Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында айтқан ұсыныс-пікірлеріне айрықша мән беруіміз қажет. Сессияның өзі «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» деп аталады.
Жаңа Қазақстанымыздың тірегі де осы – береке-бірлік, халық достығы. Ел ішіндегі бірлігімізден айырылып қалсақ, егемендігімізден, мемлекеттілігімізден айырылғанымыз. Мұны ел Президенті қадап айтты. Кешегі қаңтар оқиғасынан сабақ алып, ондайдың қайталануына жол бермеуіміз міндет. Бұл міндет баршамызға ортақ. Ассамблея сессиясындағы басты тақырып – референдум. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум өткізуді ұсынды. Расымен де, референдум қатардағы саяси іс-шаралардың бірі емес, ол – маңызды демократиялық институт. Қазір қоғамда қандай бастама көтерілсе де, халқымыз бей-жай қарамайтын болды. Сол себепті алдағы референдумнан да үлкен үміт күтіледі. Менің ойымша, енді халық күткен кешенді реформалар басталады. Ол жай ғана құрғақ сөз, жалаң пікір емес, нақты іске құрылған жоспарлы шаралар болуы тиіс.
Қорыта айтқанда, алдағы референдум нақты істерге мөр басып, екшелейді. Барлық саланы алсақ, бұған біздің Түркістан қалалық Әйелдер алқасының мүшелері де атсалысады. Біз жастарға өнегелі тәрбиемізді беру арқылы белсенділік танытатын боламыз. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы.
Ұ.МҰСТАФАЕВА, қалалық әйелдер алқасының төрайымы.
