ҚАЗАҚ САНЫН КӨБЕЙТКЕНДЕР

524 көрілім

Жақында Шорнақ ауылының тұрғыны Дариға Қасымованың отбасында болдық. Қазақ ұлтына тұрмысқа шыққан татар қызының ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген ісмер жан екенін үй жабдықтарынан байқадық. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымыздың бірі көне сандықтарды жүк аяғымен тап-таза қалпында сақтап, үстіне жүк жинап қойғаны керемет әсер қалдырып, тамаша көңіл-күй сыйлады.

Ашық-жарқын мінезді Дариғадан өмір жолдарын сұрадық.

– Мен 1962 жылы 6 қыркүйекте Шорнақ ауылында дүниеге келгенмін. Әкеміз Фарид пен анамыз Марияның тұла бойы тұңғыштарымын. Біз жанұямызда 6 қыз, 2 ұлмыз. Ұлбике, Рита, Эльмира, Дельмира, Альфия есімді сіңлілерім мен Марат, Мэльс есімді інілерім бар. Марат інім қайтыс болды. Артында бір ұлы қалды. Аллаға шүкір, «Орнында бар оңалар» дегендей, інімнің шамшырағы жанып, ұрпағы өсіп-өніп отыр.

Мен Қосмезгіл ауылының жігіті Ақболат Қасымовқа тұрмысқа шығып, тату-тәтті өмір сүрдік. Құдай қосқан қосағым 28 жасында қайтыс болды. Жеті жыл отандасқан ерімнен айрылу оңайға соқпады маған. Артында зар еңіреп қала бердім. Аллаға шүкір, Абзал есімді ұлым, Роза, Нұрлы есімді қыздарым бар. Бүгінде осынау ұл-қыздарымнан 12 немере сүйіп отырмын, – дейді Дариға.

Бағанадан бері үйдегі жүк аяғымен тұрған сандықтарға қарағыштай бергенімді байқаған Дариға: – Алғаш келін болып түскенімде үйде 5 қайынсіңлім, бір қайным бар болатын. Аллаға шүкір, барлығын енем екеуміз жайғастырдық. Бүгінде бес қыз бес үйдің шамшырағын жағып отырған отана атанса, қайным үйлі-жайлы болды. Барлығы өсіп-өніп отыр. Енем Назгүл 10 ұл-қызды дүниеге әкелген Батыр ана. Енем біздің қолымызда тұрады. Бүгін қыздарының үйіне қыдырып кеткен болатын. Енем өте жақсы жан. Мына сандықтар мен келін болып түскенде бар болатын. Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарымыздың қадірі артып жатыр емес па, – деп қайын енесін мақтап отырған Дариғаның әрбір сөзі бізге майдай жағып отырды.

Дариғаның айтуынша, өзінен кейінгі бес қыз да қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығыпты. Оны өзі: «Қазақы тілмен айтсам, Ұлбике екеуміз тарақты руына, Рита мен Дельмира жетімдер руына, Эльмира мен Альфия божбан руына келін болып, қазақ ұлтының санын көбейтіп отырмыз,- деп қуана айтып отырды.

Дариға қазақ халқының тілін ғана біліп қоймай, ұлттық нақыштағы құндылықтарымызды насихаттап жүргенін мақтанышпен жеткізді. Әсіресе, әжелерімізге арнап тіккен кең көйлектер мен кимешектері, бойжеткен қызға арнап тіккен сәукелелері қандай әдемі. Сондай-ақ, ұлттық оюлармен безендіріп тіккен қоржындар да көздің жауын аларлықтай. Сонымен қатар, қаз-қаз басып жүріп жатқан жас бүлдіршіндердің тұсауын кесу мерекесіне арнап тіккен ұлттық нақыштағы киімді айтсаңызшы.

«Асыл қазына» әжелер тобының мүшелерінің ұлттық нақыштағы киімдерін де Дариғаның тіккенін білдік. Өзі де осы топтың мүшесі екен. «Сегіз қырлы бір сырлы» деген қанатты сөз әуелетіп ән салатын, қолынан бал тамған Дариғаға арналып айтылғандай.

Ендеше, Қасымовтар әулетінің тамырын кеңге жайған бәйтерегі болып отырған Дариғаға елдің айтар алғысы мол.

Рита Фаридқызы Хайбуллина 1966 жылдың тумасы. Шорнақ ауылында дүниеге келген татар қызы. Орта мектепті бітірісімен еңбекке араласып, ауылдағы мақта зауытында жұмыс жасайды. Бір ауылда өскен, одан бірге жұмыс істеп жүрген қазақ жігіті Берік Тұрғынов екеуі бір-бірін ұнатып, 1987 жылы 27 ақпанда жастар отау құрады.

Тұла бойы тұңғыштары Біржан 1988 жылы, Нұржан 1990 жылы, Ерлан 1991 жылы, қыздан үлкені Айнұр 1993 жылы, одан кейінгі Нұрлан 1995 жылы, кенжелері Гүлнұр 1998 жылы дүниеге келіпті.

Күнкөріске жарап  отырған мақта зауыты  1998 жылы өз жұмысын тоқтатқанда  ауыл тұрғындарының  біршамасы жұмыссыз қалғаны рас. Сонда қолының өнері барлар заман талабына сай кәсіптерін жалғастырғандардың  бірі  Берік Тұрғынов машина жөндеу кәсібімен айналысып, бүгінде ауылдың  моторисі  атанса,   «Күміс алқа» медалін иеленген Рита Фаридқызы бала санымен  зейнеткерлікке шығып, көп балалы ана атанғанның  жақсылығын   көріп отыр екен.

«Тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» деп ақын жырлағандай, «татар тілін ұмытып қалған жоқсыз ба? деген сауалымызға қазақ тілінде таза сайрап отырған Рита жеңгейдің: «Мен  қазақ ауылында  өскендіктен, оның үстіне қазақ мектебінде оқығандықтан татар тілін білмеймін. Ол тілде сөйлей алмаймын. Әке-шешем татар болғанымен үйде олар да татар тілінде сөйлемейтін. Кішкентай кезімнен тек қазақ тілінде сөйлеймін. Осынау қазақ ұлтынан өсіп-өніп отырғандықтан менің жүрегім де жаным да қазақ болып кеткен», – деп жауап қатқанына қалай риза болмасқа.

Жеті жылдан бері Корея елінде еңбек етіп жатқан   Ерлан мен Нұрлан есімді ұлдарының  тапқан табыстарына  үлкен үй салып  бітірген Тұрғыновтар әулетінің қуанышында шек жоқ.  10 немере сүйіп отырған  Берік Тұрғынов пен Рита Хайбуллинаның шаңырақ көтергендеріне биыл 35 жыл толып отыр екен. Ендеше, қазақ санын көбейтіп отырған Рита Фаридқызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы