ТҮРКІСТАНДА «ЖАС ТОЛҚЫН-2022» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

1  071 көрілім

Бүгін Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінде Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жас толқын-2022» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері арасында аймақтық байқау болып өтті. Мәдени жарысқа Отырар, Бәйдібек, Кентау, Созақ аудандарының ең үздік деген өнерпаздары қатысты.

Байқау «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы, «Түркістан-Түркі елдерінің мәдени астанасы» атануына, композитор Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Шараға арнайы келген Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бекарыс Ақсақалұлы, Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Әбдіжаппар Сәкенұлы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауға 14 пен 21 жас аралығындағы 29 үміткер өтініш білдіріп, оның 20 үміткері іріктеуден өтіп, бақ сынады. Өз өнерлерін көрсеткен қатысушыларға әділ баға берген, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ақжайық» музыка мектебінің директоры, қазылар алқасының төрағасы Сырым Бәденұлы, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ нің аға оқытушысы, өнер магистрі, Халықаралық көркем өнерпаздар одағының мүшесі Асылзат Өтжанқызы, «Ақжайық» музыка мектебінің Вокал және Хор пәні мұғалімі Исамиддин Ғафурович қазылық етті. Сайыста әншілер жанды дауыста патриоттық және Түркістан туралы ән орындады. Ал жүргізушілер көркем шығарма оқып, кез келген тақырыпта мәдени іс шараны дайындап жүргізіп, өз біліктіліктерін көрсетті.

«Жас толқын-2022» эстрадалық әншілер мен мәдени іс-шаралар жүргізушілері байқауы өз мәресіне жетіп, бас жүлдені Оқушылар сарайының атынан келген Жасмин Сүлейменова жеңіп алды. Ержан Жолдасов 1 орын, Рахымжанов Ренат және Ұлжалғас Қалыбай 2 орын, “Шалқыма” триосы 3 орынды иеленіп, марапатталды.

Шапағат ҒАЙБУЛЛА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы