Партия төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезі өтті. Бейне конференц байланыс арқылы өткен сьезге Түркістан облысынан партияның аймақтық филиалының төрағасы Ө.Шөкеев бастаған 25 делегат қосылып, қатыстық.
Қазіргі уақытта Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінде ауқымды өзгерістер орын алуда. Бұл жұмыстар Президенттің халыққа арнаған Жолдауында айтылған билік институттарын күрделі қайта құрылымдау мен теңгерімдеу тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр. Саяси реформаларға байланысты заңнаманы өзгерту бойынша ұсынылған бастамалары партиялық құрылыс үдерісін жандандыра түскені анық.
Съезді жүргізіп отырған Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның модернизациялау барысында атқарылған жұмыстарды баяндап, өңірлерге жасаған сапарларының нәтижелерін де әңгімелеп берді.
Партия жанынан құрылған мобильді қоғамдық қабылдаулар наурыз айынан бастап бүгінге дейін еліміздегі 196 ауылға барып, елмен кездесулер өткізіп үлгерген. Онда 2 мыңнан астам азаматтың арыз-шағымы мен өтініш тілектері қаралған. Соның қазіргі таңда 400-ден астамы оң шешімін тауып отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымдары өздеріне қайтарылған жарналардың 20 пайызын тиімді пайдалануды қолға алған.
Бүгін еліміздің саяси өмірінде маңызды оқиға орын алды. Яғни, «ADAL» партиясы «AMANAT»-қа қосылды. Бұл әлемдік тәжірибедегі қалыпты жағдай. Бұл партия өз тарихында осындай бірнеше кезеңдерден өткенін жақсы білеміз. Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, дамыған елдердің жетекші партиялары да бірігу процесінен өткенін көруге болады. Оның үстіне жаһандық экономикалық және геосаяси дағдарыс жағдайында бұрынғыдан да өзекті бола түскен реформалар бірігу туралы шешім қабылдауына негіз болып отыр.
«AMANAT» – жетекші саяси күш, партияның Мәжілістегі басымдығы оған билік институттарындағы негізгі кандидаттарды келісу құқығын иеленуге, мәслихаттардағы партия өкілдері де басым, бұл жергілікті деңгейде басқаруға қатысуды қамтамасыз етеді.
Бүгінде аталған салмақты саяси ұйымның әр өңірде, ауданда филиалдары, 238 қоғамдық қабылдау бөлмесі, жеткілікті кадрлық әлеуеті, партиялық БАҚ-ы («Нұр Медиа» холдингі), үлкен сайлау тәжірибесі бар екенін ескерсек, ол адалдықтардың ең озық идеяларын толыққанды жүзеге асыруды қамтамасыз ете алады.
Съезд барысында Парламент Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев қос партияның бірігуі ресурстарды ілгерілетуге және әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Ендігі кезекте саяси «Жаңа Қазақстан» реформасын одан әрі іске асыруда жаңа тәсілдер мен әдістерді ұсына алатынына сенім мол.
Президент ребрендингінен кейінгі өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, институтционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталып, қысқа мерзімде жүктелген міндеттер өз деңгейінде орындалуда.
«Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте, партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің бүгіннен бастап «AMANAT» партиясының Төрағасы ретінде өкілеттігін тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ол Президент сайлауында сенім артып, қолдау көрсеткен партияластарға шынайы алғысын да білдірді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ешбір партияға мүше болмай, саяси тұрғыдан бейтарап қағиданы ұстануды құп көретіндігін жеткізді. Бұл ұстанымы әділдіктің нышанына айналады деп санайды. Ел Президенті Партия Төрағасы лауазымына Ерлан Жақанұлы Қошановты ұсынды. Делегаттар мемлекет басшысының бұл ұсынысын бірауыздан қолдады.
Партиялардың нығаю үдерісін қолдау қажет, ол азаматтық қоғамға, қарапайым азаматтар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы диалогтың тиімділігіне оң әсер етері сөзсіз. Электорат үшін күрес барысында тұрғындардың түйінді түйткілдеріне жылдам жауап беруге, оларды шешу жолдарын ұсынып, қабылданған шешімдер мен шаралардың орындалуына ұмтылады.
Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі.