4 ОЙЫНДА 2 ҰПАЙ

435 көрілім

Өткен жылы Түркістан облысы атынан алғаш рет OLIMPBET – Қазақстан чемпионатына қатысқан «Тұран» командасы алдына қойған межені орындап, Қазақстан Премьер-лигасында өз орнын сақтап қалды. Биылғы маусым басталар алдында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Тұран» ФК жаттықтырушылары және ойыншыларымен кездесіп, жоғары нәтиже көрсетуге сенім білдірді.

Сонымен, «Тұран» биылғы маусымды жаңа бапкер Владимир Газзаев және жаңартылған құраммен бастап кетті. Қазақстан чемпионатының І турында «Тұран» өз алаңында «Тараз» командасын қабылдады. Қос команда алма-кезек шабуылдар жасағанымен есеп ашылмады. Осылайша Владимир Газзаевтың «Тұран» тізгініндегі алғашқы ойыны тең аяқталды. ІІ турда «Ақжайық» – «Тұран» ойыны ауа райының қолайсыздығына және ойыншылардың жарақат алу қаупіне байланысты ойын басқа мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Қазақстан чемпионатының ІІІ туры аясында «Тұран» өз алаңында «Каспийге» есе жіберді. Командалар шабуылда ширақ ойнағанымен бірінші тайм аяқталар тұста бас төреші «Тұран» қақпасына пенальти белгіледі. Қонақтар сапынан Мақсат Тайкенов 11 метрлік доптан мүлт кетпеді. Екінші таймда алаң қожайындары жиі шабуылдағанымен бұрыштама доптың бірінде «Тұран» қорғаушысы Қасым Таипов биылғы маусымда алғаш гол соққан. Алайда, төреші VAR-қайталау жүйесін көргеннен соң голды санаған жоқ. Осылайша ақтаулық команда Түркістаннан 3 ұпай еншілеп қайтты.

Премьер-лиганың ІV турында Қостанайға қонаққа барған «Тұран» алаң иелерінің қарымына тойтарыс бере алмады. Команда сапына тәжірибелі ойыншылар қосылғанына қарамастан Владимир Газзаевтің шәкірттері бұл жолы да тәп-тәуір ойын көрсете алмады. Алаң иелері кездесудің 19-минутында Зоран Тошичтің пенальтиден соққан голынан кейін есеп ашты. Екінші таймның басында Асхат Тағыберген (49-шы) супер гол соғып, командасының есептегі басымдығын нығайтты. Алты минуттан кейін «Тобылдың» капитаны айып добынан гол соғып, дубль жасады (3:0). «Тобыл» сенімді жеңіске қол жеткізді.

– Біздің клуб өте жас, былтыр біз Премьер-лигадағы орнымызды сақтап қалдық. Биылғы жылы біз даму векторын жасап, жаңа команда құрып жатырмыз. «Тұран» футбол клубын алда жақсы нәтижелер күтіп тұр. Мен бұған күмәнданбаймын. Клубтың болашағы зор. «Тұран» біртіндеп дамитын болады, – деді В.Газзаев ойыннан кейін.

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының төртінші турынан кейін «Тұран» ФК бас бапкері Владимир Газзаев отбасылық жағдайға байланысты клубпен келісім-шартты қос тараптың келісімімен бұзды. Осыдан кейін түркістандық команданы басқару бас бапкердің міндетін уақытша физикалық даярлық бойынша жаттықтырушы Қуаныш Қабдоловқа жүктелді. OLIMPBET-Қазақстан чемпионатының бесінші туры аясында «Тұран» командасы «Түркістан-Арена» стадионында петропавлдық «Қызыл-Жармен» ойнады. Тартысқа толы ойында есеп тағы ашылмады. Матч 0:0 есебімен аяқталды. Осылайша «Тұран» командасы 4 ойында 2 ұпай жинады. Қарсыластар қақпасына бір гол соға алмай, өз қақпасынан 4 гол өткізіп, жарыс кестесінде 13-ші орында тұр.

Ертең, яғни 16 сәуір күні сағат 19:00-де «Тұран» өз алаңында «Ордабасы» командасын қабылдайды. Барша футбол жанкүйерлерін сүйікті командамызды қолдауға шақырамыз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы