«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» – деп қазақтың майдангер ақыны Қасым Аманжолов жырлағандай ел басына күн туған сол бір сұрапыл жылдар артта қалып ашық аспан астында бейбіт өмір сүріп жатқанымызға да міне биыл 77 жыл толып отыр. Жыл өткен сайын отан үшін соғысқан қанды шайқастың маңызы мен қаза болған боздақтарымыздың ерліктері және тыл еңбеккерлерінің ерен істері мәңгі жадымызда. Ата – бабаларымыздың жасампаз ерлігі ешқашан да ұмытылуға тиісті емес. 50 жылда ел жаңа десек те, өмір мен өлім беттескен сол бір кезеңнен сақталып қалған ызғар әлі де жүректерді сыздатады. Ұлынан айрылған ананың мұң зары, ерінен жесір қалған әйелдің жастайынан әкелерінен айрылып жетім қалған балалардың көз жасы, жаралы жауынгердің ыза кегі, есігіне қара құлып ілініп қаңыраған шаңырақтар, қасіретті қаншама жүректерде өшпес дақ болып жазылып қалды емес пе?
ІІ Дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы қазақ халқының өмірінде де үлкен таңба қалдырды. Зұлмат жылдарда елді жаудан қорғау үшін Қазақстаннан жалпы есебі 1 миллионнан аса жауынгер аттанған. 1941-1945 жылдары Ұлы отан соғысына Түркістан әскери комиссиариатынан 18547 адам аттанып, оның 2587 түркістандық соғыстан оралмады. Жеңіс туын желбіретіп 1945 жылы 15960 түркістандық жауынгер, қасиетті топыраққа қадам басқан екен.
Биыл 9 мамыр мерекесі қарсаңында Жеңістің туын желбіретіп елге оралғандардың бірі, жас жауынгер биыл 95-тің төріндегі қадірлі ақсақал, абыз қария, ұстаздардың ұстазы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбжаппар Дайрабайұлын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, атамыздың өмір жолы туралы әңгіме қозғамақпын. Тағы бір айтар кетерлік жәйт Ұлы отан соғысы ардагері Әбжаппар Дайрабайұлы Түркістан қалалық мемлекеттік архивіне арнайы келіп, мұрағатқа өзінің жеке құжаттарын өткізді. Бүгінде соғыс ардагерінің жеке тектік құжаттары Түркістан қалалық мемлекеттік архивіне «1941-1945 жылдарындағы Ұлы отан соғысындағы фашист концлагерінің әскери тұтқындары мен узниктері» топтамасымен №263 қор сақтауына қабылданды.
Әбжаппар Дайрабайұлы 1927 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Фрунзе ауданы, Тартоғай ауылында орта шаруаның отбасында дүниеге келген. 1932 жылғы ашаршылықта Түркістан қаласындағы №3-4 балалар үйінде тәрбиеленеді. Одан соң Сауран станциясындағы Бимаш Дайрабайұлы ағасының қамқорлығында болған.
Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы Әбжаппар ата 14 жаста болатын. 1943 жылы теміржол бойындағы байланыс бөлімінде жұмыс істеп жүрген Әбжаппар ағай 16 жасқа толғанда әскерге сұранады. Жасы толмаған жігіттерді әскер қатарына алмау жөнінде сол кездегі Сталиннің бұйрығы болатын. Осыған арқа сүйеген военкомат қызметкерлері жасөспірімдерді кері қайтарып отырады. 1943 жылы майдандағы жұмысын байланысшы болып бастаған Әбжаппар ата 1944 жылы теміржол торабын қалпына келтіру жұмыстары үшін Брянск қаласына алып кетеді. Мұнда кеңес әскерлерімен қатар, неміс тұтқындары да қираған вокзалдар мен депоны, теміржол мекемелері мен ғимараттары үйінділерден аршып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Әбжаппар Дайрабайұлы 1946 жылы елге қайтарылады. Елге аман есен оралған соң ағай алдымен Түркістан педагогикалық училишесін бітіреді.
1949 жылы Алматыдағы шет-тілдер институтына оқуға түседі. Жастайынан ашаршылық пен жоқшылықтың ащы дәмін татып өскен Әбжаппар ағай алдында ағасы, артында бас көтерер інісі жоқ болса да қиындықтан өзі шығып жүрді. Алдымен неміс тілі факультетінің 2-тобындағы комсомол комитетінде қоғамдық жұмыстарды үздік жүргізді. Кейіннен институт комсомол комитетінде тұрмыстық секторын басқарады. 1953 жылы әрі жоғарғы оқу орнын бітіріп, әрі өмірлік жары Фатима Махфирқызымен елге оралады.
Әбжаппар ағай теміржол бойындағы бұрын өзі оқып кеткен Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебіне мұғалім болып орналасса, жақында ғана үйленген қалыңдығы Фатима «Ачполиметалл» комбинатының тұтынушылар одағының филиалында тауартанушы болып жұмысқа тұрады. Әбжаппар ата екі жылдан соң мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып, тағы бірер жылда Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектебіне директорлық қызметке ауысады. Содан зейнеткерлікке шыққанға дейін 30 жыл оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп үздіксіз қызмет етті. 1992 жылы зейнеткерлікке шыққалы бері қала өміріндегі қоғамдық жұмыстардан шет қалып көрмепті. Оның 23 жылын қалалық ардагерлер кеңесінде қызмет атқарып, кейінгі 10 жылында төрағалық қызметте болды.
Әбжаппар Дайрабайұлының ел алдындағы еңбектері жоғары бағаланып, қала, облыс әкімдігі мен мәслихаттары тарапынан бірнеше мәрте сый-сияпатқа ие болып, мақтау қағаздарын алды. Ұлы Отан соғысындағы және бейбіт өмірдегі еңбегі ескеріліп, бірнеше орден-медальдармен марапатталған.
А.СЕРІКБАЙҚЫЗЫ, Түркістан қалалық мемлекеттік архивінің архивисті.
