Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел адамның айтуынша, оны ер адам алдап, мемлекет тарапынан қайтарымсыз 585 000 теңге алып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 150 000 теңге ақша алған. Алайда арадан 1 жылдан астам уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Түркістандық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, күдікті ер адам тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Егде жастағы ер адам оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 9 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады. Ал қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда «Алаяқтық» бабымен тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.