ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЕКПЕ-ЖЕК ТУРНИРІНДЕ ТӨРТ ТҮРКІСТАНДЫҚ БАҚ СЫНАЙДЫ

651 көрілім

Бүгін «Түркістан арена» спорт аренасының конференция залында «ALASH PRIDE TURKІSTAN» жауынгерлік клубының президенті М.Ахановтың қолдауымен халықаралық семинар өтті. Семинардың басты мақсаты халықтар достығы мен бірлігін нығайту жолында жастарға спорттық-патриоттық бағыт-бағдар беру мен бапкерлер арасындағы тәжірибе алмасуды көздеді.

Аталған жиынға республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының шеф-редакторы Ж.Аянбекұлы, «Alash Pride» промоушен жауынгерлік клубының президенті Д.Қасқарауов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Б.Укшебаев және «Alash Pride Түркістан» жауынгерлік клубының президенті М.Аханов қатысып, халықаралық турнир туралы ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ, семинар барысында  спикерлер БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, бүгінгі жарыстың басты жекпе-жектері туралы пікір білдірді.

– «Alash Pride Түркістан» жауынгерлік клубы ұйымдастырып жатқан бүгінгі турнирге қолдау білдірген азаматтарға алғыс білдіреміз. Аралас жекпе-жек спортын дамытуға үлес қосқан барша адамға рақмет айтамын.  Жеті мемлекеттің спортшылары жиналған бәсеке тартысты, сәтті өтсін деп тілейміз. Кеше байқағанымыздай, барлық қатысушылар өте үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Турнир кезінде спортшылардың өнерін тамашалап, бағасын бересіздер деп ойлаймын – деді Д.Қасқарауов.

Жиын соңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Б.Укшебаев және  республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының шеф-редакторы Ж.Аянбекұлы спортты дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше азаматқа медаль тағып, алғыс хат табыстады. Ал «Халықтар достығы» медалімен бауырлас мемлекеттерден келген бапкерлер мен жаттықтырушылар марапатталды.

Айта кетейік, бүгінгі халықаралық деңгейдегі ММА жекпе-жек турнирінде түркістандық төрт жауынгер бақ сынайды. Жауынгерлерге жеңіс тілейміз!

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы