Әкім бол, халқыңа жақын бол!
Бүгін Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қаладағы «Ұлы Дала Елі» мұражайында «Парасат» пікірталас клубының I-ші көшпелі отырысы өтті. Басқосуды Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков ашып, күн тәртібінде 3 мәселе қаралатынын, онда қаладағы коммуналдық мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар айтылатынын жеткізді. Сонымен аталған мәселелер бойынша әкімнің орынбасарлары кезек-кезегімен өздерінің жауапты салалары бойынша баяндады.

Алдымен қала әкімінің орынбасары Ж.Тасов баяндама жасады. Жалпы, қала тұрғындарының коммуналдық салалар бойынша 132 сұрақ келіп түссе, оның 62-і орындалған. Ал, қалған 62 мәселе қаржыны талап етсе, 14 сұрақ бойынша жобалық сметалық құжаттары әзіреленіп жатыр. Сонымен қатар, баяндамашы қала аумағында табиғи газдың 90 пайызы біткенін, ауыз сумен қамту, сарқынды су жүйесі, электр қуатымен қамтылу бойынша 6 жоба ұсынылып отырғанын жеткізді.

Бұдан бөлек, қаладағы 6 сектор бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды, оның ішінде көгалдандыру, абаттандыру бағытындағы шараларға тоқталды. Бұдан соң «Түркістан Жарық-Тазалық» КММ мекемесінің басшысы Т.Мұстафа атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды. Аталмыш мекемеде 311 жұмысшы мен 46 техника қаланың тазалығына, абаттандыруына, көгалдандыруына жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Т.Төлегенов өзінің жауапты саласы бойынша қала аумағындағы жолдар мен аяқ жолдар, көшелерді жарықтандыру, аялдамалар орнату, қала ішіндегі қоғамдық көліктердің жаңарғаны туралы кеңінен мәлім берді. Жиын соңында қала тұрғындары тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, қала әкімі барлық ұсыныс-пікірлерді назарға алып, оларға тиісті жауаптарын берді.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
