ҰСТАЗ ҰЛЫ ТҰЛҒА!

1  024 көрілім

2021 жылы 11 желтоқсан күні Сауран ауданы Бабайқорған ауылдық округі, Абай елді мекені, Абай ауылдық клубында ардагер ұстаз Бибіфатима Абдуапқызы Ерімбетовамен «Дара жол» атты кездесу кеші болып өтті. Кеште бір орында 40 жыл Абай атындағы орта мектепте, директор болып, ұстаздық еткен әкесі Ерімбетов Абдуаптың өмір жолына арналған «Директор ағай» кітабының тұсауы кесіліп қалың оқырманға жол тартты.

«Байтерек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Тамара ханым бауыры Бибіфатима ұстаздың «Дара жол» кешін жүргізді. Кешке арнайы шақырылған қонақтар: Сауран аудандық әжелер алқасының төрайымы Бексұлу Жолдасбекова және Ерімбетов Абдуап ұстаздың көзін көрген, кітапқа естелік жазған тұлғалар, мектеп ұжымы, жергілікті әкімшілік өкілдері қатысты.

«Дара жол» кешіне орай ұлағатты ардагер ұстаз, кітап авторы Ерімбетова Бибіфатимаға құрбылары мен шәкірттері өлең жолдарын арнады.

ДАРА ЖОЛ

Сәлем бердім Қаратау заңғарынан

Достықпенен мен бүгін аңғарылам.

Айналдым мен бүгінгі заңгерлердің,

Қазақ тілін тірілткен заңдарынан.

Тәуелсіздік тойына мақтанамын,

Бірегей мамандар көп шаттанамын.

Қазақ тілін ғылыми талдағанда

Фатимаға жетпейді басқаларың.

Ерімбеттің ұрпағын ел біледі,

Абдуап директорды көзге іледі.

Абайдағы мұғалім ағайларын,

Танитын болар әлі талайларың.

Іс-шараны жасаған асыл қызы,

Найзағайдай жарқырап жасын қызы.

Кітап жазды ол пайғамбар өсиеті,

Әлемді шарлайтұғын қасиеті.

Фатиманың курстасы тіл маманы,

Кеудемізде қалықтап жыр барады.

Жиналған қазақ елі рахмет,

Ілтипатқа жанымнан бүр жарады.

Ешкімге де ұқсамас «Дара жолы»,

Болашақпен жалғасар сара жолы.

Бұл істі қошеметтеп қол соғайық,

Жұғысты боп ұрпаққа Аға жолы.

Өлген жоқ бұл директор баласы бар,

Фатимадай қызы бар санасы бар.

Ел есінде мәңгілік сақталады,

Кітабын шәкірт оқып ақтарады.

Тұсауын кітабының кесіп тұрмыз,

Рухтанып, биіктеп өсіп тұрмыз.

Ұлы ақынның есімін алған мекен,

Тау баурында жерұйық болған мекен.

О, Фатима тойың тойға ұлассын,

Салған әнің биіктесін қыр ассын.

Тілден, көзден сақта бізді құдайым,

Фарабидің рухы қолда ылайым.

Жанат Сапарбекқызы, Кентау қаласы Ащысай ауылындағы 8-ші мектептің зейнеткер ұстазы.

БИБІФАТИМА АПАЙЫМА!

Кейде менде жүрегіммен кеңесем,

Солай сізді, айға-күнге теңесем.

Әліппені жаттатқызған ұстазым,

Бұл күндері, менің асыл жеңешем!

Жаны нәзік, биязы екен үні де,

Көз алдымда, әлі жап-жас күйінде.

Ең алғашқы Бибіфатима мұғалім,

Сауат ашып, бағыт берген білімге.

Әлі есімде, деп бастайын жырымды,

Балалықпен айта алмаған сырымды.

Ұстаз жайлы бір естелік арнасам,

Ешкім артық демейді ғой мұнымды.

Ұзақ жылдар білім бердің балаға,

Еңбегіңіз еш кеткен жоқ далаға.

Сіз оқытқан шәкірттердің біразы,

Ел танитын айналыпты данаға!

Бұл күндері, жасындасыз зейнеттің,

Қайтарымы шығар, бұл да еңбектің.

Жарық көрген кітабыңмен бір келген,

Туған күнің, құтты болсын Құрметтім!

Нақсұлу Шегебайқызы, ақын, халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі.

БАБАМНЫҢ ЖОЛЫ

Айқындап дала жатыр өткенімді,

Іздедім сан тарихтан өткен күнді.

Жаңарып жатыр бүгін жаңа қоғам,

Салғандай қайта әкеліп өткелімді.

Шежіре шертіледі сырың анық,

Барады ғасырыңда ғұмыр қалып.

Бабамның салған жолы маған дара,

Сендегі бар өмірді ұмытпадық!

Парақтап аштым бүгін мол парасын,

Береді жақсылыққа ел бағасын.

Үйреткен оқу білім зерделіге,

Ел ұстазы Абдуап баба сен ғанасың.

Ауыл елдің баласы талаптанып,

Қадам басты білімге қанаттанып.

Аша білді зердесін ой санасын,

Жеті жылдық мектепте тұрақталып.

Дәріс беріп дін жайлы жүрегіңе,

Орындалды бір тәңірдің тілегіде.

Мұсылмандық жол менен ізет еткен,

Ерімбет бабам иман болды осы елде!

Табылатын тарихтан ғұрыптары,

Баба сенің ғұмырың ұлықталды.

Ұмыта алмас мәңгілік өнегең бар,

Шығармайтын есінен ұрпақтары.

Ел тапты ырыс бақыт берекесін,

Кемел етіп кемел ұрпақ келешегін.

Өткенін айта білді ұрпағына,

Әбілхайыр атамыз өсиетін.

Жарқын өмір арайлап жаңа таңы,

Кең әлемге шуағын таратады.

Ұрпағына баба жолы ұлықталсын,

Рухани жаңғырудың жаңашасы!

Ерсұлтан Мұстафаев.

ОҚЫДЫҚ, ПІКІР АЙТАМЫЗ

Фатима дос, кітап жазды қуаныш,

Бұл да менің көңіліме жұбаныш.

Әр филолог кітап жазсын қазақша,

Бұл сендерге менен түскен сұраныс.

Қаратаудың саяжайлы бауырында,

«Абай» деген бір жағымды ауылында.

Аты аңыз боп аумағында жайылған,

Ерімбетов директоры жайында.

Қазақ тілі маманы екен ағамыз,

40 жылдай басшы бопты қараңыз.

Жұмыс іздеп келгендерге қамқор боп,

Өткен жанға қанша еді бағаңыз.

Мақта баптап мен Абайда болғанмын,

Есебі жоқ онда тапқан олжамның.

Демалыста тауды көріп тамаша,

Ақиқаты мына сонау болжамның.

Тау адамы тұғыры жоқ тау екен,

Өсіп өнген рухы биік бау екен.

Сағынышпен еске түсер бала күн,

Көрдім тағы елі аман сау екен.

Директордың ұрпақтары мол шығып,

Тұсау кесер той жасапты молшылық.

Бір кісідей ұйымдасып клубта,

Дауыстары жатыр екен зор шығып.

Атам жайлы менде кітап жазғанмын,

Батыр еді-ау деп терең ой қазғанмын.

Әзілхан мен Бауыржанның достығын,

Өзімізге ұқсатып бір қозғалдым.

Жақсы адамдар жазылмаған дастандар,

Майдангерлер қайғыланған жас жандар.

Фатима дос өзіме ұқсап жазыпты,

Кітапты оқып, жақсылықты бастаңдар.

Жанат Сапарбекқызы, М.Әуезов атындағы педагогикалық институттың 1985 жылғы түлегі, бірге оқыған құрбысы.

ҰСТАЗҒА СЫР

Алаңсыз ғұмыр кешкен жырменен кім,

Ширатты жігітті сын сыналайын.

Бұл ғасырға болмаса бір керегім,

Бір ғасырда менің де туады айым.

Үмітіңді арқалап елдің мұңын,

Тағдыр мені шыңдауда шар болаттай.

Қырандай сүйген ашық еркіндігін,

Кең дүние мына ұлыңа тар қамақтай.

Сен берген кеңдік пенен тереңдіктің,

Көлемін ешкім өлшеп бере алмаған.

Мен ақынның тағдырын сенен ұқтым,

Дәл өзіңдей ешкім жас төге алмаған.

Ұзтазым жан асылым ардақ- әнім,

Қанатыма жел бердің талмады әлі.

Сенің арқаң биікке самғағаным,

Бар жеңісім тек саған арналады.

Әлі сенің есімің шығады анық,

Қадіріндей кеш келер кей тұғырдың.

Ертең кезең келеді мына халық,

Ұлы ақынның ұзтазы дейді бір күн.

Нұрбол Нұрланқазыұлы, ақын. Қарағанды облысында хирург.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы