«ТУАЛЕТКЕ» ҮҢІЛГЕН ТУРИСТ, ТҮРКІСТАННАН ТҮҢІЛЕДІ

634 көрілім

Түркістан облысында дәретханалары сыртта орналасқан 23 мектепке Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті айыппұл салды. Өткен жылы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары тарапынан жүргізілген тексерулер барысында Түркістан облысындағы 23 мектептің ғимараты ішінен дәретханалардың жоқтығы анықталды. Сарыағашта – 13, Мақтааралда – 4, Отырарда – 2 және Түркістан қаласы, Төлеби, Бәйдібек, Жетісай аудандарындағы мектептерде ішкі дәретханалар мәселесі шешілмеген.

Кемшілікке жол берген 29 лауазым-ды тұлғаға 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Елімізде соңғы жылдары сыртқы дәретханаларға қатысты тіркелген келеңсіз жағдайларға байланысты мектеп дәретханаларының сыртта орналасуы балалардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін екендігі белгілі болды.

Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітілген санитариялық қағидаларында – балалардың денсаулығы мен санитариялық гигиена талаптарының қатаң сақталуы, өскелең ұрпақтың психологиялық тұрғыдан дұрыс қалыптасуына жан-жақты мән берілген. Жүргізілген тексерулер кезінде мектептерде сыртқы дәретханалардың қолданылуымен қатар, ішкі санитариялық тораптардың санитариялық талаптарға сәйкестігіне және уақытылы тазаланып, дезинфекциялануына назар аударылады. Әсіресе, қарапайым жеке бас гигиенасын сақтау ережелерін ұстану үшін мектеп дәретханаларына төмендегідей талаптар қойылады:

– Оқушыларға арналған дәретханалардың (қыздарға, ұлдарға бөлек), қолжуғыштардың болуы;

– Техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім және ЖОО білім алушыларына арналған студенттік жатақханаларда 4-6 адамға 1 себезгі, 1 қол жуатын раковина және 1 унитаздың орнатылуы;

– Персоналдардың дәретханалары және қолжуғыштарының болуы (жеке);

-Тамақ ішетін залдар жанындағы қолжуғыштардың болуы;

– Нысандарда кәріз жүйесінің жүргізілуі;

– Объектілердің санитариялық тораптарында унитаздардың қойылуы;

– Қол жуатын раковиналар, қолды жууға және кептіруге арналған құралдар, қоқыс жинауға арналған қоқыссалғыштардың болуы;

– Ас блогын және дәретханаларды күн сайын дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып жинау;

– Дәретханаларда еден, есік тұтқалары, кранның құлақтары, раковиналар және унитаздарды күн сайын дезинфекциялау; т.б.

Облыста жыл сайын пайдалануға бе-рілетін мектептер саны да артып келеді. Жаңадан ашылып жатқан жекеменшік және мемлекеттік білім беру нысандардың ішкі дәретханалармен қамтамасыз етілуі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жіті қадағалауында.

Ал, мектептердегі жағдай реттеліп келеді. Алыс жақын шетелдерден ту-ристер ағылып жатқан түркі дүниесінің орталығы мәртебесін алған Түркістан қаласындағы дәретханалар жайы қалай екендігіне тоқталып көрелік. Әрқайсы-сы, жеті миллион теңгеге түскен «Жеңіс» саябағындағы қос бірдей биодәретханаға отырмақ түгілі, қасынан өту мүмкін емес. Қолаңсы иісі қолқаны қапқанда, денсаулығында кінәрәт бар саяхатшылар талып, жығылып басын жарып, жатуы әбден мүмкін.

Орталық базардың ішіндегі сыртының сылағы кетіп, іші жөндеу көрмеген 30 теңгелік дәретханалар нағыз туристердің үрейін ұшыратын халде. Тесігі үңірейіп, желі гулеп тұрған дәретханаға кірген өркениетті елден келген туристер жүрегі айнып, қолаңсы иістен құсып, қашып шығады.

«Түркістаны құрсын!» деп одан кейін жоламай кетеді. Алдымыз жаз. Ертең шыбын-шіркей шығады. Соған дейін, бұл мәселені құзырлы органдар май шаммен қарамаса болмайды.

Иса БЕРКІМБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы