БЕЙБІТ ӨМІР СЫЙЛАҒАН АРДАГЕРЛЕР

687 көрілім

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні. Бұл күні осыдан 77 жыл бұрын, адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын соғыс Ұлы Отан соғысы аяқталды. Ұлы Отан соғысына 6 материктің сол кездегі әлемнің дербес 60-тан астам елі қатысқан болатын. Айбынды білек, жеңістеріне сенімді кешегі жігіттер бүгінгі, өнегелі аталарымыздың арқасында 1945 жылдың 9 мамыр күні жауды жеңіп, соғысты жеңіспен аяқтадық.

Бүгінде Жеңіс күні мерекесі адамдардың ұлтына, дініне, тілі мен мәдениетіне қарамастан ортақ қуаныш күні. Бұл қастерлі мейрамның мән мағынасы уақыт өткен сайын еш өшпек емес. Себебі, оның құндылығы ғасырлар бойы жаңа жас буын ұрпаққа өсиет боларлық күн. Мемлекетімізден Ұлы Отан соғысына бір миллионнан астам ержүрек жауынгерлер қан майданға аттанған. Соның ішінде қаламыздан 18 мың 547 азамат соғыс даласында қолына қару алып, фашизмнің сақадай сай әскери күштеріне қарсы тұруға тура келді. Ауылдан келген жас жігіттер кешегі қырмандағы жұмыстан бірден майданның алдыңғы шебіне түссе де, ұлтымыздың болмысына сай ерліктерімен көзге түсті. Дегенмен, өңірімізден Кеңес әскерінің қатарына қосылған 15 мың 960 жауынгерлеріміз туған жерге оралды.

Бүгінгі таңда есімдерін мақтанышпен атап, ерекше өнеге тұтатын төрт жерлесіміз, Кеңес Одағының Батырлары Құрбанбай Рысбеков, Абдолла Үсенов отқа оранған қан майданда опат болса, тағдыр туған жер топырағын басуды бұйыртқан Расул Есетов, Файзулла Юлдашев «Алтын Жұлдызын» жарқырата тағып, туған жер төсіне оралды. Ал, бүгінде солардың небәрі 3-і ғана арамызда жүр. Көзі тірі Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Ұлы Жеңістің 77 жыл мерекесі қарсаңында мерекемен құттықтап, газет бетіне жариялауды жөн көрдік.

Фазыл Азимов

Ұлы Отан соғысының ардагері Фазыл Азимов 1922 жылы 15 қарашада дүниеге келген. Отан қорғауға 1941 жылдың 21 маусымында Түркістан әскери комиссариатынан аттанған. Сталинград түбінде жаумен шайқасқан. Польшаны, Румынияны, Венгрияны, Австрияны, Чехословакияны азат етуге қатысқан. Жеңістен кейін әскери қызметте болған. І-ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, 12 медальмен марапатталған.

Немет Абдурасилов

Ұлы Отан соғысының ардагері Немет Абдурасилов 1922 жылы дүниеге келген. І Украина, І Белорусь майдандарында соғысқа қатысқан. «Қызыл Жұлдыз», І-ІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Бейбіт өмірде экспедициялық автокөлік кәсіпорында жүргізуші болған.

Әбжаппар Дайрабайұлы

Ұлы Отан соғысының ардагері Әбжаппар Дайрабайұлы 1927 жылы дүниеге келген. 1943 жылы майданға алынған. Белорусь, Украина майдандарында, Польшаны азат етуге қатысқан. «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және бірнеше медальдармен марапатталған. Елге оралған соң ұстаздық жолда еңбек етті. Қалалық Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.

P.S. Қан майдан, сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» – деген ұранмен шайқасқан, бүгінгі күні санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың өтелмес парызы деп есептеймін. Осы ұлы парыз жолында Мемлекет басшысы бастап, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің және тыл еңбеккерлерінің тұрмысын жақсартуға үнемі мән беріп келеді.

Біз әрқашанда Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген сүйіспеншілігінің, жастарды патриоттық сезім мен ерлікке тәрбиелейтін өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Өкінішке қарай, жыл сайын ардагерлердің қатары азайып бара жатқандығы көңілге қаяу түсіреді. Бірақ көзден кетсе де, олардың ерлігі көңілден кетпесі анық. Олар тек жеңіс әкеліп қана қойған жоқ, сонымен қатар, ел еңсесін көтеруде аянбай еңбек етті.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы