Сотталғандарға арналған электрондық білезіктерді Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті Түркістан қалалық пробация қызметі бөлімінде қолдана бастады. Түркістан қалалық пробация қызметі жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы баптарда көзделген қылмыс жасаған екі сотталушыға электрондық білезіктерді қолдана бастады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотталғандарға қатысты сот үкімімен белгілі бір орындарға баруға тыйым салу, атап айтқанда, оқу орындарына жақындау, түнгі уақытта үйден шығу, пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты жерінен тыс жерге шығу сияқты шектеулер қойылуы мүмкін. Пробация қызметінің инспекторы сотталғандардың белгіленген талаптарды нақты уақытта да, өткен кезең үшін де сақтауын қадағалай алады. Қызметкер қажетті деректерді компьютердің, планшеттің немесе смартфонның көмегімен жеке кабинет арқылы тексере алады.
Егер сотталған адам белгіленген шектеулерді бұзса немесе білезікті зақымдауға тырысса, бұзушылық туралы белгі дереу түседі. Белгіленген тыйым салуларды бұзу, электрондық бақылау құралдарын қолданудан бас тарту немесе жабдықты бүлдіру анықталған кезде Пробация қызметі бас бостандығынан айыруға жазаның түрін өзгерту туралы мәселені қарау үшін материалдарды сотқа береді. Есепке алынған адамдарды қашықтықтан бақылау құралдары сотталғандардың қайта қылмыс жасау тәуекелдерін барынша азайтуға және пробация қызметінің бақылау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте білезіктер жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар үшін сотталғандарға және жазаны өтеу шарттарын үнемі бұзатындарға қолданылады. Қалған сотталғандар үшін мобильді құрылғыларда арнайы қосымшаны пайдалану көзделеді. Алдағы уақытта Пробация қызметінің есебінде тұрған барлық адамдарға электрондық бақылау құралдарын қолдану практикасын кеңейту жоспарлануда.
