МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТ КӨЛЕМІ АРТУДА

489 көрілім

Қаламызда қазіргі таңда қалалық емханадан бөлек, қосымша 6 жекеменшік емхана халыққа қызмет көрсетеді. Бұл дегеніміз емханалар арасында бәсекелестікті арттырып, сапаның жақсаруына әкеледі. Барлық емханалар өз қызметінің материалдық – техникалық базасын жақсартуға барынша тырысады. Осы орайда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үлесі өте көп болуда. Атап айтқанда осыған дейін көптеген медициналық қызметтердің ақысын қарапайым халық өз қалтасынан төлеп келген болатын. 2020 жылдан МӘМС жүйесінің енгізілуінен бастап бұл шығындардың барлығын қор өз мойнына алған, яғни ендігі кезекте медициналық көмектің қолжетімділігі арта түседі деген сөз. Осы тұрғыда қазіргі уақытта өзекті болып отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің атқарылуы бойынша Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаевпен арнайы барып сұқбаттасқан едік.

Райымбек Берікұлы, қазіргі медициналық қызмет жүйесінің бұрынғыға қарағанда қандай артықшылығы бар? Қандай өзгерістер орын алуда?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы – жарнаны әркім мүмкіндігіне қарай төлеп, қажетіне қарай медициналық қызмет көрсетіледі. Яғни, МӘМС аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымнан қажеттілікке қарай, сырқатты қанша уақыт емдеу керек болса, дәрігердің тағайындауымен сонша медициналық көмек алуға құқылы. МӘМС пакетіне кіретін қызметтер толық көрсетіледі және қосымша ақы төлеуді қажет етпейді. Қор филиалымен Түркістан қалалық емханасы келісім-шартпен жұмыс жасағалы бері көрсетілетін қызмет көлемі, әрі ақысы артты. Мәселен, 2020 жылы 120 мыңнан астам, 2021 жылы – 300 мыңға жуық медициналық қызметтер көрсетілді. Ағымдағы жылы көрсетіліп жатқан қызметтің көлемі алдыңғы жылдарға қарағанда біршама артатын болады.

2020 жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Әлемдік пандемиямен тұспа-тұс келген бұл кезең сақтандыруды енгізуде қандай қиындықтар тудыруда?

– Реформаның алғашқы жылы күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Жаңа реформа болғандықтан қор жылдың бастапқы 3 айын жеңілдік мерзімі деп жариялады. Соның арқасында Түркістан қалалық емханасында тіркеуде тұрған МӘМС пакетіндегі қызметтерді сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан пайдаланды. Карантин енгізілгеннен кейін жеңілдік мерзімі тағы 3 айға ұзартылды. Яғни, жарты жыл бойы жұртшылыққа жаңа жүйенің артықшылықтарын сезінуге мүмкіндік берілді. Осы ретте, Түркістан қалалық емханасы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде (ТМККК) 1224, ал МӘМС пакетінде 1483 науқас ем алды. ТМККК көлемінде 763836, МӘМС пакетінде – 79 504586 ақша төленді.

Жалпы, осы уақыт ішінде медициналық көмектің қолжетімділігі қаншалықты артты?

– Амбулатория-емхана деңгейіндегі көмек пен стационарлық көмектің тек көлемі ғана емес, сапасы да едәуір артты. Алғашқы жылдың қорытындысымен Түркістан қаласы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек 2 есеге артып, тұрғындарға – 1134860 қызмет көрсетілді. Оның ішінде, салалық мамандардың консультациясы – 62125, оған 162 млн теңге төленді. Өткен жылы Түркістан қалалық емхана жоғары технологиялы КТ-1799 адам, МРТ-5266 адам МӘМС есебінен медициналық тексерілуден өткізілген. Сақтандырудың арқасында реабилитация қызметін күшейтуге мүмкіндік туып отыр. Амбулатория деңгейінде көрсетілетін реабилитация бойынша 252 қызмет көрсетілді. Бұған да сақтандырудың арқасында қол жетіп отыр. Сондай-ақ, сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан кейін экстракорпоральды ұрықтандыру протоколдарының саны артты. Былтыр Түркістан қалалық емханасы бойынша 12 үміткер арнайы «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасы шеңберінде ЭКО жасатып, ата-ана бақытын сезінуге мүмкіндік алды.

Медициналық сақтандыру емдеу жүйесін жақсартты ма?

– Иә әрине, Қазақстан үкіметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК және МӘМС) шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті минималды стандарттардан тұрады. Мәселен, шұғыл көмекке зәру азаматтарға медициналық көмек көрсету, эпидемияның жаппай таралуына жол бермеу, мемлекеттің араласуын қажет ететін қиын жағдайға душар болған науқастарға көмек көрсету т.б. Сақтандыру пакеті пациенттердің өмір сапасын жақсартып, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталатын өзге де көмек түрлерін қамтиды. Сонымен қатар, Түркістан қалалық емханасында оңалту шарасы, ота жасау, талдамалар тапсыру ауыл тұрғындары үшін де қолжетімді.

МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандарға қандай көмектер көрсетіледі?

– Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын 15 жеңілдік жасалған санатқа бөліп, оның ішінде жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендерді анықтады. Олар ақша төлемейді, бірақ «сақтандырылған» деген мәртебесі бар. Егер азамат жеңілдік жасалған санаттардың біріне жататын болса, бірақ жүйеде «сақтандырылмаған» деп шығып тұрса, азаматтарға арналған үкіметке жүгіну қажет. Негізінде мәртебе автоматты түрде беріледі. Егер азамат жеңілдік жасалған санатқа кірмесе, жеке кәсіпкер ретінде де тіркелмесе. Мұндай жағдайда дербес төлеуші ретінде кез келген екінші деңгейлі банк, касса 24, Qiwi, халық банк терминалдары, кaspi мобильдік қосымшасы арқылы 1 ЕТЖ-ның 5%-ын немесе 2125 теңге мөлшерінде жарна аудара алады.

– Мәселен, адам демалыс немесе іс-сапар кезінде ауырып қалды делік. Оған елдің барлық аумағында немесе тұрғылықты жерінде қажетті медициналық көмек көрсетіле ме?

– Шұғыл көмек тіркелген емханасына қарамастан жүргізіледі. Сақтандырылған азамат Қазақстанның қай қаласында болса да медициналық көмек ала алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтер, сақтандырылған азаматтың орналасқан жерінен тәуелсіз, Қазақстан Республи-касының барлық аумағында көрсетіледі. Жалпы, емхананың тіркелімінде – 92140 тұрғын бар. Оның ішінде, сақтандырыл-маған саны – 18745 адамды құрады. Осы ретте, жергілікті әкімдікпен бірлесіп, тиісті жұмыстар жасалып жатыр.

Шұғыл жағдайларда медициналық көмек бекітусіз және жолдамасыз көрсетіледі. Ал, науқас дерті асқынуына байланысты жоспарлы ем алу үшін дәрігер жолдамасын алады. 2020 жылдан бастап МӘМС пакеті шеңберінде медициналық қызметтер Қазақстанның барлық аумағында жоспарлы түрде көрсетіледі. Науқас жүгінген медициналық ұйымдар міндетті түрде әлеуметтік медициналық қормен келісім-шартпен жұмыс атқаруы қажет. Олай болмаса науқас қажетті медициналық көмекті толығымен алмауы мүмкін.

– Азамат сақтандыру бойынша елден тыс жерде тегін емделе ала ма?

– Қазақстан Республикасы азаматтарын шетелге емделуге жіберу бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Медициналық көмек сапасын бақылау департаментінің шетелде емдеуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияның шешімімен ел аумағынан бөлек, шет елде де науқасты емдеуге жолдауға мүмкіндік қарастырылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы