Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғабиден Қапалбаев «Түркістан», «Сауран» газеттері мен «Аймақ» ақпарат агенттігінің тілшілерімен кездесіп, маусым айында өткізілетін референдумда қаралатын баптарды жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, «Аманат» партиясының өкілдері барлық өңірлерді аралап, референдумның мәнін, оны өткізудің жай-жапсарын түсіндіріп жүр.
Халық қалаулысы маусымда өтетін референдумда суперпрезиденттік басқарудан парламенттік-президенттік билікке көшу, жергілікті әкімдерді сайлау заңдылықтарына тоқталды.
– Аудандық-қалалық мәслихат депутаттары 100% тікелей халықтың дауыс беруімен сайланады. Ал, облыстық мәслихатта 50%-ы партиялық тізіммен жасақталса, 50%-ы мажориторлы тәсілмен таңдалады, – дейді.
Осы тұста журналистердің тарапынан аудандық және ауылдық деңгейде әкімдерді сайлау халықтың өзіне берілсе, онда румен-ру, жүзбен-жүз түс көріспестей жанжалдасып, соңында «тып-тыныш жатқан ауылдардың шырқы бұзылмай ма?» – деген қауіпті сұрақтың басы қылтиды.
Бұған елді мекенде туып, ауыл шаруашылығында шыңдалған Ғабиден Қапалбаев мынадай мысал келтірді: «Бізде Бәйдібек ауданында, Бөгенде биліктегілер әкеліп ұсынған әкімге кандидаттар өтпей, халық қалаған іскер жігіттер әкім болып кетті. Сондықтан бұдан онша қауіптенудің қажеті жоқ. Халық бұрынғыдай емес. Көзі ашық, көңілі қарақты. Олар енді дұрыс таңдау жасай алады», – деген пікірде.
Әрі экономист, банкир болғандықтан ел қалаға жаппай көше бастаған тұста жер алып, мал бағып, егіс өсірген. Қазіргі таңда барлық ауыл шаруашылығы дақылдарын жаңбырлатып суғару әдісіне көшкендігін, мал тұқымын асылдандыра бастағандығын әңгімеледі. Қазақтың қылшықты қойы мен ақбас сиырына қайтарымсыз қаржы бөлінетіндігін мәлімдеді.
Асыл тұқымды қойдың әр басына 4,5 мың теңге, қошқарға 14 мың теңге субсидия беріледі екен. Әрбір бас сиырға 15 мың теңге болса, асыл тұқымды бұқаға 101 мың теңге жеңілдік бар. Ол түгілі осы етті өткізудің әрбір килосына 200 теңге жеңілдік қарастырылған. Диқандарға нарықта 220 теңгеден тұратын жанар май жеңілдікті бағамен 194 теңгеден мемлекет есебінен жеңілдікпен жеткізілуде. Мақсарының бір килосына 8 теңге беріледі. Жаңбырлатып суғарудың түркиялық технологиясына әр гектарға 800 мың теңге үкіметтік қолдау көрсетілуде.
Облыс депутаты ел ішіндегі алауыздықтың өзегіне айналған жекешелендірудің бастапқы жылдары пысықайлардың қолына көшіп кеткен, әлі күнге дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық және суармалы жерлердің мемлекетке қайтарылып жатқандығына тоқталды.
Журналистер тарапынан 2005 жылдан бері күні бүгінге дейін инфрақұрылымдық жайы шешілмеді деген желеумен тұрғын үйге жер беру мәселесі республикада кезекте тұрған 3,5 миллион, Түркістан қаласындағы 36 мың адамға берілмей келгендігі айтылды. Бұған жауап берген Ғабиден Қапалбаев конституция бойынша әр қазақстандыққа үй құрылысын тұрғызу үшін он сотық жер тегін берілуі тиістігін айтты.
– Мәселен, бізде Боралдайда инфрақұрылымды жағдайы жасалған жерлерді негізінен жаңадан құрылған жас отбасыларына қолдау ретінде берудеміз. Оларға тиісті он соттық жерлердің инфрақұрылымы жақсартылып, ресімделуде, – дейді спикер.
Иса БЕРКІМБАЙ.
