ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

476 көрілім

Біз үшеуміз құрдас едік. Яғни, қазақылықпен айтар болсақ, бір жылғы төлдерміз. Қайран ғана өмір-ай десеңші. Бұл жалғаннан біреу ерте, біреу кеш кетеді. Қалай десек те мәңгілік мекеніміз бір. Алланың әмірімен гүлмен көмкерілген табыт қара жер қойнауына тапсырылғанда мәңгілік сапарымыз басталады…

Осы біз, екі аяқты пенделер, жарық дүниенің қадір-қасиетін біліп жүрміз бе? Күнделікті күйбең тіршілікте онсыз да қамшының сабындай қысқа ғұмырдың мән-мағынасын терең ұғына аламыз ба? Неліктен адамдардың бір-біріне деген риясыз құрмет-қошеметі шектеулі болады? Неліктен қарақан қара басымыздың жайын күйттеуге бейім тұрамыз?

Жалпы, пайғамбар жасынан асқаннан кейін санасы сергек жандардың көпшілігін осындай бей-берекеттікпен өрнектелген сан алуан сауалдар мазасыздандырып, қиял әлеміне шарқ ұрғызады. Кештеу болса да жаныңа тыншу бермейтін сезім шырғалаңы ойыңды шартарапқа сабылдырып, өзгеше бір әлемде жүргендей күй кешетінің ақиқат.

Әңгімеміздің арқауы болып отырған марқұм Балғабай құрдастың жылдық асы жақындаған сайын ол туралы ойланатын болдық. Жарқын жүзі бал-бұл жанып, кабинетімізге кіріп келетіндей күй кешеміз. Марқұм дос-ай, бір тынбайтын еді. Білім ордасындағы жиындардың бел ортасында жүретін. Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қазір зейнеткер жандардың жай-күйін ойлайтын, солардың жанына шуақ төгетін бір жақсылық жасасам деген ниетінен айныған емес. Университеттің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан бүгінгі ардагерлерге басшылық тарапынан алғыс хат, білім ордасының төсбелгісін алып беруге жанын салатын. Айтулы мейрамдарда ардагерлердің бірін де ұмыт қалдырмай қолдарына ақшалай-заттай сыйлық ұстататын. Осындай сый-сияпатқа ие болған осынау ардақты да аяулы жандар-дың бір сәт өздерін бақытты сезінген, бал-бұл жанған жүздерін көрудің өзі сондай ғанибет! Осы сыйды өз қолымен ұсынып тұрған Балғабай құрдастың жүзінен нұр тамып тұрғандай көрінетін cәттердің талай рет куәсі де болдық. Ех, Балғабай дос-құр-дас, сен бізді ертелеу тастап кеттің ғой. Сен қаймана қазаққа, өзің соншалықты құрмет-теп, жақсы көретін Ардагерлеріңе керек едің. Олардың қай-қайсысы болмасын сенің ортамызға оралып, өз қолымен сыйлық үлестіретініңнен үміттеніп, өзіңді сағынып жүр, қайран ғана бауыр дос, аяулы құрдас…

Аяулы дос-құрдас, марқұм Балғабай Исақұлұлы Нақыповтың ғибратты өмірінің өрнектері терең ойларға жетелейді. 1951 жылдың 15 желтоқсанында Түркістан облысы (Оңтүстік Қазақстан) Мырзашөл өңіріндегі Жетісай ауданы (бұрынғы Киров ауданы) «Большевик» кеңшарында дүниеге келген. Ол Түркістан қаласындағы №386 орта мектепті бітірген. 1969-1973 жылдары Қарағанды кооператив институтының экономика факультетінде жоғары білім алып, 1973 жылы Түркістан қалалық тұтынушылар қоғамында аға экономист қызметін атқарды. 1973-1974 жылдары кеңес әскері қатарында азаматтық борышын әскери-десант құрамасында өтеді.

Мінсіз қызмет атқарып, 1975 жылы әскери жолдамамен ішкі істер органына қызметке қабылданды. Содан Түркістан қалалық ішкі істер бөлімінде қылмысты іздестіру аға инспекторы болды. 1976-1982 жылдары Е.Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің заң факультетінде сырттай білім алды. Осы жылдарда оның заң саласындағы өсіп-өрлеу жолдары сайрап жатыр. 1977 жылы Кентау қалалық ішкі істер бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарып, 1984 жылы Мәскеу қаласындағы ішкі істер министрлігі Академиясының құқық қорғау саласының басшыларын даярлайтын факультетіне қабылданып, 1986 жылы оны бітірген соң 1986-1998 жылдар аралығында Келес, Шардара, Түркістан қала-аудандарында ішкі істер басқармаларының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. 1998-2002 жылдары Қазақстан Ішкі істер Бас Басқармасы бастығының бірінші орынбасары лауазымына ие болды.

Кезінде марқұм Балғабай Нақыповтың ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғау, білікті кадрлар даярлау жолындағы қажымас еңбектері лайықты бағаланды. Нақтылап айтар болсақ, ҚР ІІМ-нің ОҚО ішкі істер басқармасының Мәскеу ІІМ-гі Академиясының, ОҚО және Түркістан қаласы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, «ҚР ІІМ-нің еңбегі сіңген қызметкері», «ҚР ІІМ-нің үздік қылмысты іздестіру инспекторы» атақтарына ие болды. Сондай-ақ, 2009 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Мінсіз қызметі үшін» І,ІІ,ІІІ дәрежелі медальдарымен, «ҚР Конституциясына – 10 жыл» медалімен ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Ресей ІІМ-гі Тергеу комитетінің 45 жылдық мерекелік медалімен марапатталған. Түркістан қаласының Құрметті азаматы атағына ие болды. «Құрмет» орденінің иегері.

Бауыр дос Балғабай Исақұлұлы білікті заңгер ретінде өзінің ізбасар шәкірттерін тәрбиелеуді негізгі өмірлік ұстанымына айналдырған сегіз қырлы бір сырлы ғажайып азамат-ардагер еді. 1993 жылдан бастап, негізгі басшылық қызметімен қатар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетінде ұстаздық етті. «Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминология» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор ретінде заманауи заңгерлер даярлауға белсене араласты. Осы жылдары құқық саласының өзекті мәселелері жөніндегі 35 ғылыми-зерттеу мақалалары мен оқу-әдістемелік құралдарын жарыққа шығарды. Кең көлемдегі ғылыми ізденістерінің нәтижесінде 2009 жылғы желтоқсанда ҚР Ішкі істер Академиясының ОД-14.20.10. диссертациялық кеңесінде «Теоретические проблемы предупреждения рецидивной преступности» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

Марқұм Балғабай Нақыпов зейнеткерлікке шыққаннан кейін ұстаздық қызметке біржолата ден қойды. Университетте кафедра меңгерушісі, Заң факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарды. Уақыт өте келе оқу орны ректорының кеңесшісі, Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін қоса атқарып жүрді. Сол жылдары Б.Нақыповтың көмекші-референт болып жанында жүрген шәкірті Ерназар Баетов қазір Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Ерназар Көпжасарұлы ұстазы Балғабай Исақұлұлы жайында тебіреніспен сөз қозғайды.

– 1999 жылы университеттің Заң факультетіне студент қатарына қабылдан-ғаннан бергі уақытта ұстазбен әрдайым тығыз қарым-қатынаста болдық, – дейді ол.

– Оқу орнын бітіргеннен кейін аға меңгерушілік ететін «Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминология» кафедрасында оқытушы болдым. Университет ректорының кеңесшісі болғанда да көмекші-референті ретінде жанында жүрдім. Ұстаз-ағамыз іскер, тынымсыз жан еді. Игі істердің басы-қасында болып, ұйымдастырушылық қызметін мінсіз атқаратын. Ол кісі ректор кеңесшісі қызметімен қоса Ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Сондай-ақ, Ардагерлер ұйымы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Тәртіптік этикалық комиссия бағыттары бойынша төрағалық жасап, университет имиджінің дамуына зор үлес қосты. Сонымен қатар, магистранттар мен докторанттарға жетекшілік жасады. Университет пен облыстағы зиялы қауым өкілдерімен байланыс орнатып, біршама маңызды жұмыстар атқарды.

Балғабай ағамыз заң саласында теория мен практиканы ұштастыра білген, әрі осы салаларда ұстаз ретінде есімізде мәңгі қалады. Бүгінде өзі тәрбиелеген шәкірттері өз салаларының білімді де білікті маманда-ры ретінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет жасап жатыр. Әрдайым «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» деп айтушы еді. Университетіміз ашылған күннен бастап қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагер-ұстаздар мен қызметкерлермен байланыс жасап, мерекелерде университет тарапынан іс-шараларға шақырып, ауырып қалса үйлеріне барып көңілдерін сұрап, мүмкіндігінше университетіміздің кәсіподақ комитетімен бірлесе қаржылай немесе материалдық тұрғыда сый-сияпат жасап, көңілдерінен шығуға тырысатын. Өмірінің соңына дейін денсаулығының сыр бергеніне қарамастан қызмет жасап кетті.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ағамыздың жанында жүріп, өмірлік тәжірибе алдым десем қателеспеймін. Себебі, Балғабай ағамыз қалалық, облыстық, республикалық ардагерлер ұйымдарымен және ақсақалдар алқасымен тығыз байланыс жасап, облысымызда ұйымдастырылған ауқымды іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Мен бұған куәмін. «Ғалымның аты өлсе де, хаты өшпейді» демекші, ғылыми мақалалар жазғанда өзінің ұсыныс-пікірлерін айтып, бағыт-бағдар беріп жүретін. Ағамыздың атқарған орасан зор еңбектері келешек ұрпаққа аманат болып қала бермек…

Ұстаз-ардагер жайлы шәкірті осылай толғанады. Айтса айтқандай, дос-құрдас Балғабай марқұм артына өшпес із қалдырды. Өнегелі отбасы болды. Екі ұл, екі қызын құтты орындарына қондырып, жұбайы Сабира Шаймерденова ханыммен бірге немерелерін құшақтарына алды.

Университет ұжымы атынан Нақыповтар отбасына ниеттерің қабыл болсын дегіміз келеді. Ұстаз, дос-құрдас Балғабай марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Нұры пейіштің төрінде шалқысын!

Бораш МЫРЗАЛИЕВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ардагерлер кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Сейдулла САДЫҚОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркі әлемінің үздік педагогы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, университет ардагері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы