ЕЛ БІРЛІГІН ҰЛЫҚТАҒАН МЕРЕКЕ

904 көрілім

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Осыған орай Түркістан қаласында салтанатты шара өтті. Ел бірлігін бекемдеген жиынға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, халық қалаулылары, зиялы қауым мен түрлі ұлт өкілдері қатысты. Ақжайық музыка мектебіне жиылған қонақтарды шаһардағы өзбек, түрік, славян халықтары ұлттық киімдерімен қарсы алып, арнайы ас мәзірін ұсынды. Сонымен қатар, кітап көрмесі көздің жауын алып келушілер көңілінен шықты.

Шара шымылдығы татулықты ту етіп, бірлік пен ынтымаққа шақыратын бейнебаянмен түрілді. Қалалық мәдениет үйі мен Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театр әртістері қойылым көрсетті, татулықтан сыр шертті. Оқушылар ана тілде мерекені ұлықтап өлең  оқыды. Бисұлтан бишілері кешті ажарландырса, мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашты.  

«Бұл мереке біздің ырысымыз бен ынтымағымыздың, бірлігіміз бен баянды тірлігімізді дәріптейтін ерекше күн. Тәуелсіз еліміздің шежірелі тарихында Түркістанның орны бір төбе. Соңғы төрт жылдан бері облыс орталығы даму үсінде. Көркейіп келе жатқан киелі қаламыз бүгінгі таңда түркі жұртының мақтанышына айналды. Тілі мен жүрегі, ниеті мен жұмыла атқарған жұмысы бір көпұлтты қаламыз өсіп-өркендей берсін. Әрбіріміздің жеткен жетістік, бағындырған белесіміз ол біздің тұрақтылығымызбен табандылығымыздың, ауызбіршілігіміздің негізі деп білемін», – деген шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков жиын барысында өз сөзінде мерекенің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, қаланың өсіп-өркендеуі, еліміздің ауызбіршілігі мен ынтымағы жолында еселі еңбек атқарған біршама азаматтарды алғыс хаттармен арнайы марапаттады.

Сонымен бірге сөз алған облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық өзбек этно мәдени бірлестігі жанындағы  Ақсақалдар алқасының төрағасы Толқын Сайтмұратов мерекемен құттықтап, игі тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс болса оның 50-ден астамы Түркістан облысында бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп келеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы