МҮГЕДЕКТІ СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАН КІМ?

634 көрілім

Түркістан қаласындағы 1-ші шағын ауданы 10 «В», 62-ші пәтердің тұрғыны, екінші топтағы мүгедек Мырзахан Байдаулетовтің пәтерін кеңейту мәселесімен қалалық, облыстық әкімдіктен бастап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін жазып, бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Шындықтың жолында жалғыз өзі шырылдап жүр. «Түркістан» газетіне құжаттарын құшақтап, бірнеше мәрте келген соң, мәселенің ақ-қарасын анықтауға тырыстық.

Мырзахан Байдаулетовтың отбасында бес жан бар. Барлығы пайдалы алаңы 40,7 шаршы метрлік болса, оның тұрғын жайы -17,7,тұрғын емесі 23 шаршы метрлік бір бөлмеде тұрады. Әйелі Матаева Гүлжан екінші топтағы мүгедек. Үш баласының үлкені Дамир -11 жаста, Нұрай -9 жаста, кішісі Нұрислам тоғыз айлық.

Құзырлы органдарға жолдаған хаттарында Мырзахан Байдәулетов «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңының 75-бабына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй әр адамға кемінде он бес шаршы метрден көп дегенде он сегіз шаршы метр пайдалы алаң берілуі тиіс.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің 26.10.2018 жылғы № 29 бұйрығымен бекітілген «Әкімшілік және тұрғын ғимараттарға қойылатын санитариялық- эпидемиологиялық талаптар санитариялық қағидаларының 6-тармағында қарастырылған талаптарға М. Байдаулетовтың отбасы тұрып жатқан пәтердің алаңы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтіні Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 2021 жылғы наурыздың 19-ындағы №24-37-19—04-586 актісімен қуатталады.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңының 76-бабының 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру кезінде бір бөлмеге әр жынысты адамдарды (ерлі-зайыптылардан басқа) тұрғызуға жол берілмейді деп көрсетілген.

Осындай мүмкіндігі бола тұра, Мырзахан Байдаулетовке оның құқықтық мүмкіндіктері жан-жақты түсіндіріліп, аядай бір бөлмеде тұрып жатқан бес жанның тағдырына немқұрайлы қарап, ісін үш жыл бойы созбалаңдыққа салған Түркістан қаласы әкімінің орынбасарлары М.Базарқұлов, Ж.Тасов, аппарат басшысы Ж. Наушабай, бөлім басшысы А. Омаров, осы салаға жауапты маман Ж.Купаев Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбектің ұсынуымен тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Шиеттей балаларымен не сабақ оқуға мүмкіндігі жоқ аядай бөлмеде тұрып жатқан отбасының жайымен Мырзахан Байдәулетов емен есіктерді әлі жағалап жүр. Құзырлы органдар оның хатын бір-біріне жолдап, қақпақылдап, футбол ойынын ойнап отырғанына төртінші жылға кетіп бара жатыр. «Қалтаңда қаржың, артыңда көкең болмаса, осы жүргенің жүрген» деп мысқылдайды таныстары.

Мырзахан Байдәулетовтің тағдыры жөнінде Түркістан қаласы Тұрғын үй қатынастары және инспекциясының басшысы Талғат Үсенбаевтан сұрағанымызда оның әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларының жеңілдікті кезегінде 5334-ші болып тұрғандығын, облыс орталығы атанған Түркістанда көп үйлердің салынып жатқанын, соған орай пәтер кезегінің тез алға жылжитындығын, кез-келген қала тұрғынының өз кезегін интернет арқылы да қадағалай алатындығын айтты.

Жақында Түркістан облыс әкімінің баспасөз қызметі 2021 жылы Түркістан облысында барлық қаржыландыру көздерінен 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен 100-ден астам футбол алаңының көлеміне тең деген ақпарат таратты. Оны кімдер алып жатыр? «Аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайды» дегендей қаржысы, тамыр-танысы жоқ кедей-кепшіктер қашанғы осылай жетім қозы секілді көздері жәутеңдеп, басшыларға телміреді?

Иса БЕРКІМБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы