Сауран ауданының орталығында Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналған мерекелік шара мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Жеңіс күні 9-мамыр –бүкіл дүниежүзі бойынша үлкен саяси мейрам. Әсіресе, бұл мерекені екінші дүниежүзілік соғыстың ауыртпалығын өз мойнымен көтеріп, Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан, Жеңістің туын желбіреткен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ерекше мейрам.
Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 77 жыл толды. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ.
Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеудің жоғары адамгершілік негізі. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді.
Сол бір сұрапыл жылдары Қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500-ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 Қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олар: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бегельдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және көп басқалар. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.
Мерекеде сөз алған Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков: «Біз соғыс ардагерлерлерінің ерлік істері мен қазіргі арамыздағы соғыс және тыл ардагерлеріне құрметпен бас иеміз. Ал, бейбіт өмірге жеткізген ерлікпен қаза тапқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас иіп, еске алайық. Жеңіс туын желбіретуде қан кешіп, кеудесін оққа тосқан боздақтарымызды бір сәт үнсіздікпен еске алайық»,-деді.
Аудан әкімінен кейін сөз алған Сауран аудандық мәслихатының хатшысы Мейрам-бек Күнпейісов мерекелік шараның Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып, жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлердің рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналатындығын атап өтті.
Салтанатты кеш аясында Әли Асланұлы «Соғыс болмасын», Н. Төлемісов «Отан Ана» әндерін шырқады. Сұрапыл соғыс қанша үйдің адамын ұрлады. Қанша үйде оттар сөнді. Қанша аналар ұрыс даласынан келген қаралы қағаздарға сенбей, ұлдарын күтумен өмірден өтті. Қаншама арулар жесір қалды. Сәбилер жетімдіктің зарын тартты. Тылдағы қазақ қыздары мен әйелдерінің Жеңісті жақындату үшін жасаған еңбектері мен ерліктері туралы айтпай өту мүмкін емес. Әсіресе, Әлия мен Мәншүктің ерен еңбектері ұрпаққа үлгі. Сахна төрінде қазақтың батыр қыздарына арнап, Әсем Ұлмаханова «Қазақ қызы» әнін шырқады.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әлеуметі екінші дүниежүзілік соғыста қанқұйлы фашизмді ұясында талқандап жеңудің 77 жылдығын еске алуда. Жылдар алға жылжып, сол бір сұрапыл соғысты бастан өткеріп, қан майданда толарсақтан қан кешкендердің қатары азайған сайын, әр дәуірдің тарихи желісіндегі оқиғаларға сәйкес өзіндік қорытындыларға ие ұрпақтар толқынының ой-санасында сол бір даталы күн Жеңіске деген пікір алуандығы қалыптасып отырғандығы да – бүгінгі күннің ақиқаты. Иә, ешкім де, ештеңе де ұмытылмасын!
Бүгін – қан майданда қаза тапқан ерлерді лайықты, сабырмен, құрметпен еске алып, рухына тағзым ететін күн. Өткеннен сабақ алмаған елдің болашағы бұлыңғыр. Көкжолақ таспаны кеудеге таққан көкөрім ұрпақтың көк аспаны әрқашан ашық, көк туы биік болсын!
Ұлы Жеңістің 77 жылдығына жиналған қауым ешнәрсе де ешкім де ұмытылмайтындығын, бұл салтанатты шараның өткенге емес, болашаққа арналғандығын атап өтті.
Иса БЕРКІМБАЙ.
