Жетісай ауданы, Қызылқұм ауылдық округінің тұрғыны Октябрь Ағмановтың өз қолымен жасаған бұйымдары республика көлемінде өнер көрсетіп жүрген күйшілердің де ыстық ықыласына ерекше бөленген секілді. Домбыра жасаушы шебері 800-ден астам домбыраны жасауға 20 жыл уақыты кеткендігін жеткізді. Ағаштардан түрлі дүниелер жасап шығаратын шебер әрі құрылыс саласына да өз үлесін қосып жүрген көрінеді. Басты кәсібі домбыра жасауды 20 жыл бұрын Арыс қаласында, Ж.Байғұттиева атындағы саз мектебінде бастап, өзін шыңдаған.

Домбыраның бағасы өлшеміне, тапсырыс беріп жатқан азаматтардың жеке талаптарына сәйкес және материалы мен шебердің еңбегіне қарай белгілі болмақ. Шебер домбыраны жаңғақ, қара тал секілді ағаштардан жасалған дұрыс деп есептейді. Бар еңбекті салып жасаған домбыра арасында сыйлық ретінде беріліп жатады керек. Бүгінде шебер өз күшімен үйін шеберханаға айналдырып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Мемлекет тарапынан қолдау болған жағдайда алдағы уақытта кәсібін кеңейту жоспарда бар.
Шапағат ҒАЙБУЛЛА.
