«ӘКЕЛЕР МЕКТЕБІ» ҚҰРЫЛМАҚ

2  562 көрілім

  Ұлыстың ұлттық құндылығын сақтау басты міндет. Осы орайда Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің жанынан «Әкелер мектебін» құру көзделіп отыр. Бұл туралы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де өткен Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа мәжілісінде мәлім болды. Жиынға аталмыш ұйымның мүшелері, қала, аудан ардагерлер кеңестерінің төрағалары, басқарма басшылары және зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауы талқыланып, «Әкелер мектебін» құру туралы мәселелер қаралды. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ашып, жүргізіп отырды.

  Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша 22 жылдан бері Мемлекет басшысы Жолдауларының үгіт-насихат тобы құрамында жүрген азамат, тарих ғылымдарының кандидаты, ОҚМПУ-нің Рухани жаңғыру орталығының басшысы Қайрат Анарбаев Жолдау жайлы баяндама жасады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы Елбасы бастамаларының жалғасы екендігіне тоқталып, өзіндік ерекшеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Сайрам аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Байназар, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев, еңбек ардагерлері Әбдішүкір Сапарбеков пен Мәлік Мұратбекұлы жарыс сөзге шықты. Елімізде техникалық мамандықтардың жетіспеушілігін тілге тиек етіп, суармалы жерлердің көлемін кеңейту жайлы ой қозғап, пікір алмасты.

  Сонымен қатар, жиын барысында «Әкелер мектебінің» ережесі таныстырылып, мақсаты мен міндеттері айтылды. Ардагерлер бұл бастаманы қолдайтындығын жеткізіп, ойларын ортаға салды.

«Қазіргі таңда Түркістан қаласында 35 мектеп бар. Әр мектепке бір ардагерден бекіткенбіз. Кенес мүшелері сол оқу орындарындағы тазалық пен тәрбие жұмыстарына араласып, баскөз болып жүр. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші алдағы уақытта ардагерлердің санын көбейтіп мектеп директорлары және білім бөлімдерімен бірлесе «Әкелер мектебін» ашсақ, қоғамға көп пайдасы тиеді деп ойлаймын»,- деді Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов.

  Бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі елдің тізгінін ұстайтынын ескеру керек. Әрине  бала тәрбиесінің басында ата-ана мен ұстаздар тұрады. «Әкелер мектебі» ашылса, отбасылық құндылықтар сақталып, алдағы уақытта жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға сеп болмақ.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы