АДАЛДЫҚ БОЛМЫС – АДАМДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

1  600 көрілім

«1 қыркүйек – Білім күні» мерекесіне орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» өтті. Оған Түркістан облысы бойынша бірмезетте 903 мектеп, 68 орта арнаулы және 2 жоғары оқу орындарынан 50 мыңға жуық студенттер мен оқушылар қатысты.


Әділдік һәм әділеттілік қағидалары түсіндірілген ауқымды шара Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Өскелең ұрпаққа рухани құндылықтар дәріптелген кездесудің мақсаты – адалдық болмыстың көрінісін үлгі ету.
Бірыңғай сағат Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенттерінің келелі басқосуына арналды. Университет ректоры Болатбек Абдрасилов білімгерлерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, іс-шара маңыздылығын атап өтті.


Арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев тақырып аясында мысалдар келтіре отырып тарих тағылымына кеңінен тоқталды.

“Сыбайлас жемқорлықпен күресу ел саясатының негізгі басым бағытының бірі. Мүлдем төзбеушілік сананы қалыптастыру өзекті мәселе. Жемқорлық індет, тосқауыл қою баршамызға міндет. Мемлекетіміздің өркендеуі үшін сыбайластықты болдырмау, алдын алу алғышарты маңызды. Ол үшін – адалдық, парасаттылық, сенім, әділдік қасиеттері бойымызда үндесіп жатуы тиіс. Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді”, – деді Хаким Дүйсешұлы.
Іс-шара мұнымен шектелмейді. Жыл бойы қоғам белсенділері, танымал тұлғалар мен ел мақтаныштарының қатысуымен дәстүрлі түрде өткізілуі жоспарланып отыр. Аға буындар тарапынан айтылар тұжырымды ой, сананы серпілтетін өнегелі мазмұнымен ерекшеленбек.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы