына қарсы соғыста ауылдың екі азаматы Абдулла Үсенов пен Расул Исетов «Кеңес Одағының Батырлары» деген атақ алған. 1942 жылы қыркүйекте Қызыл Армия қатарына шақырылған. 1943 жылдың ақпанынан Ұлы Отан соғысының ұрыс далаларында соғысқан.

159-шы жеке саперлар батальонының сапері, (112-атқыштар дивизиясы, 60-армия, 1-Украин майданы) қатардағы жауынгер Абдулла Үсенов Нивки селосын қорғауда фашист танкілерін жаруға (Коростенск ауданы, Житомир облысы) қатысты. 1943 жылы желтоқсанда екі фашист танкісіне қарсы минамен шығып, біреуін жарды және өзі де ерлікпен қаза тапты.

Нивки селосына жерленді. Сол жерде батырға обелиск орнатылды. СССР Жоғарғы кеңесі Президиумының жарлығымен 1944 жылы Оңтүстік Украина майданында ерлік көрсетіп, қаза тапқан қатардағы жауынгер Абдулла Үсеновке Кеңес Одағының Батыры атағы және Ленин Ордені берілді. Қазір Теке ауылы А.Үсенов атында.

Ұлы Отан соғысына ауылдан 200-ден аса азамат майданға аттанып, оның 182-сі майданда қаза тапты. Соғыстан аман-есен елге оралғандары елді басқару ісіне, ауыл шаруашылығын дамытуда, білім беру саласында, халыққа қызмет көрсету саласында өмірлерінің соңына дейін қажырлы еңбек етіп, келешек ұрпаққа өздерінің ерліктерімен, еңбектерімен үлгі болған бабаларымыз қаншама. Олар: Ахметов Әубәкір, Ерінбетов Дүйсенбай, Юсупов Атахан, Байметов Сатай, Жайықбаев Әлмен, Ахметов Мәулен, Полатбеков Исабек, Турсынметов Дадахант, Өтеев Абдрахман, Қияқов Жамбол, Альжанов Әбдіқадыр, Басқараев Тоқмырза, Исраилов Ысқақ, Каримов Абдувахит, Бегасилов Шәмші, Юсупов Атахан, Рахымбердиев Темірхан, Сейітов Бердібек, Мирзараймов Хайдар, Жусупов Молдабек, Полатов Әбітай, Әлімтаев Ақылбек, Айтишев Іскендір, Шалаев Шәмшат, Тажиев Қали, Мырзахметов Мухиддин, Нұрпейісов Өтебай, Момбеков Оразбек т.б.

Мектеп – білім ордасы десек, ел ертеңі үшін ерен еңбек ететін киелі шаңырақ, мектеп екені белгілі. Мектептің іргетасы 1930 жылы К.Ворошилов атындағы бастауыш мектеп болып қаланған. 1937 жылы 7 жылдық мектепке айналған. Содан 1937-1953 жылға дейін мектепті қиын қыстау Ұлы Отан соғыс жылдарында Д.Нарметов қайраттылық танытып басқарған. 1952 жылы мектеп Н.К.Крупская атындағы 8 жылдық мектеп болып, 1967 жылы орта мектеп болып қалыптасты. 2001 жылдан бастап ауылдың тумасы Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсеновтың есімімен аталады. Ақсақалы зиялы, жастары жігерлі Түркістанның іргесіндегі шұрайлы өңірдің дихандары мен малшыларының, кәсіпкерлерінің алар асуы алда.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы