СОЛ ҚАНАТТА ЖҰМАҚ – «КЕРУЕН САРАЙ», ОҢ ҚАНАТТА ТОЗАҚ – ШАВГАР

548 көрілім

«Көктемде саз балшықпен алысып, жазда топыраққа малынып әбден шаршадық»- бұл киелі шаһарымызда орналасқан «Шавгар» мөлтек ауданының тұрғындарының жан айқайы. Мөлтек аудан әлемге әйгілі, екінші «Венеция» атанып кеткен даңқты «Керуен Сарайдың» тап маңында орналасқан. Дегенменде жандарына батқан түйіткілді мәселелері жетерлік. Осындай мәселелерін көзбен көрмекке Шавгар мөлтек ауданындағы көшелердің біріне табан тіредік. Ондағы мақсатымыз көктем келсе көлік бататын, қыс келсе табан таятын көше тұрғындарының үніне құлақ түру.

«2021 жылдың көктем айымен күз айларында онлайн түрде қалалық әкімдікке арыз-шағымдарымызды жолдадық. Алайда біздің мәселемізді ескеріп жатқан ешкім жоқ. Отбасымызбен осы мөлтек ауданда 3 жылдан бері тұрамыз. Балаларым мектепке жаяу барып келеді. Балабақшаға да кіші баламды өзім апарамын. Мұнда жеке көлік тұрмақ, автобустарда жүре алмай көшенің басынан қайтып кетеді. Соның салдарынан оқушылар сабаққа кешігіп, жұмысына асыққан ересектер жарты жолды белшеден балшық кешіп жаяу тас жолға әрең жетеміз. Себебі жазда бұрқыраған шаң тозаң, көктемде тізеден келер шалшық суды кешіп автобустар да, жеке такси көлік қызметіде көшелерімізге кіргілері келмейді. Тіпті жедел жәрдем көлігі де кейде кіре алмай қайтады»,-деп балаларының ертеңіне алаңдаған, 5 баланың анасы Әсел Көлбаева өз шындығын жеткізді.

Тұрғындардың айтары көп болды. Осылай сергелдеңге салып қойған қала әкімдігіне де өкпелері жоқ емес. Шавгар елді мекенінің басым көпшілігі көп балалы отбасылар. Балабақша жасындағы бүлдіршіндер саны да жетерлік. Алайда ойын алаңшалары әзірге арман ғана болып тұр дейді наразы тұрғындар.

«Осы мөлтек ауданда 10 жылдан бері тұрамын. 4 баланың анасымын. Мұндағы тізілген қиындықтар мен шешілмейтін мәселелерден әбден шаршадық. Күндіз-түні балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдап әрбір ата-ана уайымдап отырамыз. Қыс мезгілінде күн тез батып, қараңғы болып кетеді. Оқушылар сабақтан кеш қайтады. Көшелерімізден зорға жүріп келетіндері былай тұрсын, жарық жоқ оған қоса көшені қаптаған қабаған иттер. Көп толғандыратын тағы бір мәселенің бірі бүлдіршіндеріміз арнайы жасақталған, қауіпсіз ойын алаңшаларында ойнаса екен дейміз. Бізде Түркістан қаласының тұрғыны ретінде сапалы жолмен жүріп, қоғамдық көлікке еркін мініп, балаларымызды талапқа сай ойын алаңшаларда ойнатқымыз келеді»,-дейді Гозель Абдукаримова.

Бүгінде ашуға булыққан жұрттың жаны жай табар емес. Бұл жайында, осы көшеге жауапты «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы» түсініктеме берді.

«Мәселе көтеріліп отырған Шавгар мөлтек ауданындағы Атажұрт көшесі №6 қала ішілік қоғамдық көліктің бағыты соңғы аялдамасы осы Атажұрт көшесіне ұзартылуына байланысты, көшеге асфальт жабындысын төсеп берілуі сұратылып отыр. Аталған көшені асфальттау үшін ең әуелі инфрақұрылым жүйелері толық аяқталуы керек. Яғни ауыз су, газ, сарқынды су және коммуникациялық жүйелер толық аяқталып бітуі тиіс. Себебі асфальт жабындысын салғаннансоң осы жұмыстар жасалатын болса, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына алып келеді», – деп атап өтті Арман Оңалханұлы. Түркістан әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Ерсейіт Бұхарбаевтың айтуынша «Шавгар мөлтек ауданы, Ортақ тұрғын үй массивіндегі сарқынды су жүйелерінің құрылысы 2-кезек» жұмыс жобасына қарастырылған. Аталған жұмыс жобасының сметалық құжаттамалары рәсімделіп, мемлекеттік сараптаманың 17.06.2020 жылы №19-0211/20 оң қорытындысы алынған. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, конкурстың қорытындысы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге мердігер мекеме «Taimas Construction» ЖШС болып танылған. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың ІІ тоқсанынан бастап жүргізіледі.

«Қойылған талап пен айтылған ша-ғымдар сөз жүзінде ғана қалып қоймай, көңіліміз толарлықтай нәтиже берсе екен деген үміттеміз»,- дейді тұрғындар.

Арайлым МЕЙРАМХАНҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы