ҚАРА ЖЕРГЕ ЗАР БОЛҒАН ҚАЙРАН ЖҰРТЫМ

529 көрілім

Халықтың тыныс-тіршілігі, өмір келбеті, бүгінгі жағдайы хақында көп дүние толғануға болады. Оның өзі жайдан жай ғана айтыла салатын, сондай екен ғой деп сыйпай қамшылай салатын толғаныс емес. Әрбір жағдайды айтқанда жүрегің қарыс айырылып, көкірек көзіңнен сора-сора жас ағар күй кешерің даусыз. Соның бірі «өз үйім өлең төсегім» деп санайтын өз үйің – баспана!

Газетіміздің өткен сандарында шаһардағы тұрғын үй кезегіне тұрып, жылдар бойы баспанаға жете алмай жүрген қараша халық хақында айтқанбыз. Облыс орталығы болғалы олардың нақты саны 15 мыңға жуықтады. Құрылыс қарқынды жүріп жатқан өңірдегі беріліп жатқан баспана саны айтарлықтай көп. Тіпті тұтас ел бойынша алдыңғы орында тұр десек қателеспейміз. Енді осыған қарамастан баспанаға ие болғандар санын үй алғысы келгендер саны неше он еселеп артқа қалдыруда. Ақиқаты осы, үрдістің қалыптасқаны қалыптасқан. Себебі баспанасыздар саны көп. Барлығы өз арманына жеткісі келеді.

Асылы осы түйткілді шешудің тағы бір жолы тегін жер телімі-тұғын. Алақандай жері болған кез-келген отбасы бар назарын баспана тұрғызып алуға шоғырландырары хақ. Неше ондаған жыл сарыла үй күткеннен гөрі жер алып баспана салу әлдеқайда ыңғайлы. Тынбай харекет етсе болғаны жылдар бойы тер төксе де бір амалын жасар еді.

Ілгері де осы жер телімін беруді жергілікті әкімшілік жөнге салып келді. Арманы асқақ қараша жұрт әкімдіктің есігін тоздырып, ары-бері сабылды. Есік-есікке жаутаңдап құжаттар жинады. Бірі толып жатқан құжат жинаудан ары аса алмай торықса, енді бірі кезегінің қайта-қайта өзгеріп кете беруінен жалықты. Солай болды да әділеттің ауылы алыс екенін терең ұғынды. Ұғынды да екі қолын бір сілтеп осы бір жолдан баз кешті. Әлде бір таныстарының он жыл, тіпті жиырма жыл бойына жерге қолы жетпегенін көріп түңілді. Осылайша он соттық жерге жету туралы көбі ойлауды қойды. Бір сөзбен айтқанда бір жола ұмытты.

Енді осы өшкен үмітті 2022 жылдың наурыз айындағы жаңа өзгеріс жандандырды. Бұрынғыдай есік-есікке жәутеңдеудің қажеті де жоқ. Бар болғаны электронды цифрлы қол таңба құтқарушы жұлдызыңыз. Кәдімгі «Электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық түрде қызмет ала аласыз.

Ақиқаты барша ел тегін 10 соттық жерді алуға өтінім беруге жылдам кірісіп кетті. Ешкімде уақытта, тіпті кезегіміз қашан келеді деген күдікте жоқ. Әуелі кешкілік ауызашардағы әңгіменің арқауы да осы тақырып. Гу-гу әңгіме, асқақ арман мен ұлы үміт оты маздайды әр сөздерінен.

Бұл жаңа Қазақстанмен бірге аспаннан тегін жауған май шелпек емес. Жол ортада тосын кездескен олжа болмағаны да айдан анық. Тіпті жаңа жоба емес екені де ақиқат. Былайша айтқанда егеменді еліміздің кеше мен бүгінінде қалыптасқан қағида. Жер телімін алу құқығы «Жер қатынастары туралы» Заңның 50-бабында көрсетілген. Анығы 18 жастан асқан кез келген қазақстандық жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер телімін тегін ала алады.

Наурызда басталған жаңа өзгерістер бойынша атаулы жерді алуға жылжымайтын мүлік – пәтер, үй, гараж, жер учаскесі бар-жоғы маңызды емес. Әуелі еліміздің кез-келген өңірін таңдауға толық мүмкіндік қарастырылған. Әркімнің өз еркі өзінде. Бұл жердегі түйткіл кезегің келгенше төзімің таусылмаса болғаны.

Облыс орталығына айналғалы гүлдену мен түрленудің жаңа үлгісін қалыптастырған шаһарда жер телімі де маңызды күн тәртібінде тұр. Дамудың жаңа қадамына аяқ басқалы Түркістанның қара жері де құйрығын ұстатпай кеткен. Жерге сұраныстың артуы жыл сайын анық байқалуда. Содан да баға шарықтап-ақ тұр. Шаһар бойынша тұрғындар жер алу үшін жер кезегіне 2000 жылдан бастап тіркеле бастаған. Бүгінгі таңда арнаулы жер кезегінде тұрғандар саны 51354 адамға жеткен. Бұл киелі шаһардағы көрсеткіш. Соңғы айларда тіркелушілер саны шұғыл түрде артқан. Оның анық көрінісі 2021 жылғы сәуір айында 302 өтініш тіркелсе, биылғы жылдың сәуір айында 1960 өтініш тіркелген.

Ал, тұтас еліміз бойынша 2,5 милионнан астам тұрғын жер алуға өтініш білдірген. Осыншама сандық көрсеткішке қарамастан осы жылы ел бойынша берілуге дайын 18 мың жер телімі ғана бар. Бұдан шығатын қорытынды бүгін немесе күні ертең жерге қол жетпесі анық. Шындығында осындай жеңіл аяңмен жүрсе қашан жерге қолы жетерін ешкімде болжай алмайды.

Енді қала бойынша кезекте тұрғандар саны айтарлықтай көп-ақ. Осы мәселені шешудің нақты жолдары қаралып, оң шешімге қадамдар жасалып жатыр. Нақтылап айтқанда жеке тұрғын үй құрылысы үшін резервтегі 300 га жер аумағы (3000 адамға жер телімі деген сөз) дайындалу үстінде. Ондағы басты себеп жерді бұрынғыдай қу медиен құба түзден, ойға келген аумақтан қазығын қағып мынау сенікі, анау оныкі деп бере салатын жосын құрдымға кетті. Өз кезегінде қолданыстағы заңдарға сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін бөлуге арналған алаңдардың дайын болуына қарай (арнайы есеп кезегімен) табысталады. Соның ішінде, бөлінетін жерлерге алдын ала инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылуы керек. Бір сөзбен айтқанда жарық, жол, су болуы керек. Содан кейін барып біз дайындап бердік, енді үй салып алыңдар деп ұсынуы ләзім. Ертедегідей үй тұрғызып, сосын әр есіктің бұрышынан сығалап, әр бөлім басшыларының соңынан қуалау аңызға айналмақ. Әрине, аталған мәселе осылай жүйелі орындалып халық игілігіне адал қызмет болса қуанарлық һәм құптарлық жағдай.

Айта кететін тағы бір жай жерге қалай кезекке тұруға болатыны. «Үмітсіздік шайтанның ісі» демекші әрбіріміздің жерден үмітіміз бар. Келесі қадам кезекке тұрып үлгермеген шаһар тұрғыны тағы сол онлайн қызметке жүгінбек. Бұл жерде компьютер және ЭЦҚ-кілт өте қажет. Соларыңыз дайын болса ары қарай электронды үкімет порталына өту керек, осы қызмет атауын іздеу жүйесіне енгізуге болады немесе «Жылжымайтын мүлік» – «Жер қатынастары» бөлімінде «Жекеменшік тұрғын үй салуға немесе жер телімін алуға жер телімін қарау немесе алу үшін кезекке қою» қызметін таңдауға болады. Осылайша онлайн өтінім жіберіледі де, кезекке нешінші адам болып тұрған немесе тұрмағаныңыз туралы арнаулы хат келеді. Сосын сарыла күту кезеңіне аяқ басасыз. Ары қарай қашан аласың, кезегің қашан келеді беймәлім.

Енді бәрімізді толғандырып, ойландырғаны осы беймәлім тұсы. Онсызда қара жерге зар болған қайран жұрттың ұлы арманы жерге тапталмауы шарт. Жаңа Қазақстанда жаңа арманға аяқ басамыз деген осыншама халықтың үміті «итке темір не керектің» құрбаны болмаса екен.

Үмітбек БАҒДАТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы