МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ – ӘКІМНІҢ ЖІТІ ҚАДАҒАЛАУЫНДА

1  415 көрілім

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов аппараттық мәжіліс барысында күн тәртібіндегі «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалуы бойынша Түркістан қалалық емханасының жұмысын назарға алды. Емхананың бас дәрігері Жанар Оспанованың баяндауынша, мекеме медициналық туризмді дамытуды алға қойған. «Бізде мүмкіндік жеткілікті» деген бас дәрігер күрделі хирургиялық оталар жасайтын мамандардың барын алға тартты. Облыс бойынша ең үздік тәжірибелік орталық саналған емханада 10 бөлім бастапқы медициналық көмек көрсетеді. 2018 жылы 101 мыңнан аса халыққа қызмет етсе, биыл бүгінгі күнге дейін 94 мыңнан аса халыққа көмек көрсеткен. Оның ішінде ересектер, жасөспірімдер мен балалар да бар. Кәсіби біліктілігін арттырған мамандар саны биыл 280 орта буынды қызметкерді құрап отыр. Ал, былтыр олардың саны 129 болған. Тәжірибе алмасу бойынша АҚШ және Ресей Федерациясымен біріге жұмыс істеуде. Алда Түркияға мамандар жіберу жоспарда. «Түркістан – туризм және ішкі сауда бойынша дамиды» деп сөзін тұжырымдаған Рашид Абатұлы осы апта ішінде денсаулық сақтау мекемелерінің жай-күйімен танысатынын ерекше атап өтті.


Күн тәртібіндегі қалаға жақын шет елдерден келіп жұмыс жасап жатқан азаматтардан түсетін салықтық түсім барысы да егжей-текжейлі баяндалды. Қалалық көші-қон полициясы басқармасының бастығы Бақытбек Туғанбековтің мәліметінше, 8 ай ішінде заңсыз жүрген 340 шетел азаматы ел аумағынан аластаған. Ал, биылғы жылдың 8 айында 10 мыңға жуық шетелдікке жұмыс істеуге рұқсат берілген. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден келушілер. Қоғамдық жерлерде қайыр сұрап жүргендерді көзі шалған әкім осы мәселені біржақты қарастыруды да тапсырды. Басқарма бастығының сөзінше, бүгінде қалада қол жайып жүрген шетелдік 44 қайыршы ел аумағынан аластаған. Ал, шілде айында Отырар мөлтек ауданынан туристерге арналған қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Мұнда халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері елімізге жұмыс істеуге келген шетелдіктерге толығымен қызмет көрсетеді. Әрбір шетел азаматы үшін медициналық тексерістен өтіп, салық басқармасынан ЖСН алу бірнеше күнге созылатын болса, аталмыш орталық арқылы әрі уақыт үнемдейді, әрі бірнеше жерге барып табан тоздырмайды. Шаһар басшысы бұл ретте, салық түсімін көбейтуді жандандыру керектігін баса айтты.


Жаңа оқу жылы басталғалы балалар арасында ұсақ қылмыстар мен төбелестердің орын алатыны белгілі. Ал, мұндай істердің алдын алудың маңызы зор. Сондай-ақ, мектеп алдында көшелерден балалардың қауіпсіздігін сақтау да жіті қадағалануы тиіс. Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақдәулет Әуелбековтың айтуынша, 1-5 қыркүйек аралығында қала көлемінде «Абайлаңыз, балалар» атты профилактикалық іс-шара жүргізілуде.


Ал, 16 сектор бойынша алда аяқ жол, суағар бетон арықшалар, көшені асфальттау, аялдамалар орнату, жарықтандыру, жасыл екпелер, су ұңғымалары, қажетті кіші құдықтар мен қоқыс жәшігін орнату бойынша жауапты аудан, қала, басқарма басшылары нәтижелі істер атқармақ. Сонымен бірге, көктем мен күзгі энзоотиялық аурудың алдын алу іс-шарасы да тиісінше орындалуда.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы