ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТІ АТҚАРУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ

742 көрілім

Биыл 7 мамырда ҚР Қарулы Күштеріне 30 жыл толып отыр. Өзінің 30 жылдығы ішінде әскери құрылым толайым табыстарға жетіп келеді. Осы ел тәуелсіздігі жылдары ішінде еліміздің қарулы күштерінің саны артып, сапа деңгейі ауыз толтырып атауға болады. Осыған орай, мереке қарсаңында Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Күлдербаев Жандос Тынымбекұлымен арнайы барып, тілдескен едік. Ендеше, сұхбатқа назар аударсақ.

– Жандос Тынымбекұлы, биыл 7 мамырда ҚР Қарулы Күштеріне 30 жыл толып отыр. Осы 30 жыл ішінде әскери құрылымның жеткен жетістіктерінен бастасақ. Жалпы, тарихқа шегініс жасап, осы өткен жолдарды баяндап берсеңіз?

– Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Содан бері де, міне, отыз жыл уақыт өте шықты. Сонымен, 1992 жылғы 7 мамырда шыққан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қорғаныс комитетiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi етiп қайта құру туралы» 1992 жылғы 7 мамырдағы №738 Жарлығының негізінде сол күнге дейін қызмет етіп келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитеті ендігі жерде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Аталған Жарлықта сонымен қатар, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты министрліктің атқаратын негізгі мәселелері егжей-тегжейлі айқындалды. Дәл сол, 7 мамыр күні Қазақстан Республикасы Президентінің тағы бір, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» №745 Жарлығы да жарияланды. Онда Қазақстан Республикасының территориясына орналасқан әскери бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдердің, мекемелердің, ұйымдардың, полигондардың, арсеналдардың, сақтау базаларының, қоймалардың, жылжитын және жылжымайтын әскери бұйымдардың ендігі жерде Қазақстан Республикасының заңды мүлкі болып табылатындығы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілетіндігі тайға таңба басқандай етіп көрсетілді. Жаңадан құрылған Қорғаныс министрлігіне 3 ай мерзім ішінде аталған әскери құрылымдарды қабылдай отырып, әскерлерді басқару жүйесін қамтамасыз ету және олардың жауынгерлік әзірліктерін тиісті жағдайда ұстау тапсырылды.

Әскерлер мен әскери құрылымдардың басшылығына Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімінсіз әскери бөлімдер мен мекемелердің тұрақты мекен-жайларын ауыстыруға, сондай-ақ техникаларды, қару-жарақтарды, материалдық-техникалық мүліктерді Қазақстан Республикасының территориясынан шығаруға тыйым салынды. Құжатта бұлармен қатар ең бастысы, Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетіне әскери құрылымдардың барлық үлестік және қамтамасыз ету сұрақтарын шешу жүктелді. Сөйтіп, егемен еліміздің дүниеге келген өз әскерінің алғашқы қадамы басталды.

Міне, бұл қазіргі таңда аты әлемге танылған тәуелсіз Қазақстанның төл әскерін құрудағы ең маңызды құжат болатын. Демек, бүгінгі таңда ауыз толтыра мақтана айтып жүрген барлық жетістіктеріміз бен табыстарымыз осы бір тарихи күннен бастау алған. Сол күні генерал-лейтенант Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке «генерал-полковник» шені беріліп, ол республикамыздың тұңғыш қорғаныс министрі болып тағайындалды.

– Заманауи армия құру – бұл тек техника мен қару-жарақты жетілдіру емес, сонымен бірге бірінші кезекте кәсіби армияның негізі болып саналатын жаңа әскери буынды тәрбиелеу екені сөзсіз. Осы жөнінде айтып өтсеңіз?

– Елімізде 1996-2005 жылдар аралығында әскери білім беру жүйесінің негізі қаланды. Республикада бірнеше әскери оқу орындары ашылды. Олар: Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Әскери-теңіз институты, Шет тілдері әскери институты. Жұмылдыру резервін толықтыру мақсатында азаматтық оқу орындарында запастағы офицерлер даярлау үшін әскери кафедралар ашылды.

1996 жылы Қарулы Күштерге кәсіби сержанттар даярлау мақсатында Елбасының Жарлығымен Шучье қаласында Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы құрылды. Оны бітірушілер кәсіби сержанттар институтының негізін құрады. Бүгінгі таңда сержанттар басқару орталық органдарынан бастап ең төменгі бөлімдерге дейін әскерлердің бүкіл құрылымын қамтиды. Ал, 1999 жылы ашылған Армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі нағыз патриоттар тәрбиелейтін оқу орнына айналды. Онда тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларының балалары білім алуда.

Әскерлерде жеткілікті түрде кадрлар мен зияткер офицерлер әлеуеті қалыптасты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері институттарының түлектері жыл сайын ел әскери құрылымдарында лайықты қызметтен өтеді. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде құрама, әскери бөлім, батальон, рота командирлері лауазымдарында, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей әскери академиялары мен университеттерінде оқып, білімдерін жетілдіруде. Әскери оқу орындарын үздік бітірген түлектерге ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы салтанатты жағдайда лейтенант шендерін тапсыруы игі дәстүрге айналып отыр.

– Жандос Тынымбекұлы, өңірімізге оралсақ, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап берсеңіз?

– ҚР Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті әскерге шақырудың негізгі құжаты – «Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылдың сәуір-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығына қол қойды. Әскерге шақыруды үйлестіру, сапалы түрде дайындалу және өткізу үшін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрімен Бас штаб әзірлеген «2022 жылғы маусымдарда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға дайындалу және өткізу бойынша іс-шаралардың кешенді жоспары», сондай-ақ «Мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын әскерге шақырылушыларды алдын ала зерделеу және іріктеу алгоритмі» бекітілген.

