ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ БІРГЕ ҚҰРУҒА ҮНДЕДІ

468 көрілім

Түркістан қаласындағы «Конгресс хол» кешенінде референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың өкілдері 5 маусымда Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау бойынша бүкілхалықтық референдумның саяси маңызын кеңінен насихаттады. Жиынға Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы мәслихатының хатшылары, тұрақты комиссиялары мен төрағаларымен және жергілікті депутаттармен және облыс, қала, аудан қоғамдық кеңестері мен ардагерлер ұйымдарының төрағалары, мүшелері қатысты.
Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың және «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев кездесуді ашып, жүргізіп отырды. Штаб құрамында республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов референдумның ел болашағы үшін, ұрпақ келешегі үшін қажеттілігіне тоқталса, Түркістан облыстық маслихат хатшысы Қайрат Балабиев тағдыршешті референдумның жаңа Қазақстан құрудағы рөлін атап өтті. Республикалық кәсіподақ федерациясы басшысының орынбасары Нұрлан Өтешов, Қазығұрт аудандық мәслихатының хатшысы Өрісбай Көпеев, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, Алматы облысы мәслихатының депутаты Әсел Төлепбергенова, Жамбыл облысы мәслихатының депутаты Сұлтан Өсербаев, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов өңірлерде референдумды өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.


Референдум өткізу жөнінде ел азаматтарының алдына қойылған міндетті жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен республика көлемінде және өңірлерде қоғамдық штабтар құрылды. Аталған қоғамдық штабтарға үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары және саяси партиялар («Аманат», «Ақжол», «Ауыл») өкілдері, қоғам қайраткерлері, жас мамандар, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, этно-мәдени бірлестіктердің және білім саласының өкілдері бар.
Бүгінде референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штаб және өңірлердің қоғамдық штабтары республика көлемінде ақпараттық-насихаттық жұмыстарды кеңінен және белсенді түрде жүргізуде.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы