Түркістан қаласында 2021-2022 оқу жылында 2292 түлек мектеп бітіреді. Бұл жөнінде Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы әкімдіктің аппараттық мәжілісінде баяндады.
Мектеп бітіруші 2292 түлектердің 1484-і ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге ниетті. Оның ішінде 70-і алтын белгіге, 154-і үздік аттестатқа үміткер. Жалпы, шаһарда 53 мектептің 34-і мемлекеттік, 19-ы жекеменшік. Бұдан бөлек, 7 қосымша білім беру мекемесі оқушылармен жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бөлім басшысының мәлімдеуіне сәйкес, жалпы 48518 оқушының 33290 оқушысы білім беру ұйымдарындағы үйірмелерге тартылған. Спорттық секциялармен қамтылғандары – 19100. Қосымша білім беру ұйымдарына 4054 оқушы барады. Ерекше қажеттілігі бар 334 оқушы шаһардағы 19 мектептегі инклюзивті сыныптарда білім алуда. Әрқайсысы түзету – дамыту шараларына қатысып, қосымша біліммен қамтамасыз етілуде.
Түркістан ақпарат.
