1 мамыр – “Қазақстан халықтарының бірлігі күні” мерекесіне орай облыстық ІІО-ның Ардагерлер Кеңесі Түркістан қалалық әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызмет көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Белсенді ұзақ өмір сүру” бөлімшесімен бірлесіп, ардагерлер арасында бильярд, шахмат-дойбы түрлерінен жарыс ұйымдастырды.

Аталған жарысқа Созақ ауданы мен Кентау, Түркістан және облыстық ардагерлер кеңестерінен командалар қатысып, қабілеттерін ортаға салып, бақ сынады. Сондай-ақ, жақсы ойын өрнегін көрсетіп, шеберлік танытқан жеңімпаз ардагерлер Түркістан қалалық әкімдігі және облыстық ІІО Ардагерлер кеңесінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Шара соңында ардагерлер осындай ынтымақ, бірлік күні қарсаңында өздеріне арнап сайыс ұйымдастырған белсенділерге өз ризашылықтарын білдірді. “Қарты бар-құты бар” дегендей, ел іргесін берік сақтап, болашақ үшін аянбай тер төгіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлерді ұлықтап, аға буынға құрмет көрсету өнегелі іс және бұл дәстүр ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек.
