Қазақстан Халық партиясы Түркістан облыстық филиалы өңірдің дамуына жан-жақты үлес қосып келеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесімен тығыз байланыстамыз.
Қазақстан Халық партиясының атынан облыстық қоғамдық кеңес құрамына қабылданған азамат ретінде өңірдің саяси-әлеуметтік, рухани өміріне араласып, партияның ұстанымы мен көзқарасын білдіріп келемін. Партияның Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында тұрақты түрде азаматтардың жеке мәселелері қаралады. Атап көрсетерлігі, мәселелер оң шешімін тауып жатады.
Біз Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын халыққа түсіндіру жұмысын үздіксіз жүргізіп жатырмыз. Осы ретте партия Жолдаудағы барлық бастамаларды толық қолдайтынын мәлімдегенді жөн санаймын.
Президенттің Жолдауында әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту қажеттігі айтылды. Бұл бастаманы ел азаматтары оң қабылдады. Біздіңше саяси жаңғыру мен жаңа облыстардың құрылуы Жолдаудың басым бағыттарының бірі әрі бірегейі.
Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құру және Семей, Жезқазған, Қапшағай қалаларына облыс орталығы мәртебесін беру аталған өңірлердің экономикалық және рухани-мәдени жаңғыруына әкелетіні даусыз. Өздеріңіз білетіндей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қапшағайға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру туралы бастамасын да қоғам оң бағалады.
Жолдаудағы концептуалды өзгерістер – Жаңа Қазақстан құрудың алғы шарты болып табылады. Қазақстан Халық партиясы Жолдауды насихаттауға және жүзеге асыруға мүмкін болғанның барлығын жасайды. Себебі, біз Жаңа Қазақстанды Президентпен бірге құруды мақсат тұтамыз.
Ерахан АХМЕТ, ҚХП Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.
