Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған республикалық штабтың мүшесі Сырым Ертаев арнайы іс-сапармен келіп, Сауран ауданын аралап, тұрғындарымен, кәсіпкерлермен алдағы өтетін референдумға байланысты жиын өткізді. Кездесуге «Amanat» партиясы, Сауран аудандық атқарушы хатшысы Сағынбек Асылбеков, облыстық мәслихат депутаты Кеңес Әуенұлы, Сауран аудандық мәслихатының хатшысы Мейрамбек Күнпейісов, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәдібаевтар да қатысып, ҚР Парламент Мәжілісінің депутатына референдум бойынша өздерінің пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сырым Ертаев кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарын 5 маусым күні өтетін референдумға қатысып, Конституциялық өзгерістерді қолдауға шақырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Осыған орай, ҚР Парламент Мәжілісінің Депутаты Сырым Махамбетұлы Ескі Иқан, Жаңа Иқан, Бабайқорған, Майдантал ауылдық округтеріне барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, референдумда қаралатын мәселелер мен Ата Заңда орын алатын өзгерістер жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, ел жағдайын сұрастырып, Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстанды» құрудағы алға қойған мақсаттарын түсіндірді. Кездесу барысында елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен бүкілхалықтық референдум өткізудің маңыздылығы, нақты айтқанда, референдум – азаматтарымызға деген сенім білдіріп, жиынға қатысушылардың ел тағдырын шешуде белсенділік танытуға шақырды.

Жаңа Иқан ауылдық округіндегі жаңадан салынып жатқан 500 орындық «Авиценна А» ауруханасының қызметкерлерімен кездескен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты реформаларға қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап берді. Еліміздің Конституциясына енгізілетін түзетулер халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын айтарлықтай жақсартатындығын айтып, олардың ұсыныстарын тыңдап, алдағы референдумның еліміздің болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, мәслихаттардың рөлі күшейтіліп, олардың жергілікті мәселелерді шешудегі жауапкершілігі артатынын айтып өтті.
Сырым Ертаев Жаңа Иқан ауылдық округінде бір топ жеке кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, кездесуге қатысқан кәсіпкерлерге, Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынатынын, сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізілетінін жеткізді.

Бұдан соң кездесу Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде өз жалғасын тапты. Депутат жаңадан құрылысы жүріп жатқан спорт кешеніне барып, ауыл тұрғындары мен қызметкерлеріне референдумға байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, спорт кешенінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Майдантал ауылдық округінің тұрғындарымен жиын өткізді. Саяси науқан бойынша толық түсіндірме жасап, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Ұстаздар тарапынан жаңа мектеп салуға ұсыныс берілді. Алдағы уақытта ұсынысты жоғарыға айтып, жаңа мектеп салуға ықпал жасайтындығын жеткізді.
Шапағат ҒАЙБУЛЛА.