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқаны осы жылдың маусым айының соңына дейін жалғасады. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы 17 мыңнан аса жуық жас толықтырады.

– Көктемгі маусымның келуіне орай, өңірде азаматтарды әскерге шақыру бағыттары қалай жүргізілуде?

– Қазіргі таңда Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде облыс әкімі бекіткен кезекті көктемгі әскерге шақыруға дайындалу іс-шараларының жоспары құрылған. Әскерге шақыру басталғанға дейін бұл жерде білім деңгейі, моральдік-іскерлік сапалары мен денсаулық жағдайы бойынша белгіленген әскер түрлері мен тектеріне және басқа да әскери құрылымдарға тағайындалатын әскерге шақырылушыларды зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Осы жылдың 1 наурызынан бастап, Қазақстанның, Түркістан облысының барлық өңірінде аумақтық әкімдер орынбасарларының басшылық етуімен жергілікті атқарушы органдардың әскерге шақыру, медициналық комиссиялары өз жұмыстарына кірісті. Қолданыстағы Заңнамаға сәйкес, мерзімді әскери қызметке әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ 18 бен 27 жасқа дейінгі ер азаматтар шақырылуға тиіс екенін мәлімдеймін.

Азаматтарды мерзімді әскерге шақыру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Мәселен, республика бойынша жыл сайын 17 мың адам әскерге шақырылатын болса, соның 4 мыңын біздің облыстың азаматтары құрап отыр. Ол дегеніңіз еліміздегі әскери сарбаздардың төрттен бірін Түркістан облысы құрап отыр деуге толық негіз бар.

– Биыл Отан қорғауға қанша азамат шақырылады? Әскери салада қандай мамандықтарға басымдылық беріледі?

– Биылғы науқанда 18-ден 27 жасқа дейінгі 4000-нан астам бозбаланы мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарлануда. Ал, мамандыққа келер болсақ, әр әскер түрінде белгілі бір талаптар бойынша әскерге шақырылушы қандай әскери бөлімдерде қызмет ететіні белгіленеді. Мәселен, Қорғаныс министрлігі Ұлттық университетінің әскери-ғылыми взводын жасақтау үшін ІТ-мамандықтары, ал десанттық әскерилер және арнайы тағайындалған әскерилер үшін бойының параметрлері 170 см-ден төмен болмауы секілді талаптар бар. Сондай-ақ, спортшыларға артықшылық беріледі.

– Алдағы маусымдарда әскерге шақырудың қандай да бір жаңашылдық бағыттары туралы айтып өтсеңіз?

– Сұрағыңыз өте орынды, әскерге шақырудың жаңашылдығын да атай кету қажет. Әскерге шақырылушыларды алдын ала медициналық куәландырудан өткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидалары» қаулысына сәйкес, Түркістан қаласында үнемі әрекет етуші медицина-лық комиссия құрылады. Себебі, азамат-тарды мерзімді әскери қызметке шақыруды өткізу – жергілікті атқарушы органдармен, қорғаныс істері жөніндегі департаментпен және әскерлермен тығыз қарым-қатынаста өткізілетін өте байыпты іс-шара.

Біздің мемлекетіміздің қорғаныс қабілеттілігі Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтау сапасына, олардың даярлығына тікелей байланысты. Басты мақсат ол – әскери-оқытылған резерв құру. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мұның бір бөлігі болып қана табылады. Біз қазіргі кезде келесі бағыттардағы жұмыстарды жүргізудеміз, яғни – әскери жиындарға 27-ден 35 жас аралығындағы әскери міндеттілер шақырылады. Былайша біз өз уақытында мерзімді әскери қызметке шақырылмаған, әскери даярланған азаматтардың санын көбейте аламыз, әскери жиындарға запастағы офицерлер де жіберіледі.

Келесі бір жаңашылдық «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы 2012 жылғы 16 ақпандағы Заңының 12-бабы 1, 3-тармақтарына сәйкес атқыштар, гранатаметші, пулеметші мамандықтары бойынша ҚР ҚМ «Әскери-техникалық мектеп» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалдарында қайтарымды негізде даярлау үшін азаматтарды іріктеуді жүргізу болып табылады. Оқу ақысы – ақылы негізде, мұнда үш реттік ыстық тамақ, киім-кешек, оқу үрдісіндегі (жаттығуларды өткізу мен жанар-жағар май материалдарымен қамтамасыз ету) және казармада тұру шығындары кіреді. Оқу үшін жиырма төрттен – жиырма жеті жасқа дейінгі, әскери қызметке жарамды немесе денсаулық жағдайы бойынша шектеулі жарамды, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқығы бар әскерге шақырылушылар қатыстырылады. Оқу аяқталған соң олар әскери міндеттілер есебіне ауыстырылады.

– Борышын өтеуден жалтарғандарға қандай шара көріледі?

– Қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін әскерге шақырылушылардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі көзделген. Атап айтқанда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 617-бабында шақырылушының шақыру бойынша белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш немесе 13 800 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.

Сонымен қатар, заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабының 1-бөлімі негізінде бір мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімді бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сол баптың 2-бөліміне сәйкес, өзінің денсаулығына қасақана зиян келтіру арқылы, ауруды симуляциялау арқылы, құжаттарды қолдан жасау немесе өзге алдау амалдарына барғанда – үш мың айлық көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жүктеледі. Болмаса үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы