САУСАҚ БІРІКСЕ – ИНЕ ІЛІГЕДІ

1  049 көрілім

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру жоспарын орындау барысында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жасаған алғашқы Жолдауында көптеген өзекті мәселелерді айтып, одан шығудың жолдарына тоқталды және Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік компания басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді. Қазақстан президенті осыған байланысты, жақында тиісті Жарлыққа қол қойғанын да тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артатынын, дегенмен жергілікті жерлерде шенеуніктер халыққа «жабық» саясат ұстанатынын, сол себепті көп жағдайда халық тіке Президентке шағымдануға мәжбүр екеніне тоқталды. Сондықтан Президент әкімшілігінде азаматтардың өтінішін мемлекеттік органдар қарау деңгейінің сапасын бақылайтын бөлім ашылғанын мәлімдеді.
«Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деген Қазақстан президенті бүгінгі таңда билік басында отырғандарға тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа, сапалы кезеңіне шығаруға мүмкіндік туып отырғанын, сондықтан реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол бермейтінін атап өтті. Реформа жасау үшін азаматтық қоғамға қолдау көрсету қажеттігі, жер мәселесі, ұлттық компаниялардың жұмысшылар санын 25 пайызға қысқарту, митинг өткізуге рұқсат беру, шикізатқа байланған менталитеттен бас тарту, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеу, тіл мәселесі, жедел түрде сексуалды зорлық, педофилдер мен есірткі таратушылар, адам саудасы, әйелдерге тұрмыстық зомбылық көрсету, жеке тұлғаға қатысты қылмыстар, оның ішінде балаға қатысты қылмыс жасаушыларға жазаны күшейту, Назарбаев моделі туралы мәселелер төңірегіне тоқталып, ондағы кемшіліктерді жоюдың шарттарын атап өтсе, «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналғанын алға тартты, шағын және орта бизнес мәселесін қайта қолға алып, әрбір министр мен әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс екендігін, сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталатынын білдірді. Тіпті, еліміздің әуе саласы бәсекеге қабылетті емес әрі әуе билеттерінің тым қымбат екендігіне де тоқталды.
Мемлекет басшысы шағын, соның ішінде микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беру – жұмыссыздық мәселесін азайтатынын, сондай-ақ салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтудың тиімді жолы екенін айтса, «кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді» деді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсететінін, Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлетінін айтты. Дегенмен, күні бүгінге дейін осы сала бойынша жүргізіліп отырған жұмыстардың қорытындысы бойынша, «қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отырғанын», осыған орай, Есеп комитетіне және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсыратынын айтты.
Бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі – білім беру сапасы. Білім беру сапасын жақсартудың жолы – білікті педагог кадрлар мен сапалы оқулық. Сондықтан Президент өз Жолдауында білім мен оқулықтың да сапасына тоқталып, білім беру орнына диплом сатумен айналысатын университеттеріміздің де бар екеніне ашық тоқталды. «Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз» деді. Және «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту үшін Үкіметке келер жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізуді, ал алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырды.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кез келді деп есептеймін» деген Мемлекет басшысы, тіл үлкен саясаттың құралы екенін, қазақ тілін отбасы тілі ғана емес, ұлтаралық қатынастар тілі мәртебесіне дейін көтеру керек екендігіне айтса, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке «Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын» әзірлеуді тапсырды.
Қорыта айтқанда, Президенттің Жолдауы елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басу мақсатында жарияланып отыр. Сондықтан билік басында отырған басшыларға реформаны жүзеге асыру үшін дербес жауапкершіліктер жүктеді. Әрине, бұл тек басшылар үшін ғана емес, «Саусақ біріксе – ине ілігеді» деп дана халқымыз айтқандай, мұндай дәрежеге жету үшін «бәріміз халық болып бірігіп даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек»…

Қ.Тәжиев,
«Nur Otan» партиясы
Түркістан облыстық филиалы Саяси
жұмыстар бөлімінің консультанты,
филология ғылымдарының кандидаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы