СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!

687 көрілім

Бүгін №23 IT мектеп-лицейінде  қала әкімі Н.Тұрашбековтың қатысуымен «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты жиын өтті. Аталған іс-шара қала әкімі Н.Тұрашбеков пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетовтің мектеп алаңқайына ағаш отырғызуымен басталды. Жиын барысында шаһар басшысы «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерін марапаттап, ақ тілегін жолдады.

– Осы кездесуді пайдалана отыра қаламыздағы барлық мектеп бітіруші жас түлектерді құттықтаймын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, бәрімізді білім нәрімен сусындатқан біздің ұлағатты ұстаздарды да оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, келер оқу жылына сәттілік тілеймін. Біздің мемлекетіміздің дамуына жас түлектер елеулі үлес қосады деп сенемін! – деді Н.Тұрашбеков.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов те ұлағатты ұстаздарға алғыс білдіріп,  мектеп оқушыларының көптен күткен мерекесіне сәттілік тіледі. Аяулы мектебімен қоштасып, алыс сапарға жол алған жас түлектерге Жарқынбек ағамыз:

– Жаңа Қазақстанды құратын сіздерсіздер! Ең бастысы жақсы мамандық таңдап, келешекте елдің өркендеуіне серпін беретіндеріңізге сенеміз және соған үміт артамыз. Арман-мақсаттарыңызға жетулеріңізге, мектептегі ұстаздар мен ата-аналарыңызға мақтаныш болуларыңызға тілектеспін! – деп ақ батасын берді.  Салтанатты жиын 11-сынып оқушыларының алтын ұя мектептеріне арнаған өлең-жырлары, ән шашуларына жалғасып, ыстық лебіздер мен ақжарма тілектерге арналды.

Сондай-ақ, іс-шара соңында түлектер мектеп қорына сыйға кітаптар табыстады.

 Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы