Бүгін шаһардағы рәміздер алаңында «Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл» тақырыбында салтанатты іс-шара болып өтті. Атаулы шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, сонымен қатар зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шараның мақсаты – ҚР Рәміздерінің 30 жылдығына орай, мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі – рәміздердің маңыздылығын халық арасында насихаттау болып табылады.

Жиын барысында «Тәуелсіздік нышаны – мемлекеттік рәміздер» шығармашылық байқауының жүлдегерлері марапатталды. Бұл байқау «Рәміздер – мемлекет дамуының ажырамас бөлігі», «Тәуелсіздік символы – рәміздер», «Ел егемендігі мен ұлттық біртұтастығымыздың нышаны» номинациялары бойынша өткізіліп, жалпы 22 қатысушы бақтарын сынға салды. Шығармашылық жұмыстарға арнаулы қазылар алқасы төрелік жасап, жүлделі орындарды анықтады.

Атап айтқанда, «Рәміздер – мемлекет дамуының ажырамас бөлігі» тақырыбында бірінші орынды Сабырбек Олжабай, екінші орынды «Түркістан» газетінің редакторы Үмітбек Бағдатұлы, үшінші орынды Әбдісаттар Әліп қанжығасына байласа, ынталандыру сыйлығы бойынша Сағыныш Асанова, Гүлжан Серік, Балдырған Қуандық үздік деп танылды.

Ал, «Тәуелсіздік символы – рәміздер» тақырыбындағы бейнеролик әзірлеу бәсекесінде бірінші орынды Дәурен Айманбетов, екінші орынды Дархан Балғынбек, үшінші орынды Алия Ибрагимова иеленсе, ынталандыру сыйлықтарына Мариям Абдуллаева, «Түркістан» газетінің фототілшісі Ердаулет Сағындық, Фариза Табылдиевалар лайық деп танылды. Үшінші аталым бойынша құжат тапсырғандар болмағандықтан, жүлдегерлер анықталмады.

Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, рәміздердің қадір-қасиеті ұлықталды.
Айжан МҰҚИЯТ.
